Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әлгіндегі шолақ қол өкілдің Зибашқа күле қарағаны, сау қолын беріп өбектеп кеп амандасқаны, Байдалы шалдың әлдеқандай боп паңданып Қыдырманға қоңырақтауы тегін болмады ғой. Бір түрлі әлденеден секем алғандай, жақсы бір нәрсемнен айырылып қалатындай, көңілім құлазыңқырап қалды.

− Жә, оларды да көріп алармыз,- деді Қыдырман мені жұбатып, әлдекімдерге кіжінгендей тіктене сөйлеп.

− Олардың дегені бола қоймас. Әжең қайда?

Онан соң үйге кіріп әжемнен кешірім сұрай тұрып, өкіл мен Байдалы қадалып қарап тұрған соң, шананың астыңғы жағындағы біздің шөпті де амалсыз колхоздың мал қорасының төбесіне шығарғанын айтты.

− Сіздердің шөпті белгілеп бөлек жинап қойдым. Бірер күнде ретін тауып түсіріп берем, әже,- деген.

Бірақ Қыдырман солай деп уәде бергенімен де, біздің сол шөбіміз ақыры өзімізге бұйырмады.

БАЙДАЛЫ БАСТЫҚ

Осы жолы шолақ қол өкіл ауылда біраз күн болып, елді біраз дүрліктірді. Сол келген күннің ертеңіне ол Байдалыны ертіп, Нұғыманның үйіне көңілін сұрай кіріп шығыпты. Аурудың енді қайтып төсектен тұрмасына көзі анық жеткен соң, келесі күні түске қарай жаңа бастық сайлау үшін көпшіліктің жалпы жиналысын шақыртқан. Анда-санда бір өтетін осындай жиналыстың өзін тойдан кем көрмейтін біздің ауылда үлкендерден қалмай балалар да тегіс жиналатынбыз. Бір-бірімізді түртпектеп, алысып-жұлысып ойнап, клубтың арт жағындағы қара көлеңке бұрыштарда топырласа тұрып, үлкендердің аузынан шыққан сөздерін де, іс-қылықтарын да қалт жібермейтінбіз. Жиналысқа кімнің қалай келгені, қандай киім киіп келгеніне дейін біздің назарымыздан қақас қалмайтын. Ондайда шетімізден мысқылшыл, қалжақ сөзді қақпақылдай қағар керілдеу боп аламыз. Сол әдетпен бүгінгі жиналысқа келгендерді де өзімізше мінеп-шенеп, іліп-шалып сөз етіп тұрғанбыз.

− Ойбай-й, әнең қараңдар, Зибаштың бүгінгі әдеміленіп келгенін,- деген балалардың бірі ішегін тартып.

Шынында да, есіктен басында бөртпе шәлі бар, үстіне қара пүліш пальто киген, шашының маңдайын қақ жарып жылтырата тараған Зибаш кіріп келгенде, балалар тегіс ішегімізді тартып, аузымызды ашыппыз да қаппыз. Зибаштың дәл осылай үлде мен бүлдеге орануын көргеніміз бірінші рет еді. Бұрынғы сұлулығы сұлулық па, мына сұлулығына тіпті тіл жетпестей. Өзі бұрала басып, былқ-сылқ ете қапты.

− Паһ, паһ!.. Уай, шіркін-ай!..

− Тура Қыз Жібектің өзі ғой!

− Әжібек ғашық болса болғандай ғой,- деседі балалар тамсана тұрып бір-бірімен сыбырласып. Артынша біреу, сірә, Қайрат болу керек:

− Әй, өзі бүгін неғып сонша сәндене қалған? — дейді таңырқап.

− Ой, маубас, соны да білмейсің бе?! — дейді екінші бала, сірә, Бәтен болу керек, оны кінәлағандай.- Анау, шолақ қол өкіл келген соң, ол сәнденбей кім сәнденсін.

«Біліпсіңдер,- деп қоям мен оларды іштей қыжырта, Зибаштың ендігі жерде кім үшін сәнденетінін дәл осы арада өзімнен жақсы білетін ешкім жоқ екенін еске ала тұрып. Сондықтан Зибаш қақында айтылған әлгіндей бопса сөздерді басқым кеп:

− Бәрі бос сөз,- деймін.

− Иә, саған бос сөз, бүкіл ауыл шулап жүргенде.

− Мейлі, шулай берсін, бәрібір бос сөз,- деймін нық сеніммен әр сөзімді шегелеп. Өз сөзіме қолдау іздегендей көзіммен Қыдырман тойтықты қарастырам, бірақ ол көріне қоймайды. «Қайда жүр өзі, мына жұрттың Зибаш туралы қаңқу сөздерін неге басып тастамайды»,- деп қоям.

Қыдырман тойтық кешігіңкіреп келді. Үстінде сол кешегі шөпке барғандағы киімдері, сірә, мал қора жақтан келген беті болса керек, түсі бір түрлі суық, ашулы көрінді. Кимелеп барып көпшіліктің орта тұсына сығылыса отырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий