Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен әуелі жүгіріп барып үйі жақындау почташы Мақым шалды шақырдым да, одан қайтып кеп қораның іргесіндегі сабанды қажақтап жүрген көк тушаны ұстап есіктің көзіне жетектеп әкелгенімде, әжем Нәзира әпкемді ертіп шығып тұр еді. Әпкем мен Гүлсара бір-біріне қарап жымыңдасып қояды, бірақ ескіліктің қалдығы деп қарсылық етуге әжеме және батпайды, бәрін күлкімен жуып-шайған түрлері. Мақым шал көк тушаны Нәзира әпкемнен үш рет айналдырып бата жасады, «біссімілдә» деп союға кірісті.
Сол күні түстен кейін ауылдың біраз шал-кемпірлері кеп, үйден құдайы тамақ ішіп, Нәзира әпкеме оң сапар тілеп, баталарын берді.
Кешкісін Нәзира әпкеммен мектепте бірге оқыған дос құрбы қыздары: Нұрбике, Үміт; ұлдан Қыдырман және бұлардан екі-үш жасы үлкен болса да Нәзира әпкеммен станцияға астық тартып бірге жүріп, бірге тұрып, аралас-құралас боп кеткен Зибаш жиналған. Соғыстан бұрынғы балалық шақтарын, мектепте оқыған кездерін еске алып, мәз-мейрам боп күлісіп, ән салып, біраз көңілдерін көтерді. Мен ес білгелі, Нұрбике, Үміт, Нәзира әпкем үшеуінің бастары қосылса болды, ауыздары жабылмай, жыпылдасып ұзақты күнге сөздері таусылмайтын. Үшеуі де бірінен-бірі өткен күлегеш, үшеуі де сөзшең, сауысқанша шықылықтап, шошаңдап қалған қыздар еді. Не сөйлеседі, неменеге сонша жыртақтасып мәз боп күлетіндерін адам ұғып болмайтын. Біріне-бірі мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қарайтын да, соған көздерінен жас аққанша сықылықтасып кеп күлетін. Кейіннен білдім, ондағысы өздерімен бірге оқитын осы Қыдырманды мазақтағандары екен де. Қыдырман мұрны қоңқиған ұзын, көзі қысықтау, мінезі әңгүдіктеу бала болатын. Мектепте өзінше қыздардың қасына кеп қырындаған боп тұрады екен. Сондайда бірде қоңқақ мұрнын уқалап жиі-жиі тартқыштай берсе керек. «Немене, сенің мұрныңа бірдеңе болған ба?» — дейді қыздардың бірі кекетіп. «Ұйықтап жатқанымда шіркей кіріп кеткен бе, білмеймін»,- депті Қыдырман мұрнын уқалай түсіп. «Қой, шіркей емес, шыбын шығар»,- депті қыздар. «Шыбын болса шыбын шығар»,- дейді қыздардың мазағына түсіне қоймаған Қыдырман. «Ой, мынадай танауға шыбын емес, ара кіріп кеткен шығар»,- депті қыздардың бірі онан әрі қақпақылдап. «Жо, ара емес, ара болса ендігі шағып ап, мұрным ісіп кетер еді ғой»,- деген екен Қыдырман. Содан үш қыз ішектері түйілгенше ал кеп күлсін. Неше уақытқа дейін бір-біріне мұрындарының үстінен алақандарын қырынан ұстап қараса-ақ болғаны, сықылықтап күлкіге бататын. Енді бүгін де естеріне алып, сондағы әзілдері мен күлкілері өздеріне ерсі көрініп отыр.
− Түк ұқпайтын бала екенбіз ғой,- деседі.
Біраздан кейін Нұрбике кішкене баласының еметін мерзімі болғанын айтып рұқсат сұрап, қоштасып кетпек болды. Осыдан бес-алты ай бұрын үйде отырып босанып, ұл тапқан. Жігіті Берік өткен қыста әскерге кетті де, көп ұзамай артынан қара қағаз келді, ал Нұрбике болса не қыз емес, не күйеуге тиген әйел емес, балалы жесір боп қала берді. Ата-анасының бетіне мұнан өткен не шіркеу болсын. Нұрбикенің өзі де көпшілік жиналған жерге жоламай, көзге түспеуге тырысып, қашақтап жүреді. Әбден жүдеген, тек бажырайған мұң толы көзі ғана қалған. Бүгін бірге өскен құрбысы Нәзира әпкеммен қоштасып қалу үшін ғана келіпті.
Нұрбике кеткен соң, құрбылары сырттай оған аяныш білдіре отырып, өз бастарындағы қайғы-қасіреттерін шағынғандай болды. Әсіресе Үміт Нәзира әпкемнің қасына отырып ап, құшақтап айырылғысы келмейді.
− Нәзирамен бірге мен де кетер едім, шіркін-ай,- деп қояды көзі мөлт-мөлт жасқа толып. Шынымен кеткісі келгені ме, әлде өзінің кәріп боп қалған күйін шағынған өкініші мен іш құса мұңы ма, кім білсін. Алдыңғы жылы қыста станцияға астық тартып жүргенінде Қараталдың мұзы ойылып кетіп, Үміт су ортасында қалған шанадағы астықты жаяулап су кешіп жүріп тасып өлім аузынан қалған, ақыры соның зардабынан қиралаңдап жүре алмайтын жарымжан болды. Қазір де өзінің жанына батқан сол кәріп халін шағынатын сияқты.