Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жақсы! — дедім шынымен сүйсініп…
− Қонышы тарлау сияқты ма, қалай? — деген әкесі.
Жоқ, Қанат айтты бітті, ал екеуіңнің айтқандарыңа сенбеймін,- деді Шынар әке-шешесіне шолжаңдай еркелеп,- Енді осы етікке лайық көйлек керек. Әке, естіп отырсың ба?! Давай, анау бір қойыңды сат та, ауданға базарға барып қайт!
− Мақұл, мақұл,- деді әкесі күліп.
Шынар шал-кемпірдің жалғыз қызы еді де, мінезі шолжаң, аса ерке болатын. Бүкіл ауылда мына жаман шал әкесінің арқасында колхоздың ауыр жұмысына бармайтын, не кием, не ішіп-жеймін демейтін, таршылық көрмеген бір адам болса, ол — осы Шынар. Қазір де еркелігіне басып, етігін сықырлата тұрып:
− Аяғымда былғары етік сықыр-сықыр етеді.
Құлағымда алтын сырға сыңғыр-сыңғыр етеді, — деп әндете билеп қойды. Қыздарының қуанышына әке-шешесі мәз-мейрам. Терезе алдындағы Көбеген де қолындағы ісін қоя тұрып, Шынарға күле қарап қапты.
Мен әуелі Көбегенге, онан соң шал-кемпірге үй-іштерімен тегіс қонаққа шақыра келгенімді айтқам. Тіпті қуанып қалды.
− Нәзира келді ме? — деп сұраған Шынар.
− Келді, қазір үйде.
− О-о, тамаша! Нәзираға айта бар мені де келеді деп. Және жаңа етігімді киіп келем, байғазысын әзірлей берсін. Аға, естіп отырсыз ба? — деді онан соң Көбегенге еркелей қарап.- Анау екінші сыңарын кешке дейін бітіретін болыңыз, білдіңіз бе?! Бұл сізге әскери тапсырма!
− Құп болады, Шынаржан! — деді де оның еркелігін ағаша қабылдап мәз болып. Дереу етіктің екінші сыңарын қалыпқа кигізе бастады.
Кешкісін Шынар біздің үйге жаңа етігін киіп келген. Қызысың деген емес пе, Нәзира әпкем қатты қызықты, Шынарды ауыз үйге шығарып ап, қояр да қоймай тұрып етігін шешкізіп, өз аяғына киіп көрді.
− Аздап қысады екен,- деді бұл да аяғын оңды-солды ойрандата басып (қыздардың бәрінің өститін әдеті болу керек),- бір-екі күн кисем кеңейіп кетер еді.
− Мына Көбеген шебер етікші екен. Сен де өзіңе бір етік тіккізіп алсаңшы, мен айтайын.
− Былғары жоқ қой. Айтпақшы, апамның ескі етігінің қонышына жаңа бас тауып тіккізуге болатын шығар?
− Болады. Мен әкеме айтайын, жаңа бас тауып береді. Өзің МТС-қа қашан қайтасың?
− Таңертең ерте тұрып кетуім керек.
− Онда әлгі қонышты қазір тауып қой, кетерде Көбегенге аяғыңды өлшетіп ала кетейік.
Біз түп үйге кірген кезде, үлкендер өткен-кеткенді қозғап қызу әңгіменің үстінде екен. Әңгімені қозғаушы Нүсіп шал да, әжем соны кеу-кеулеп қойып отыр, арагідік Нүсіп шалдың кемпірі де араласып сөз қыстырып қояды. Сәл тыңдаған соң ұққаным — әңгіме Көбегеннің улы бабасы туралы екен.
− Жарықтық, сөзге шешен, сері адам болыпты, бір үлкен жиында жесір дауы сөз болғанда: «Әйел — ана емес пе? Ананың басын саудаға салғанның жүзі қара емес пе?! Біз бүгін бір жесірдің мойнына дұзақ салсақ, ал күні ертең одан туған ұрпақ рулы ел болғанда, соларға не бетімізді айтамыз деп, көпшілікті өз жағына қаратып, жесірді зорлықшылардан азат еткен екен,- деді Нүсіп шал әңгімесін аяқтап.
− Айтқаны келді ғой, сол Сәбира апамнан тараған ұрпақтың бірі мына Нұғыман емес пе,-деп әжем іліп әкеткен.
− Иә да,- деп қойды Нүсіп шалдың кемпірі де.
Мұндай ұлы бабасын мадақтаған әңгіме Көбегенге айрықша ұнайтын болса керек, өңі нұрланып, бір сөзді мүлт жібермей еліте тыңдайды.
− Менің етігім Нәзираның аяғына құйып қойғандай жақсы жарасады екен,- деді еркелей кірген Шынар үлкендердің әңгімесін ортасынан қақ бөліп.- Көбен аға, бұл сізге жасаған құлаққағысымыз.
− Тігуге болады ғой,- деген Көбеген созыла сөйлеп.
− Бітті онда, келістік,- деді Шынар сол ерке үнмен.- Нәзира, естідің ғой. Әлгі қонышыңды әзірлеп қой, кетерде мен ала кетем.