Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жиналыс басталып, бірден сөз алған шолақ қол өкіл әуелі соғыстың барысы туралы, біздің әскерлеріміздің қанқұйлы жауды ес таптырмай өз жеріне қарай түре қуып, қаһармандықпен соғысып жатқанын әңгімелеп өтті де, онан соң біздің ауылдың жағдайына ауысты. Соңғы кезде Нұғыманның төсек тартып мүлде жатып қалуына байланысты жаңа колхоз бастық сайлау қажеттігін айтты және аудан атынан бастықтыққа осы уақытқа дейін бригадир боп істеп көзге түскен, тәжірибесі бар, шаруа жайын жақсы білетін, іскер адам деп Байдалыны ұсынады деді.

Мұндай тосын шешімге көпшілік бірден не дерлерін білмей әуелі тосылып отырып қалған, артынша кейбіреулері күңкілдеп Байдалының сауатсыздығын айта бастап еді, ондайларды шолақ қол өкіл қабақ шытып тыйып тастады.

− Бізге Бәкеңнің сауаты емес, шаруа жайын білетін іскерлігі керек,- деді қатқыл үнмен қайталай мақтап.- Қағаз жазуға осында есеп-қисапты жүргізуші бала бар ғой,- деп осы тұста иегімен жиналыстың хатшысы боп отырған Бектайды меңзеп өтті,- осылар істейді. Қазіргі кезеңде бізге колхоз жұмысын ақсатпай жоспарды орындатып отыратын белсенді адам керек. Міне, сондай адам деп біз, аудан Бәкеңді ұсынып отырмыз.

Өкілдің өзі сөйлеп тұрған соң кім не десін! Қатын-қалаш, бала-шаға Байдалыға қарсы сөйлеп өле алмай жүр ме, мақұл десіп, бір ауыздан қол көтерді. Осылайша Байдалы шалдың колхоз бастық боп сайланғанын, шолақ қол өкілдің оны әлгіндей деп қайталай мақтағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп, біз, балалар да, көпшіліктің арт жағында тым-тырыс тұрдық. Колхозшылардың жалпы жиналысы осылай деп қаулы алды, Бектай есепші осының бәрін хаттап қағазға түсіріп отырды. Сөйтіп, әліпті таяқ деп білмейтін Байдалы шал колхоз бастық боп шыға келді.

− Енді Байдалы шал біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар,- деген Петька қалжыңдай күліп.

− Егер бауырсаққа тойғызып тұрса, қағаздарын оқып беріп тұрам ғой,- деді Санат та күліп.

− Әй, балалар, шуламаңдар,- деді осы кезде шолақ қол жиналысты әрі қарай жалғастырып: — Жолдастар, енді екінші мәселе қаралады.

Көпшілік бастық боп сайланған Байдалының орнына кім бригадир болар екен деп елеңдескен. Оны да Әлтаев жолдас өзі айтатын шығар деп, шолақ қол өкілдің аузына қараған.

− Бригадирді Бәкең өзі тағайындасын,- деді өкіл бұл жолғы билікті жаңа бастықтың өзіне беріп.

Көпшілік арасында күбір-сыбыр гулей жөнелді. Әркім өз жорамалын айтып, анау болатын шығар, мынау болатын шығар деп, ауылдағы азын-аулақ еркек кіндіктердің аттарын атасып дуылдасып кетті. Байдалы шал орнынан көтеріліп, сөзін неден бастарын білмегендей жөткірініп, тамағын кенеп, күбір-сыбыры басыла қоймаған көпшілікке бір, одан менің шаруам жоқ, кімді атасаң да өзің біл дегендей боп, еріндері дүрдиіп, алдына бедірейе қарап, мелшиіп отырған өкілге бір қарап жөткіріне берген.

− Ал айтыңыз ойыңызды,- деді өкіл оған демеу бергендей, онан соң гуілдесіп отырған көпшілікке қабағын шытып: — Жолдастар, тынышталыңыздар, бастықтарыңыз сөйлегелі тұр ғой,- деді.

− Мен айтсам… менің ойым… мен тағайындасам…- Жайшылықта боқтықты қардай боратып, жарықшақ ащы даусы ауылдың бір басынан екінші басына дейін шарылдап, құлағыңды жарып жібере жаздайтын айқайшының аяқ асты дымы бітіп, мыңқылдап қапты.

− Иә, кімді айтасың? Ойың кім? Кәне, аташы? — десті шыдамсызданған көпшілік жан-жақтан кеу-кеулеп. Байдалы шал жалтақтап өкіл жаққа тағы бір қарап алды да:

− Біргәдір Зибаш болсын,- деді.

− Әй, не дейді?!

− Зибаш болсын дей ме?!

− Атпал азаматтар тұрғанда Зибашы несі-ей, мынаның?! — десіп, көпшілік мүлде гуілдесіп кетті.

− Жолдастар, тынышталыңыздар! — деді шыдай алмай кеткен Әлтаев жолдас столды тықылдатып, көпшілік оған да тоқтай қоймаған соң орнынан тұрды.- Кәне, шуламаңыздар!

Өкіл орнынан тұрған соң, көпшілік басыла қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий