Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Байаға-ау, сіз тәрбиелесеңіз, одан артық оның құдайдан не тілегені болсын.
− Жүр, үйге кір, оны сөйлесе жатармыз,- деген Байдалы шал енді Әбілтайға бұрылды да:
− Сен жүр, ал мыналар осы арада күте тұрсын,- деді де жаңағы Тұржан үшеуі үйге кіріп кетті, біз Петька, Отто үшеуміз үй іргесінде қала бердік.
Бригадир болғаннан бері Байдалы шалдың үйі біздің ауылдағы қыдыр қонған үй боп саналады. Құт-береке, молшылық бүкіл ауылда тек осы үйде ғана бар, іші де, сырты да майлы. Қасынан өтсең, ығына тұрып ап тамақтың тәтті иісін иіскеп, кеткің келмей көзіңді сатып еріксіз телміре қарайсың. Есігінің алдында тау-тау боп үйілген ағаш отын (шешендер Махмұд пен Зокку осы төңіректегі ең қу ағаш отынды тек осы үйге әкеп түсіреді), атқарушы Ысқақ шал мен Фрицы екеуі кезек-кезек сол отынды шетінен бұтаумен болады, бұталған отын күндіз-түн жағылады да жатады. Қазан-ошақ дегендер бір босамайтын сияқты, ылғи ет асылып, бауырсақ пісіріліп, шай қойылып, ертеден қара кешке дейін дастарқан бір жиналмайтын тәрізді. Таңның атуынан күннің батуына дейін бар тіршіліктері осы үйге ғана байланып қалған үш-төрт қатын бірі су әкеліп, бірі от жағып, бірі тамақ пісіріп, салп-сұлп әбігерге түсіп еш тыным таппайды. Бастықтың үйінің суымен кіріп, күлімен шыққандары үшін бақытты. Бұлардан өзге бүгінде Байдалы шалдың үйіне бұрынғыдай баса-көктеп ешкім кіре де алмайды. Тек сырттай қызығып, сырттай тамсанып, сырттай телміріп қана өтеді тұсынан.
Біз де, міне, үй іргесіне кеп, майға піскен бауырсақтың аңқыған тәтті иісі есімізден тандыра жаздап манаурап тұрмыз. Танауларымызды қос-қостап тарта түсіп, сілекейімізді жұтынып қойып, бір-бірімізге күлімсірей қараймыз.
− Бауырсақ пісіріп жатыр.
− Қандай тәтті иіс, ә?!
Сәскеге қарай әжептәуір көтерілген күн жал-жал қардың арасынан төбелері қарайған, әрқайсысының төңірегінде қыбыр-қыбыр тіршіліктері бар жадау-жүдеу үйлерге немкетті салқын ғана қарап, бар ықыласын іргесінде біз тұрған Байдалы шалдың үйіне арнаған сияқты. Анау үйлерден жоқшылықтың, жетім-жесірліктің қаралы ызғары азынаса, ал мына үйде жайма-шуақ тәтті қуаныштың лебі еседі.
Әлгіндегі мал суғаруға кеткен Фрицы да келе жатыр екен, біздерді көріп анадайдан даурыға:
− Анау тұманың арғы жағындағы кішкене сайда арам өлген өгіздердің өлекселеріне үймелеген қарғалар құж-құж етеді,- деді ентіге сөйлеп, онан қасымызға таяп келген, неге елікпейсіңдер, ұқпай тұрсыңдар ма дегендей әрқайсымызға бір қараған,- Қалың қарғалар, атуға бармайсыңдар ма?
Біз: «Тс-с, тыныштығымызды бұзба» дегендей, оған үнсіз көз тастап, тым-тырыстана қалғанбыз. Шіркін, осындай да тәтті иіс болады екен-ау!
− Әй, Пірсіп, о, жайрағыр, анау малдарға шөп салмайсың ба!? — деп сұңқылдаған Үпияның даусы дәл құлағымыздың түбінен естілді. Сөйткенше болған жоқ, Үпия үйдің біз тұрған іргесіне қарай шыға келген, басында аппақ қардай кимешек, екі жағы мен маңдайына әдемілеп кәнуә тіккен, үстінде өңіріне неше түрлі тана түймелер, күміс тиындар таққан көк пүліш қамзол, сары атлас көйлегінің етегі жер сызады.
− Әй, сендер неғып тұрсыңдар бұ жерде?! — деді дәл ұрлығымыздың үстінен түскендей. Біз сасып қалдық.
− Біз жай… Әбілтайды күтіп тұрмыз.
− Немене, оны қасқыр жейді деп пе едіңдер?! О несі-ей, үйдің іргесіне кеп топырлағандары, аулақ, анау көшеде тұрып күтіңдер — деп, зіркілдеп ұрсып қуып тастады. Біз, амал жоқ, үй іргесінен аулақтап, көшенің ортасына шығып тұрдық.
− Айтып ем ғой, бауырсақ бермейді,- деді Отто.
− Бермесе қойсын, бауырсақ жемесек те өлмеспіз. Тек Әбілтайдың шыққанын күтейік,-деді Петька.