Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мұнан әрі Бектай қолыңа жағатын сақаны қалай жасау керек екенін, оны бізбен қалай үңгіп тесіп, қорғасынды қалай құю керек, табанын қай мөлшерде, қалай қайрау керек екенін тәптіштеп әңгімелеп кетті. Бір ауық мен де асық ойнауда қара жаяу емес екенімді, сақаны мен де бір адамдай тәуір жасайтынымды айтып өзара қызу әңгімеге кірісіп кеткенбіз. Кенет желіп келе жатқан атымыз оқыс ішін тартып осқырынып кілт тоқтай қалды. Алдымыздан анадай жерде жолдың дәл ортасымен бізге қарсы Көбеген келе жатыр екен. Атымыз содан үркіп тоқтапты. Аттың өзінен үркектеп тұрғанын көріп Көбеген бір шетке қарай шығып бізге жол берді. Қасынан өте бере, біз шананы тоқтатып қосарлана сәлем бердік. Көбеген ернін ғана қыбырлатты. Өзі әбден қара терге түсіп, өңі түтіге қарайып кетіпті. Бізге шаршаған жабырқау кейіпте самарқау ғана бір қарады да жол ортасына түсіп жүріп кетті, жүріп кеткен жоқ, балдағына сүйеніп жалғыз аяғымен шоқырақтай жөнелді.
− Аға, шанаға отырыңыз. Қазір біз МТС-қа барамыз да шаруамызды бітіре сап кейін қайтамыз,- деген Бектай. Көбеген қайрылған жоқ, естімеген адамша жүре берді. Балдағы қарға қатты батып, әр аттаған адымы ауыр тиіп бара жатқанын біз сезіп те, көріп те тұрмыз.
Бектай шыдай алмай шамадан қарғып түсіп соңынан жүгіре ұмтылды.
− Аға, тоқтаңызшы! — деп ышқына дауыстап қуып жеткен. Көбеген сәл кідіріп бұған бұрыла қарады да, бірдеңе деп ақырып жіберді. Бектай оған тағы да бірдеңе деп жақындай берген, Көбеген бір балдағын көтеріп ап салып жіберуге шақ қалды. Бектай кейін қарай секіріп түсті. Көбеген тағы бірдеңе деп кіжінді де, жол ортасына түсіп, бұрылып қайтадан жүріп кетті…
Жүні жығылып абдыраған Бектай қайтып кеп шанаға отырған:
− Жынды ма-ей, өзі, біз оған жанымыз ашып жүрсе, боқтайды,- деді ыза болып.
Шағыр көз жиренді бишікпен шықпырта салып жіберген, ол жануар ыршып түсіп шаба жөнелді. Кейін жаққа қарай береміз, шоқақ-шоқақ еткен Көбеген біртіндеп алыстап, сәлден соң мүлде ұзап кеттік, мидай жазық қарлы далада қара ноқатқа айналды, кішірек бір белеңді асқанымызда, көзден де таса болды.
− Әй, осы соғыстан қайтқандар қиын,- деді Бектай әлі де ұмыта алмай,- Шетінен контужный.
Биік дөңнің үстіне шыға келгенімізде, дәл иегіміздің астында, ойда, үлкен ауыл MTС жатты. Мұндай үлкен ауылды бірінші көруім, о шеті мен бұ шеті ат шаптырымдай шығар, үйлері сонша көп болар ма, жыпырлата салынған, төбесінен қарағанда құмырсқаның илеуі сияқты. Және көшелері де көп екен. Көше бойлары селдіреген ағаштар.
− Ойпыр-ой, үйлерінің кебін-ай! — деппін ішегімді тартып таңырқап.- Мына құжынаған көп үйдің арасынан әркім өз үйін адаспай қалай табады екен?
МТС-қа бұрын да талай кеп жүрген Бектай күле қарады.
− Әй, надандық-ай,- деді кекетіп.- Қалай тапқаны несі? Мұнда әр көшенің аты, үйлерінің саны бар. Сол бойынша еш адаспай оп-оңай табады. Мысалы, мынау сол жақ қапталдағы сырты қоршаулы жатқан МТС-тың ауласы,- деп көп комбайндар мен тракторлар қатар-қатар тізіліп тұрған тұсты нұсқады.- Оның бергі жағындағы екі қабат үйлер МТС-тың кеңсесі және бастықтары тұратын үйлер. Ал мына оң жақтағы созылып жатқан көп терезелі ұзын үй — жатақхана. Сенің Нәзира әпкең сонда тұрады.
− Ал анау көп үйлерде кімдер тұрады?
− Осы МТС-тың жұмысшылары.
Көшеге де кірдік. Міне, үй деп осыларды айт, зәулім биік, шатырлары тура кітаптағы суреттердей, төбелеріне қарасаң, басыңнан қалпағың түседі. Есіктерінің алдында тақтайдан жасалған: баспалдақтар, ақ боран ай бойы соқса, қар баса қоймас. Шіркін осындай үйлерде де адам тұрады-ау! Ал анау, екі қабатты үйде тұратындар тіпті ерекше адамдар шығар!
Шана әлгінде төбеден Бектай жатақхана деп көрсеткен ұзыннан-ұзақ салынған көп терезелі үлкен үйдің алдына кеп тоқтаған. Бектай мені түсірді де, екі сағаттан кейін алып кететінін айтып шаруасына жөнелді.