Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Біраздан кейін жиналыс бітіп, жұрт үйді-үйіне тарай бастаған, үлкендермен бірге біз -балалар да қайттық. Қыдырман тойтық жеңгесі Сәруеге ілесіп, біздің жаққа қарай жүрген.
− Әй, жүгірмек-ау, немене, сендер істеген жұмысты біз істей алмайды дейсің бе, бір Зибашқа бола бүкіл қатын атаулыны кемсіткенің не?! — деген Сәруе былай шыққан соң жазғырып.- Екі ортада жеки, үкіметтің саясатына қарсысың деп өкіл өзіңе айып тақты.
− Ой, жеңеше, барлық қатындарда шаруам қанша, бірақ сөзім солай шығып кетті. Әйтпесе мына сендерді сайлап жатса, қарсы сөйлеп нем бар,- деді Қыдырман ақталғандай үнмен.
− Тіпті со Зибашты сайлағанға да қарсы бола қоятын дәнеңе жоқ. Сайлана берсін. Жүгірмек-ау, содан зиян шегемін дейсің бе? — деген сөзінің соңын сыбырлай күліп.
− Жоқ, маған оның ондай пайдасының керегі жоқ. Мен ол шолақ қол өкілді өлтірем,- деді жеңгесінің әзіліне міз бақпаған Қыдырман кіжіне сөйлеп.
− Жә, жайрағыр, қатын үшін кісі өлтіремі несі мынаның?! Бірдеңеге ұрынып, сотталып кетіп жүрерсің.
− Сотталсам, кетем.
− Не дейді?!. Бетім-ау, әркімнен қалған бір салдақыға бола өміріңді қор қылып не көрінді, сонша?! Жә, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін,- деді ұрса сөйлеген Сәруе.- Әй, осы ауылда не көп, бойжеткен қыз-қырқын мен жесір келіншек көп. Соларды шетінен шертіп жүріп ұнатқаныңды айтшы маған, алдыңа өзім жетектеп әкеп беремін.
− Жоқ, маған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бәрібір мен ол өкілді Зибашқа жолатпаймьін. Ерегескенде мен оның анау сау қолын сындырам енді.
− О, шірік!.. Жақсы ағама тартпай кеткір шірік!..- деді қайнысының мына қылығына күйіп-піскен Сәруе ыза болып.
Мұнан әрі Сәруе бұрылып өз үйінде қалып қойды да, Қыдырман тойтық ақсаңдай басып әрі қарай кетті. Біз, балалар, енді бір сойқан болатын шығар деп, сол күні сырттай Қыдырманың қайда барып, қайда жүргенін аңдумен болдық.
Петьканың: «Байдалы шал енді біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар»,- деген қалжыңы шынға айналды. Айтқанындай-ақ бастық болған күннің ертеңіне Байдалы шал Санатты сабақта отырған жерінен шақыртып әкеткен. Содан бір сабақты өтіп, одан келесі сабаққа кірерде ғана, Санат қалтасы толы бауырсақ, жымың қағып тоқ көңілмен оралды.
− Иә, не болды? Неге шақырыпты? — деп, жан-жақтан жапырлай қалған біздің сұрауымызға Санат:
− Жай,- дей салды.- Мә, одан да бауырсақ жеңдер,- деді онан соң қалтасындағы бауырсақтан бәрімізге жеткенінше үлестіріп. Ақ ұннан пісірілген иісі аңқыған қызыл сары бауырсақ нанды ұмыта бастаған біздер үшін тәттіден бір кем емес еді. Сондықтан бәріміз шетінен аз-аздан қана тістелеп дәмін алсақ, енді біріміз құрт құсатып сөлін сорып тамсанамыз. Бүкіл класс ішін бауырсақ иісі алып кетті. Тек бір кезде біздердің аузымыздың малжаңдап отырғанын сезіп қалған Әнипа апай:
− Кәне, сабақ үстінде тамақ жегендеріңді қойыңдар! — деп зеки ұрысқан, аузымыздағы бауырсақты жұтып-жұтып жібердік.
Ертеңіне атқарушы Ысқақ шал тағы келген, бірақ бұл күні Санат ауырып қалған еді.
− Онда,- деп ол кластағы балаларды тегіс шола қарап шықты да, көзі маған түсіп: — Қанат, сен жүр,- деді. Мен оның назарына іліккеніме қуана қорбаңдап орнымнан тұрдым. Төңірегімдегі балалар: «Бауырсақ әкелетін бол… бауырсақ…» — деп сыбырлап қап жатыр.
Атқарушы шал мені алдына сап кеңсеге қарай алып жүрді. Байдалы шал қақ төрдегі қызыл мата жабылған үлкен столдың басында көк мауыты тысты бөркін бір шекесіне қарай қисайта киіп, бүктеп ұстаған қызыл тобылғы қамшысымен алдында қобырап жатқан қағаздарды түртпектеп қойып отыр екен. Мені көріп қабағын кіржитіп, тіксініп қалды.
− Әлгі Санат ауырып қапты, оның орнына мынаны алып келдім,- деді атқарушы шал.
Байдалы шал астыңғы ерініндегі насыбайды алып тастап, аяғының астына қақырына былш еткізіп бір түкірді де, маған шегір көзімен шаншыла қарап, атқарушы Ысқақтан: