Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Осы сәтте Қыдырман маған кереметтей әдемі, сұлу жігіт боп көрінді, ат жақты ақ сұр өңі, күлімсірей қараған қысыңқы көзі, қалың қабағы, дөңестене біткен үлкен мұрны — нағыз ерге лайық айбынды кескін-келбет екен ғой. Ой, аллай, осы уақытқа дейін қалай байқамай жүргенмін, кейін өскенімде осындай болсам дейтін жігіт қой мынау. Нәзира әпкемдер мұны неге мазақтайды екен? Оу, мазақтайтын емес, қызығатын, ғашық болатын жігіт қой. Сол Нәзира әпкем, сол Нұрбике, сол Үміттер кезінде мазақтап жыртың-жыртың күлгендерінше, мұның нағыз ер келбетті жігіт екенін аңғарулары керек еді ғой. Енді, міне, Зибаш иемденіп алған. Зибаштың қазір оған елжірей қарап ғашық боп тұрғанына мен әбден сенем. Әне, ол маяның үстіне көтерілді, төмендегі біздерге күлімсірей қарап.ашасын қолына алды да, шөптен қопара көтеріп екі шанаға кезек-кезек құлаштай лақтыра бастады. Шіркін, мен қашан осы Қыдырмандай болар екем. Мейлі, тіпті тойтық болуға да бармын, тек тезірек ер жетіп, жігіт боп осы Қыдырмандай болсам! Шіркін!..
Мұндай күшті бірінші көруім, алты айырлы ашасын алты ай қыстан тығыздалып басылып, киіздей боп жатқан шөпке бойлата сұғып одан үй орнындай ғып қопара көтеріп ап, қайқайта тұрып шананың үстіне гүрс еткізіп тастаған кезде, жер солқылдағандай болады. Зибаш екеуміз жаймаламақ түгілі, шөптің астында бастырылып қала жаздаймыз. Сөйтіп, екі шананы да қайқита тиеп болған кезде, дәу маяның да бір жартысы опырылып ортайып қалған еді.
Түс ауа ауылға бет бұрғанбыз. Мен алдыңғы Қыдырманның шанасында жалғызбын да, ол өзі кейінгі Зибаштың шанасына отырған. Күн жылына, қары жантақтала бастаған көпсік жолда өгіздер аяқтарын санап басқандай зорға адымдап, жон арқалары, сауырлары бірде созылғандай, бірде жиырылғандай мықшия тырмысып, әзер тартып келеді.
Әлгіндегі шөп тиеген кездегі терім біртіндеп басылып, бойым тоңази бастаған соң, бастырықтың үстінен отыруға жайлы болсын деп салынған бос шөпке үңги кіріп, шалқалай жатқам. Қысқы аспан бұлыңғыр. Кірпік қақпай ұзақ қарасаң, көзіңді бұлдыратады. Осы аспанның төбесі тиіп тірелетін жері бар ма екен? Ал төбесі бар болса, оның ар жағында не бар екен?.. Бірнеше күн толассыз боран соққан кезде, әжем жарықтық: «Аспанның тесігі ашылып кеткен бе?» — дейді, демек, аспанның тесігі бар да, оның арғы жағында аңырап соғып тұратын бораны бар; ал жағрапия пәнінен Әнипа апайымыздың түсіндіруінше, аспан деген — түбі жоқ тұңғиық кеңістік, ешбір шегі жоқ,-дейді; ал жеке менің өзіме салса, сол «түпсіз», «шексіз» дегенге онша түсіне де алмаймын, сене де қоймаймын, маған со әжемнің айтқанының жаны бар сияқты көрінеді. Дүниедегі заттың бәрі көзге көрінетін, қолмен ұстайтындай болуы керек қой, ал олай болмаған күнде сенуге болмайды. Боран соғады, тау бар, тас бар, дала бар, қар бар, шана бар, шөп бар, су бар, нан бар… Осы тұста жүрегім сазып, іші-баурым бір түрлі темен тартып жаман боп талықсып кетті. Қарнымның ашқанын қанша еске алмайын десем де, ұры мысықтай ішімді тырналай жөнелді. Жо, жоқ, тамақты ойламау керек. Әне, кең аспанды қарашы! Осыны шексіз дейді, тұңғиық дейді. Сонда ол қалай шексіз болады? Әйтеу бір жерде, тіпті сонау көзге көрінбейтіннің арғы жағындағы шексіздікте де түптің түбінде бір шек болады ғой. Оны жаңағы жағрапия пәні де білмейтін тұста шығар… Өстіп ұйқылы-ояу күйде маужырап жатқам, Қыдырманның қарқылдаған күлкісінен оянып кеткендей болдым.
− Қойдым… қойдым… айналайын…- дейді күлкісін тыя алмай жалына сөйлеп.