Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Осылайша бауырсақ жеуден күдер үзіп тұрғанымызда, бүкіл ауылды жаңғырықтыра: «Қанат! Қанат!» — деп, аттандай айқайлап шақырған дауыс мені селк еткізді. Дауыс шыққан ойға қарай жалт қарағам, мал қора жақтан Қыдырман тойтықтың інісі Нәдірман келе жатыр. Бүкіл ауылды басына көтере айқайлайды. Өзі менімен жасты болса да алды-артына қарамайтын әңгүдік мінезді болатын. Қазір де жау шапқандай аттандап келеді. Анадайдан мені көре сап:
− Әй, Қанат, қайда жүрсің? Кел бері! — деді бұйырған үнмен. Өзі көшенің ортасына тоқтап, мен қасына барғанымша күтіп тұрды.- Әй, сені Қыдырман көкем мал қораға тез жетсін деді. Қоғалы бұлақ жаққа шөпке барады екен, соған бірге ала кетем дейді.
Әнеугүнгі Нәзира әпкемнің Қыдырман мен Зибашқа Қоғалы бұлақ жаққа барсаңдар, біздің шөбімізді жеткізіп бергейсіңдер деген тілегі есіме түсіп, мен дереу мал қора жаққа қарай жүгірдім.
− Әй, Қанат! — деді Нәдірман мені тоқтатып.- Алдыңдағы садағыңды маған қалдырып кет.
Нәдірманның ожар мінезін білетін мен екі ұшты ойда тұрғам.
− Өй, садағыңды жей қоймаймын, шөптен келген соң аласың ғой,- деп кеп, мойнымнан жұлып алғандай болды.- Оқтарыңды да қалдыр.
− Байқа, оқтарымның ұшы өткір, біреуді атып ап жүрме.
− Егер жыныма тиетіндер болса ата салам,- деді Нәдірман екіленіп.
− Қой, садақпен кісі атуға болмайды.
− Жай айтам… Қалжыңым ғой,- деп мәз бола күлді ол.
* * *
Сөйтіп, Қоғалы бұлаққа шөпке бара жатқан Қыдырман мен Зибаш Нәзира әпкеме берген уәделерінде тұрып мені өздерімен бірге ала жүрген. Әлі таптаурын бола қоймаған жол ауыр екен, жазда екі-үш сағатта барып қайтатын жерге түске қарай малтығып әзер жеттік. Зибашты шанасымен осында біраз күн бұрын Махмұд пен Манар бұзған бергі шеттегі маяның түбіне қалдырып, Қыдырман екеуміз бұлақтың жарлауыт қабағын жағалап, тұғылға түсе берістегі біздің шөпке қарай жол аштық. Жазда Нәзира әпкем екеуміз жинағанымызда, кішігірім маядай көрінген шошағымызды қалың қар төбесіне дейін сіреп бүркеп тастапты, айдалада адасып отырып қалған жетім баладай көзге әзер шалынады Әпкем екеуміз күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағат тан қол шалғымен бір ай бойы шауып едік. Бұлақтың төңірегіндегі жырым-жырым боп тарамданған құлама жыраларға өскен қалын шалғын таңға жуық шыққа бөгіп жататын, жапырақтар мен гүлдердің бүршіктеріне қонақтаған мөп-мөлдір моншақ тамшылар тиіп кетсең сау-сау ететін, сондайда жылы төсектен жаңа ғана тұрған өне бойыңды балғын леп тітірентіп, дірілдетіп жіберуші еді. Шалғыны біраз құлаштай тартып, бойың жылына бастаған кезде, балғын шалғыннан қышқылтым қошқыл иіс бұрқырай бастайтын, бүкіл тынысың, көкірегің содан жарылып кетердей болатын. Қазір Қыдырман әуелі шошақтың төбесіндегі қарды күрекпен опыра ойып аударып тастап, онан кейін алты айырлы ашасын бойлата сұғып, судыраған құрғақ шөпті аудара көтерген кезде, жаздан бері тұншығып бұғып жатқан көк шалғынның құп-құрғақ ашулы иісі кеңсірігімізді жарып жіберердей бұрқырай жөнелді. «Апшхи!.. Апшхи!.. паһ, паһ, шіркін!..» Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де шыдай алмай, мойынтұрықтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын өзеурей созған.
− Жә, жә, Қанаттың азғантай шөбіне көз алартпаңдар-ей — деп қойды қозғалақтаған шананың үстінде көтерген шөбімен құлап қала жаздаған Қыдырман.
Аяғының тойтықтығына қарамастан Қыдырман өте қайратты екен, әне-міне дегенше шошақты ойсыратып жіберді. Шамамның келгенінше мен де екінші бүйірден тиеуге кіріскем. Жаздағы өзім орып, өзім жиған шөптің әр талшығы таныс сияқты, қайсысын қай жырадан орғаныма дейін білетін сияқтымын. Сондықтан шашау шығарғым келмейді, ал Қыдырман болса алды-артына қарамай опырта істегендіктен, қаншама шөпті жерге түсіріп шашып, ысырап қып тұрған сияқты, секіріп жерге түсіп, сол шашылған шөптерді жинаймын. Шошақтың жартысына жуығы тиелген соң, Қыдырман: