Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жоқ, сен бәрібір қоймайсың,- дейді сыңғырлаған Зибаштың үні. Басымды көтеріп кейін бұрылсам, Қыдырман шалқалаған күйде қол-аяғын ербеңдетіп күлкіге түйіліп бұлқына тулап жатыр да, Зибаш оның үстінен төне түсіп қытықтап отыр екен. Қыдырманның қарқылдағаны бүкіл даланы жаңғырықтырып тұр, «қойдым… қойдым…» деп өлердегі сөзін айтады, ал Зибаш өзі де сықылықтай күліп, Қыдырманның омырауына қолын тығып өршелене түседі. Ақыры қытықтан қашқан Қыдырман тулай дөңбекшіп барып шанадан домалап түскен, жол шетіндегі қалың қарға оңқа-шоңқа болды. Сонда да күлкісін тыя алар емес, бөксесіне дейін батқан қалың қардан үйелеп қалғандай тұра алмай жатып: «Қоймаймын!… Қоймаймын!..» — деп қарқылдай күледі, Зибаш шанадан секіре түсіп, енді Қыдырманды сол қарға батып жатқан жерінен үстінен бас салуға ұмтылған. Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып қаша жөнелген, бірақ тойтық аяғымен қайда барсын, Зибаш оны қия бастырмастан қуып жетіп, бар салмағымен жігіттің мойнынан асыла құшақтай алған, екеуі де сол сықылықтаса күлген бойлары омбы қарға ұмар-жұмар құлады. Лып етіп ұшып тұрған Зибаш жігіттің мойны-қойнына қарды тықпалап-тықпалап жіберді де, өзі қаша жөнелді. «О-о-о!..» — деген Қыдырман қисалаңдай тұрып еңкейіп, мойнына, қойнына тығылған қарды еңкейіп қағып, тыржалаңдай күліп біраз тұрды да, ондайда қатқақ қардың үстінде бұған көлденеңдей сес көрсетіп ойнақшып тұрған Зибашты қуып берген. Міне қызық, жүгіре алмайды деген тойтық Қыдырманым түлкідей бұлаңдаған келіншекті аттатпастан лезде қуып жетіп, бас салды да (сірә, Зибаштың өзі де соны тілеп тұрды-ау деймін), күректей алақанымен жерден қарды көсіп іліп ап, келіншектің мойнына салған, Зибаш: «И-и-и!..» — деп шыңғыра секірген, екеуі қар үстіне қайта құлады. Қыдырманның қарқ-қарқ күлкісі, Зибаштың еркелей шыңғырғаны, одан сықылықтап күлгені бұл дүниеде торығу барын, мұңаю барын мүлде ұмыттырғандай. Дөңес-дөңес боп мелшиіп жатқан қысқы дала да енді сылқ-сылқ күліп жатқан сияқты. Бірі тұра қашады, екіншісі тұра қуады, одан қалың қарға ұмар-жұмар қайта құлайды. Шаршау деген ойларына да келер емес, екі беттері нарттай боп қызарып, жүздері бал-бұл жайнайды, екеуі де ерекше құлпырып, сұлуланып кеткен.
− Қыдырма-а-ан-н!..- дейді Зибаш қасында жүрген тойтықтан адасып қалғандай шырқырай дауыстап.
− Зиба-а-аш-ш!..- дейді Қыдырман да даланы басына көтере айқайлап.
− Мен бақытты-ы-мын!..
− Мен де бақытты-ы-мын!..
Шананың үстінде отырып мен күлем: үп-үлкен адамдар да ақымақ боп кетеді екен-ау деймін, ал іштей екеуінің осы қылықтарына қызыға қараймын. Расында да, жаңағы өздері айқайлап айтқандай бақытты болған соң осылай шығар. Бір ауық қарнымның ашқанын да ұмытып кетіппін, тек ауылдың қарасы көрініп, мұржаларынан жарыса көтерілген көк шуда түтіндерге көзім түскенде ғана, ертеден бері аш екенімді есіме алдым. Осы кезде Зибаш та:
− Бәлі, мына Қанатты байқамаппыз да ғой,- деді мені енді ғана көргендей көзі шарасынан шыға.
− Қанат, сен бізге күліп отырған шығарсың,- деді Қыдырман да.
− Ұят-ай, ұят болды ғой,- деді Зибаш қызара тершіген бетін сүрте тұрып.- Қанатай, айналайын, сен біздің мұнымызды ешкімге айта көрме… Бала құсап кетіппіз ғой.
Қыдырман әуелі Зибашты көтеріп шанасына отырғызды да, өзі кеп менің қасыма өз шанасына шығып отырды.
− Қалай, ішің пысқан жоқ па?
Өңі жақыннан тіпті әдемі, елжіреп тұрған жылы еді. Мен Зибаштың мұны жайдан жай ұнатпағанын енді ұққандаймын.
Мал қораның алдына кеп тоқтағанымызда, Байдалы шал бастаған сиыршы-малшы шал-шақпыт бір топ адам қарсы алдымыздан шыққан. Орталарында дөңгелек көк бөрікті, қара пальто киген күжірейген бір бейтаныс адам бар, ауданнан келгені айтпай-ақ көрініп тұр.
− Әлтаев кеп қапты ғой,- деді Қыдырман.
Иә, ортада тұрған шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас екен. Бәрі біздің жолымызға қарап күтіп тұрған сияқты.