Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жә… Ойбайлағаны несі, жаманшылық шақырып,-деп Нәзира әпкем қатулана дауыс көтерген.
− Ойбайламағанда маған қуан деп отырсың ба?! Ой-ба-ай-й!..
− Қуан деп отырғам жоқ, бірақ ойбайлама деймін. Мен тірімін ғой.
− А! — деген сасып қалған әжем не дерін білмей.
− Мен тірімін ғой, жаманшылық шақырып ойбайлама деймін.
Тосылыңқыраған әжем сәл бәсеңдеп:
− Өзің соғысты айтып отырсың ғой, қарағым-ау,- деген енді жыламсыраған үнмен.
− Мен соғыс деп отырған жоқпын, соғыстан босаған, біздің әскерлер азат еткен қалаларды қалпына келтіруге барамыз деп отырмын.
− Ойбу-у, енді қайтейін-ай, ол да бәрібір соғыс қой. Әй, қу құдай, шұнақ құдай…- деп, әжем әлгіндегідей емес бәсең үнмен зарлай бастады.- Әкесі мең шешесінен өлідей айрылып, енді бұдан тірідей айырайын дедің бе?! Бұл сұмдықты көрсеткенше мені неге алмайсың. Мен өліп, бұлар менің соңымда жылап неге қалмайды. Қу құдай, көзі жоқ соқыр құдай, тас керең құдай…
Осылайша әжем басқаны емес, дүниені тегіс уысында ұстап тұрған құдайдың өзін көктен алып, жерге салып қарғап-сілей бастады. Әншейінде екі сөзінің бірінде «аллалап» сиынып отыратын діншіл әжем ашынған кезінде құдайыңның да бас-көзіне қарамайды екен. Қу да, шұнақ та, тас керең де, көр соқыр да — әйтеу, адамды қорлайтын кем-кетіктің бәрін соның басына үйіп-төкті-ай келіп. Әжемнің мына қарғап-сілегеніне қарап құдайды Байдалы шалдың ар жақ, бер жағындағы біреу ме деуге болатын. Өйткені дәл қазіргі сәтте құдай бар болатын болса, әжемнің мына сөздерінен кейін: «Әй, осы кемпірден аулақ Жүрейінші» деп, біздің үйдің төңірегінен безіп кеткен шығар. Қашанғы қарғанып-сілене берсін, біраздан кейін құдайдың жер-жебіріне жеткендей болған әжем басылайын деді. Ойбайын токта тып, көз жасын тыйды да:
− У-уһ… О, жаратқан, кеше гөр,- деді ауыр күрсініп. Онан соң үнсіз отырған Нәзира әпкеме қарап: — Қашан жүресіңдер? — деп сұрады.
− Ертең таңертеңгі сағат тоғызда МТС-та болуыңыз керек.
− Баратын жақтарың, әлгі бұзылған қалаларың алыс па?
− Поезбен барамыз ғой,- деді әпкем алыс, жақынын ашып айтпастан жұбата сөйлеп.
− Алыс десеңші.- Әжемнің көңілін аударғысы келген әпкем:
− Мына Гүлсара үйімен қоштаса да алмай кетіп барады,- деген.
− Ойбуй, қарағым-ай, әй,- деді жаны ашып кеткен әжем.- Үйің алыста ма еді?
− Ақсу жақта, алыста.
− Ата-анаң бар ма еді?
− Бар, әкем де, шешем де бар, колхоздың малын бағады, қазір олар төменгі құмда Балқаштың бойында ғой. Бір-екі күнде үлгеріп барып келе алмаймын.
− Ой, әттегене-ай, а… Естігендерінде қандай аңырар екен, сорлылар! Ең болмаса, маңдайыңнан бір иіскеп қалмағандарына өкінеді-ау, ә… О, қараң өшкір, пәшіс-ай!.. Ойдағыны ойда, қырдағыны қырда зарлаттың-ау. Өстіп зарлап қалғыр-ай…
Мұнан әрі әжем белін бекем буып, қайратына қайта мінгендей орнынан тұрды.
− Әй, Қанат! — деді қатқыл үнмен маған,- анау көк тушаны ұста да, Нүсіп бола ма, Мақым бола ма, біреуін ертіп кел, мына әпкеңді айналдырып айтып сойып, құдайы тамақ берейін.
− Әже-ау, көк тушаны қайтесің, буаз шығар.
− Буаз емес.
− Өздеріңе қажет болады ғой, кейін көктемге қарай мына балалар ашығып жатса, сойып, көже қатық жасарсыздар,- деген әпкем бәйек болып.
− Жә, біз ел ішіндеміз ғой, өлмейміз,- деді әжем кесімді үнмен.