Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жазда пішен кезінде бұлақтың жоғарғы жағындағы жыраның шөбін мына Қанат екеуміз шалғымен шауып, бергі қабаққа жинап қойып едім. Соны күзде жеткізіп алуға колхоздың жұмысынан қолым тимей кетті емес пе.
− Осы аптада ол жақтан шөп тартуға мына Қыдырман екеуміз де барып қалармыз.
− Онда соны екеуің бөліп-жарып бірдеңе ғып үйге жеткізіп берсеңдерші, өзі бір шанадан аспайды. Мына Қанатты бірге ала барсаңдар, жолын көрсетіп көмектесер еді.
− Жарайды,- деп Зибаш Қыдырманға қараған.
− Әрине, жеткізіп береміз,- деді Қыдырман да іле қостап.
Тағы да тіршілікке байланысты ананы-мынаны сөз етіп біраз отырған соң, Зибаш та ата-енесінің бұл келгенше ұйықтамай күтетінін айтып, кетуге ыңғайланған. Әпкем оған ризалығын білдіре отырып соңғы тілегін айтты: онысы мына қалып бара жатқан өлмелі кәрі шешесі мен көкқарын інілеріне көз қырын сала жүр деген еді. Бұл сөзін ол Зибашқа айта отырып, Қыдырман мен Үмітке де құлаққағыс қылғаны еді.
− О не дегенің, қолымыздан келген жәрдемімізді көрсетіп тұрамыз ғой,- деді Зибаш тағы да қоштау күткендей Қыдырманға, одан Үмітке қарап.
− Әрине, әрине,- десті анау екеуі де.
Зибаш Нәзира әпкеммен көзіне жас ала тұрып, құшақтасып қоштасты.
− Қайда жүрсең аман бол… Аман-сау қайт, тентек қыз…
Зибаш кеткен соң, Қыдырман мен Үміт екеуі тағы да мектептегі балалық кездерін еске алып, бірінен-бірі сабақты қалай көшіргендерін, сабақ үстінде отырғанда қай баланың не істегенін айтып мәз боп күлісе бастады.
− Тағы да бір шай ішелік, Қанатай, сабан әкеп от жақшы,- деді қайта көңілденген Нәзира әпкем.
Мен сабан әкелуге сыртқа шықтым. Түн жарымы ауа барып туған ай бір шекесі ойылып, солғындаған сәулесі төңіректі бозамықтандырып тұр екен. Ауыл тегіс тым-тырыс, ең аяғы мазасыз иттерге дейін тәтті ұйқыға батқан сияқты. Тау жақтан болар-болмас қана қоңыр жел үріп тұр. Қораның сыртына қарай шығып сабаннан құшақтап ала бергенімде, арғы жақтан сабанды сылдырлатып біреу жүргендей болды. Селк етіп сабанды тастай қашуға шақ қалдым.
− Қанатай, қорықпа, бұл мен ғой,- деді ұрлана шыққан дауыс, Зибаш екен.
− Жоқ, қорыққан жоқпын,- дедім мен өзімше сыр білдірмегенсіп. Өзім іштей таң қап тұрмын, әлгінде ғой: «Ата-енем келгенімше жатпай күтіп отырады»,- деп, асығып кеткен сияқты еді, енді біздің сабанның түбінде мына тұрысы не? Әлде қайтуға қорқып тұр ма екен?
− Қанатай, ақылың бар ғой, айналайын, анау қыздарға байқатпай Қыдырманға ақырын ғана ымдап, бір кісі шақырып тұр деші,- деді сол ұрлана сыбырлаған үнмен.
− Мақұл.
Сабанды құшақтап үйге кірдім де Қыдырманға қарап «Әй, тойтық» деп қала жаздап барып:
− Сені есік алдында бір кісі шақырып тұр,- дедім еш ымдап жатпай-ақ бірден дүңк еткізіп.
− О кім? — деді Қыдырман таңырқап.
− Шықсаң көресің ғой.
Нәзира әпкем де, Үміт те қосарлана:
− Бар, бар! Шаруасы бар кісі шығар,- десті.
− Ой, о кім болды екен? — деп, Қыдырман тойтық тойтаңдай басып сыртқа шығып кеткен. Үш қыз бір-біріне қарап сықылықтаса кеп күлді.
Қыдырман тойтық сол кеткеннен қайтып оралған жоқ. Мен от жаққам, ошақ үстінде жылы тұрған шәугім сәлден кейін-ақ қайнай бастады. Қыздар тары да шай ішті.
− Енді жатпай-ақ қояйық,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға.- Жол бойы әлі ұйықтармыз.
− Менің жатқанмен де бәрібір ұйқым келмейді,- деді Гүлсара мұңайып.- Сен ғой, әжеңмен, інілеріңмен, құрбы-құрдастарыңмен, ауылыңмен қоштасып аттанып бара жатырсың, ал мен болсам әке-шешемнің қандай халде екенін де біле алмай кетіп барам. Ойласам-ақ жүрегім сыздап сала береді.