Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Қанат, сен қазір шанадан түс те үйіңе қайта бер, шөбіңді мен өзім артыңнан жеткізіп берем,- деді Қыдырман маған сыбырлай сөйлеп.- Әйтпесе мыналардың көзінше әкете алмаймыз.
− Мақұл,- дедім Мен жағдайды ол айтпаса да жақсы түсініп.
Байдалы шал топтан озыңқырап шығып:
− Әй, тойтық, мына тұрған жерге сонша жоғалып қайда жүрсің? — деген.
− Түлкі қудық,- деді Қыдырман жайбарақат үнмен.
− Не дейді?!
− Түлкі қудық деймін.
− Жә, бос қалжақты қайтесің,- деді Байдалы шал зекіре сөйлеп. Онан соң малшы, сиыршы шалдарға бұрылып: — Сендер мына екі шананың шөбін түсіруге Қыдырманға көмектесіңдер! — деді бұйырып.- Ал, Зибаш шырағым, біз Әлтаев жолдас екеуміз сені күтіп тұрмыз. Сөйлесетін сөз бар,- деді жұмсақ үнмен.
Зибаш біз жаққа, Қыдырманға жалтақтап бірер қарады да, енді қайтейін, менде ерік бар ма дегендей, шарасыздықпен шанасынан сырғи түсіп, Байдалы шал мен шолақ қол өкілдің алдына барған. Шолақ қол өкіл оған күлімсірей қарап, сау қолын беріп амандасты.
− Түу, қолыңыз тоңып қапты ғой,- деген, Зибаш ұялшақтап теріс қарап, үндеген жоқ.
Біз де шанадан түскенбіз. Қабағы жабылып, тұнжырап кеткен Қыдырман шөп бастырықтың бір басын ызалана кеп шешіп оқыс босатып жіберген, шіреп тұрған бастырық қатты серпіліп барып, Байдалы шалдың иығын жанап барып дәл арт жағына ұшып түскен.
− Ой, тойтық неме, кісі өлтірейін деп пе ең, абайламайсың ба?! — деді Байдалы шал ақырып.
− Шананың іргесінде тұрмай аулақ барып сөйлеспейсіңдер ме,- деді Қыдырман да қиястанып. Онан соң өз қылығына өзі риза болғандай маған қарап көзін қысып қойды да, үйіңе қайта бер дегендей ымдады.
Мен үйге қайтқам. Қарнымның қатты ашып, әлсірегенімді енді сезіп, аттаған адымым кейін кетіп қиқалақтап келе жатқанымда, жолда Петька кездесті. Есі-дертім тамақ боп келе жатқан мен оған:
− Ертеңгісін Әбілтайдың арқасында бауырсаққа бір тойған шығарсыңдар,- дегем.
− Әбілтайдың арқасында дейсің бе?! — деп күлді Петька сирек тістерін Әбілтайдан көк көзі күлімдеп.- Сабақты дұрыстап оқи алмайтын сол Әбілтайдан не шығушы еді,- деді.- Рас, бауырсақ жедік, бірақ Әбілтайдың арқасында емес…
Мен кеткен соң сәлден кейін, Байдалы шал Әбілтайды желкесінен түйгіштеп қуып шығыпты үйінен. Сөйтсе Байдалы шалдың оқытпақ болған қағазы жаңаша мен ескі латын әріптері араластырып жазылған екен, соны Әбілтай оқи алмапты. «Түк шықпайтын, адам болмайтын арам тамақ неме»,- депті Байдалы шал. Онан соң есігінің алдында отын бұтап жүрген атқарушы Ысқақ шалға: «Қайтсең де анау Санатты барып алып кел»,- деп бұйырыпты. Содан Ысқақ шал Санаттың атасына барып айтып, Санаттың өзіне жалынып жүріп, ақыры атқа алдына мінгізіп әкетті. Ал Санат болса әскерден келген хаттарды оқи жүріп, латын әріптерін де жақсы танып алған емес пе, Байдалы шалдың әлгі қағазын мүдірместен судыратып оқып беріпті.
− Сөйтіп, Санаттың арқасында үш-үштен бауырсақ жедік, тәтті болғанда тәтті,- деді Петька ертеңгісінгі жеген бауырсақтың дәмі таңдайында әлі де тұрғандай тамсана тұрып: «Қап, шөпке бармағанда мен де жейтін едім-ау»,- дедім іштей өкініп.
Үйге кеп әжеме шөпті біраздан кейін Қыдырманның өзі әкеледі дедім. Бірақ Қыдырман шөпті әкелген жоқ, кешкілік іңір кезінде шайқалақтай басып өзі келді. Мен мал қоралап сыртта жүргем.
− Қалай, Қанатай, шаршамапсың ба? — деген, Мен басымды шайқадым. Шөпке барған жолымыз, оны тиегеніміз, онан қайтардағы Зибаш пен Қыдырманның бала құсап ойнағандары бәрі есіме түсіп, еріксіз күлдім.
− Өте көңілді барып қайттық қой,- дедім ризалығымды білдіріп.- Ендігі барғандарыңда мені тағы да бірге ала жүрсеңдерші.
− Әй, енді өйтіп бара алмайтын шығармыз,- деді Қыдырман күрсініп.
− Неге?
− Неге дерің бар ма. Қанатай, әзәзілдер жолымызды бұзғалы тұр ғой.