Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Садаққа июге ағашты әркім өзі табады, ал жебеге колхоздың мал қорасының төбесін жапқан қамыстан ұрлаймыз, қаңылтырды Фрицы тауып әкеледі және оны өзі әдемілеп үшкілдеп қиып, ұшын үп-үшкір біздей етіп оқ соғады. Қолы майысып шебер-ақ. Жасап берген әр оғы үшін Фрицыға бір құрт немесе басқадай тамақ төлейміз. Мәселен, біз: Санат, Әбілтай үшеуміз үйімізден ұрлап-жырлап құрт-ірімшік әкеп отырмыз да, Петька отқа көміп пісірілген картоп әкеп отыр, ал Оттоның сыртын отқа қақтаған жарты жүгерісі бар. Осының бәрін дорбасына салып алған Фрицы жан-тәнін салып бізге оқ соғып отыр. Әрқайсымыз екіден-үштен оқ соққызып мәз-мейрамбыз.
− Пірсіп-оу! Әй, Пірсіп, жер жұтқыр, қайда жоғалып кеттің?! — деген дауыстан Фрицыдан бастап бәріміз де селк-селк ете қалдық. Бұл — Байдалы шалдың кемпірі Үпияның даусы.
− Ойбай, мені іздеп» жатыр,- деді Фрицы жасап отырған оғын тездете тықылдатып.
− Әй, Пірсіп! Тілеуің құрғыр, қайда жүрсің?!
− Апа, мен мұндамын.
− О, желкең үзілгір, анау малдарды суғар.
− Қазір, апа, қазір.
Фрицы соңғы жасаған оғын Әбілтайдың жебесіне кигізіп берді де, қаңылтырың орап, кетуге жиналды.
− Қалғанын қазір малдарды суғарып келген соң жасаймын,- деді.
Фрицы — жетім бала. Шешесі өткен күзде пішенде жылан шағып өлді. Содан бері Фрицы әркімнің есігінде күн көреді. Соңғы кездері Байдалы шалдың үйінің малын қарап, сол үйге қол бала боп жүр. Қолы қалт етсе біздерге кеп бір жағы ойнайды, бір жағы бірдеңе-бірдеңе жасап, тамағын асырайды. Өзі бізден бірер жас үлкен, ұзын бойлы, өңі боп-боз, имиген арық, тарамыстанып алып қолынан келмейтіні жоқ.
Әрқайсымызда екіден-үштен оқ және әр оғымыздың батырлар жырындағыдай аты бар: Сұржебе, Көкжебе, Сойқанжебе, Қатержебе… деп түрлеп-түрлеп атаймыз. Сауысқан, қарға атпас бұрын әуелі нысана көздеп жаттығып алмақ болып клубтың есігіне қарай күйемен Гитлердің суретін салып, соны көздеп атып ойнауға кіріскенбіз. Клубтың арт жағынан тор жорғасымен ентелетіп Байдалы шал шыға келгенде, апыр-топыр қаша жөнелдік. О да атын тебініп қап:
− Ө, иттің күшіктері, не істеп жүрсіңдер?! — деп ақыра ұмтылған. Қуып жетіп әрқайсымызды қамшымен бір-бір салып өтетін шығар деп ойлағанбыз, жо, олай болмады. Ұзаңқырап барып кейін бұрылсақ, Байдалы шал атының басын тартып, еңкейе түсіп клубтың есігіндегі әлгінде біз салған Гитлердің суретіне қарап тұр екен.
− Әй, күшіктер, мыналарың кім? — деді қамшысының сабымен суретті нұсқап.
− Гитлер,- дедік біз бір ауыздан.
− Ә. Соны атып жүрсіңдер ме?
− Иә.
− Онда оларың дұрыс екен. Ал өздерің неге қашасыңдар? Шынында да, неге қаштық? Бұрын балалар Байдалы шалдың соңынан қалмай аталап оған бірдеңе деп сөйлесіп қалуға құштар ек, басқа үлкендерге қарағанда оны бір түрлі жақын тартып үйірсектеп, еркелегіміз кеп тұратынбыз. Өзі де бізбен әзілдеп қоятын: «Әй, осы күнгінің балаларын қойшы»,- деп, ернін шүйіргеннің өзінде бізде кемсітіп жерлеуден гөрі, қайта намысымызға тиіп қайрап тұрғандай көрінетін. Байдалы шал бригадир болғаннан бері, сол өзара үйірсектік біртіндеп суып, қайта керісінше арамыз алшақтап кеткен. Бүгінде балалар Байдалы шалды көрсек өзімізден-өзіміз қаша жөнелеміз, ал ол өзі бізді көрген жерде атын тебініп қап, қамшысын үйіріп ақырып қуып береді. Біздің жазығымыз не, неліктен қашамыз, ал ол бізді не үшін қуады? Оны біз де білмейміз, Байдалы шалдың өзі де білмейтін болар. Әйтеу, біз қаша жөнелеміз, ол қуып береді. Қазір де ол клубтың арт жағынан оқыстан шыға келгенде, біз топырлап қаша жөнелдік, ал ол ақыра ұмтылып, қамшысын үйіріп қумақ болды. Енді, міне, біздің неліктен қаша жөнелгенімізге ол түсінбей тұр да, одан неліктен қашқанымызды білмей біз тұрмыз.
− Бері, жақын келіңдер,- деді ол саябыр үнмен.- Неге қорқасыңдар? Тимеймін. Бері келіңдер.