Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Екеуміз де үнсізбіз. Сөйлесуге ерінетін сияқтымыз. Мынау белес-белес боп созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ аппақ дала, бір шөкім бұлт жоқ шыныдай мөлдір көк аспан, май тоңғысыз жылым ауа — барлығы да шана үстіндегі бізді тербетіп келе жатқандай болады.
− Әлгі Көбеген байғұс көрінбейді,- деп қойды бір кез орнынан көтеріліп алға қараған Бектай. Менің есіме әпкемнің бағанағы айтқандары түсті. Бір ауық ойша екеуін салыстырып көргем, сүмірейген балдақты ақсақ, әрі кексе Көбеген мен тепсе темір үзетін, оттай жайнап тұрған әпкем екеуінің арасы жер мен көктей екен. Ақсақ бұл түгілі қол-аяғы бүп-бүтін, түр десең түрі бар, өнер десең өнерлі, жігіттің сұлтаны боп көрінетін Ырысбекті де әпкем менсінбей қойды ғой. Әпкемнің теңі Тоқтар еді ғой. Шіркін, қандай әдемі жігіт еді! Шалдар айтқандай, қынынан суырған қылыштай боп тұрушы еді. Ер жігіт сондай-ақ болар! Оның қасында Ырысбек кім, Көбеген кім? Қайран әпкем, түсінем мен сенің жайыңды… Қалғып кетіппін.
− Аға, отырыңыз! — деген дауыстан көзімді ашып алдым. Шана тоқтапты. Жол шетінде тұрған Көбеген қарға сағағына дейін батқан қос балдағын әзер деп суырып алды да, шана үстіне лақтырып тастай берді, өзі бір аяғымен секіріп кеп, бар салмағымен менің қатарыма гүрс етіп отыра кетті, отыра кеткен жоқ-ау, құлап түсті. Жақыннан анық көрдім, түрі адам шошырлық еді, өрт сөндіргендей қап-қара, бет-аузынан айғыз-айғыз аққан тердің іздері ақ таңдақтанып, жолақ-жолақ боп қапты. Шанаға жамбасы тиген бойда талмаусырағандай көзін жұмды. Танауы қусырылып, тынысын солықтай алып, тым-тырыс сұлық жатты да қойды. Өне бойы тегіс әбден тоңған адамдай діріл қағады.
Екі белесті асқан соң ауылға да жеттік. Нүсіп шалдың үйінің тұсында Бектай шананы тоқтатып, Көбеген түсіп қалды. Қалт-құлт етіп бір аттады да, босап жатқан қарға айыршағына дейін кеткен балдағын суырамын деп алға қарай ұмтыла тартқанда, жалп етіп ұшып түсті. Бектай екеуміз шанадан секіре-секіре түсіп ұмтылғанбыз, осы кезде үйлерінен Нүсіп шал мен қызы екеуі де жүгіре шыққан. Екеуі бізден бұрынырақ жетіп Көбегенді қолтығынан демеп, көтеріп әкетті.
ҚЫДЫРМАН ТОЙТЫҚ
Арада екі күн өтті ме, жоқ па, сәске кезінде күтпеген жерден Нәзира әпкем жетіп келді. Қасында сол әнеугүнгі мен көрген Гүлсара деген дос қызы. Екеуінің де үстінде сол еркекшора киімдері — комбинезондары, іштерінен жылы жемпірлерін киіп, белдерін мықтап буынып алған, бастарында құлақшын, білмеген адам екеуін де қыз деп ойламайды, ауыл арасының бозбалалары сияқты, жүрістері суыт, сонау МТС-тан жаяу келгендері көрініп тұр. Әжем әуелде қуанып қалса да, артынша көңілі әлденеден секем алғандай:
− Әйтеу, бұл жүрістерің жайшылық па? — деп сұраған.
− Жайшылық. Сендерді сағынып кеттім,- деді Нәзира әпкем жайма-шуақ күлген болып. Бірақ үнінде де, күлкісінде де абыржу бар еді. Құлақшынын шешіп, желкесіне түйген тоқпақтай ұзын бұрымын босатып әуелі өңіріне түсіріп, үш жағын сәл тарқатыңқырап барып өрді де, сәнімен арқасына қарай сілкіп тастап, әжемнен бастап барлығымызға тегіс күлімсірей қарап шықты. Күлкісі маған жасанды боп көрінді.
− Сонша неғып үрпиісе қалдыңдар? — деді тағы да көңілдене сөйлеген боп.
− Әй, сенің осы келісің тегін емес. Менен бірдеңені бүгіп тұрсың? — деді әжем.
− Айтып ем ғой,- деді Нәзира әпкем Гүлсараға қарап күле сөйлеп,- Менің әжемнің көріп келі бар деп. Әне, бәрін біліп отыр.
− Әй, нені біліп отыр дейсің? Нені жұмбақтап тұрсың?! — деді әжем шыдамсыздана.
− Ештеңе емес. Сонан кейін айтам ғой.
− Жоқ, қазір айт.
− Айтсам айтайын,- деді әпкем сол көңілді үнін бұзбастан.- МТС мына Гүлсара екеумізді және бес-алты қызды соғыстан азат етілген қалаларды қалпына келтіруге жіберіп отыр.
− Ойбай, не дейд?! Соғыс деймісің, ой-ба-ай!..- деп әжем баж етіп, ойбайлап жөнелген.