Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жолдастар! — деді Әлтаев жолдас тағы да со қабағын шытқан күйі, кәне, осыдан қайсың дауыс көтерер екенсің дегендей, көпшілікке жағалай қарап өтті де, ақыл айтқан сабырлы үнмен: — Бригадирді бастықтың өзі тағайындап алады. Өйткені ол адам бастықпен тіл табысып істей алатын болуы керек. Бәкең сол себепті Зибашты атап тұр.
− Өзі тағайындап алғанына қарсы емеспіз, бірақ енді еркектерден алуы керек қой,- деді көпшіліктің орта тұсынан гүжілдей шыққан жуан дауыс. Бұл — Қыдырманның даусы еді. Жұрттың бәрі бірден соған бұрылып, елең ете қалды.
− Сен кімсің? — деген өкіл қабағын кіржитіп.
− Мен Қыдырманмын,- деп, тойтық орнынан тұрды.
Қыдырман тойтықтың Зибашқа қарсы болғанына көпшіліктің таңырқағаны өзінше бір басқа шығар, ал менің таңырқауымда тіпті шек жоқ еді.
− Өй, мұнысы қалай? — деппін қасымдағы балаларға. Маған жауап берген ешкім болған жоқ, бәрінің назары сахнада тұрған шолақ қол өкіл мен Қыдырманда. Енді не болар екен деп, бір қызықты күткендей телміре қалған.
− Ал керек болса!.. Міне, қызық!..- деседі балалар да сыбырласып.
Шолақ қол өкіл:
− Сен қарсымысың? — деп қайталай сұраған.
− Иә, мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық та қайталап.- Ол қатын біргәдіріңе ешкім бағынбайды. Осы ауылда біраз еркек бар ғой, біргәдірді солардан қою керек. Мысалы, әне, жақында ғана әскерден қайтқан Көбеген бар, ал егер ол жарымжан десеңдер, есепші боп жүрген анау Бектай, әр түрлі жұмыста жүрген мына мен бармын…- Ол өзін айтқан кезде, жұрт ду күлген. «Алда, шіркін-ай, мұның өз ойы бар екен ғой!», «дәмесін қарай гөр, тойтықтың!», «қайтсін енді, өзін-өзі айтпаса басқалар аузына алмайды»,- десіп, дуылдасып қалған. Жұрттың күлкі-мазағына Қыдырман ыза боп кетті.- Әй, сендер неменеге күлесіңдер?! Осы да күлкі ме? — деп төңірегіндегілерге көзін аларта қарады, жылқының ту құйрығындай қайратты шашын артына қарай қақыра сипап қойды да: -Бәрібір ол Зибаш бригадир боп оңдырмайды, мен қарсымын, өйткені ол…
− Әй! — деп Әлтаев жолдас мұнан әрі оны сөйлетпей ақырып қалды.- Сен өзің қазір не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Үкіметтің саясатына қарсы сөйлеп тұрсың. Әйел жолдастарды көтеру, оларды басшылыққа сайлау — бүгінгі таңдағы үлкен саяси мәселе. Ал ол саясатқа қарсы адамды біз маңдайдан сипай алмаймыз…
− Мен саған маңдайымнан сипа деп тұрған жоқпын,- деді Қыдырман тойтық дүңк етіп.-Мен саясатқа қарсы емеспін, мен мына қатынның біргәдір болғанына қарсымын.
− Тоқтат, кәне, сөз таластырғанды! — деп, Әлтаев жолдас столды қойып қалды.- Бұл неғылған бейбастақтық!
− Сен өйтіп айқайлама! — деп, Қыдырман да орнынан қай- тадан атып тұрған.— Әркім өзі ұнатқан қатынды біргәдір сайлай берсе, іс бола ма екен.
− Мынау не сөйлеп тұр, жолдастар?! — деді кенет қызарақтай бастаған өкіл лажсыз күліп.
Осы кезде әр тұстан:
− Әй, Қыдырман, қойсаңшы! Ол қатынға сен де алыс емессің ғой.
− Өкілмен салғыласып қайтесің, ұят болады.
− Кімді сайласа да бәрібір емес пе,- дескен басу сөздер естілді.
− Өкіл жолдас, ол тойтықтың сөзін тыңдамаңыз,- деді Байдалы шал да бәйпектеп. Әлтаев жолдас та сабасына түскендей болды.
− Жолдастар,- деді енді сабырлы сөйлеуге тырысып,- аудан Бәкеңнің таңдауын қолдайды. Өзі таңдаған адамын бригадир қоймақ екен, онысын құптаймыз. Кәне, осыған кім қарсы?
Көпшілік тым-тырыс отырып қалды.
− Бәрібір мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық.
− Сен қой… Сенімен басқа жерде сөйлесеміз әлі.
− Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ал мына қатын біргәдіріңе мен бағынбаймын.
− Бағындырамыз.