Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Көбегеннің даусы керемет зарлы. Қиссаларды ескі бір әуендерге салып зарлатқан кезде, төбе құйқаң шымырлайды. Мұраттарына жете алмай, қосыла алмай арманда кеткен ғашықтардың, жауыздықтың қырсығынан бір-бірінен айырылған бауыр мен қарындастың зар-мұңы соғыс кезінің зар-мұңымен ұштасып, әркімнің жүрегіндегі жарасына тиетін болу керек, тыңдаушылар егіліп отырып, көз жастары сорғалап отырып тыңдайды.
Сөйтіп, аз күннің ішінде-ақ Көбегеннің қиссашылығы бүкіл ауылға тарады. Біреулер:
− Шіркіннің даусы-ай, сай-сүйегіңді сырқыратады? — деп тамсанса, екіншілері:
− Апыр-ай, десеңші, анау жылы әскерге алынбас бұрын мұның «әу» деген өнерін байқамаушы ек, осының бәрін қайда жүріп жаттап алған өзі? — деп таңданады.
− Е, ол кезде сендер байқайтындай ма, едіңдер? Көздерің аспанға қарап, шатырайып шолақ белсенді болғандарыңа мәз боп, арақ ішуден асқан өнер жоқтай көруші едіңдер ғой,- дейді үшіншілері.
− Шерменде ғой, байғұс. Жастайынан ата-анасынан жетім қап не көрмеді. Соның бәрі көкірегінде беріш боп қалды емес пе…- дейді төртінші біреулер.
Үлкендерден естуімізше, Көбеген ата-анасынан жастайынан жетім қап, ауылда әркімнің есігінде жүріп өседі. Кішірек кезінде баласы жоқ үйлердің қозы-лағын қарап, есейіңкіреген соң жекеменшіктің қой-ешкісін бағады. Екі-үш кластық білім алып хат танығаны болмаса, оқымайды. Сөйтіп, әскер қатарына алынғанға дейін ешкім көзге ілмеген жалғыз басты жан болып кете берген. Алғашқы ақ финдермен соғысқа қатысқан, одан кейін Отан соғысының алғашқы күнінен бастап қырық төртінші жылдың ноябріне дейін, яғни аяғынан жараланғанға дейін майданның алдыңғы шебінде болған. Өзі бұған дейін төрт рет жараланған екен, ол жаралары ылғи жеңіл болып, госпитальда бірер ай жатып, сауығып майданға қайта аттанып отырыпты. Өз айтуынша, ауылға екі айсыз жеті жыл дегенде қайтып оралыпты. Сол екі айсыз жеті жылдың ішінде ауылдан не бары үш-ақ хат алған екен; оның екеуін соғыс басталардың алдында Тоқтар жазыпты, ал үшінші хатты осыдан екі ай бұрын госпитальда жатқанында Мұқан ағайдан алыпты, ауылдың амандығын айта кеп, өзінің әскерге аттанып бара жатқанын, мұның адресін военкомат арқылы анықтап алғанын жазыпты.
− Осында әскерден қайтқан кейбіреулер бар-жоғы бес-алты айдың ішінде ана тілімізді ұмытып қаппыз деп, не орысша емес, не қазақша емес былдырық сөздерді шатып-бұтып келеді, ал сен ғой жеті жыл әскерде жүріп осынша қиссаларды қалай ұмытпағансың? -дегенде, Көбеген:
− Қайдам, ұмыту, ұмытпауды ойлаған емеспін. Анда-санда қазақ жігіттері бас қосқанда айтатынмын. Онан соң госпитальда жатқан кезде екі-үш қазақ жатты, соларға айтатынмын,- деді.
Ауылдағы барлық үйлер сияқты Нүсіп шалдың үйі де екі бөлмелі болатын, ауыз үйге отын-су жиналатын да, түп үйде үй иелері тұратын. Еркегі бар үй, оның үстіне шалдың өзі де ұқыпты, шаруақор адам, жылда жазда үйін майлап-сылап жөндеп отырады, сондықтан басқа үйлерге қарағанда тап-тұйнақтай, тап-таза еді. Есігінің алдын да қардан кең ашып, тазартып күреп тастапты. Кішкене терезенің алдынан өтіп бара жатып ішке көзім түскен, Көбеген маңдайы жарқырап терезе алдында етік тігіп екен. «Еркегі бар үйдің тірлігі осы ғой»,- дедім іштей қызығып. Мен сәлем беріп кіріп барған кезде, шал мен кемпір үйлерінің ортасында қыздарының аяғына екі жақтап еңкейе қарап, жігі-жапар боп жатыр екен. Мені көре сап Шынар әке-шешесін ысырып тастады да:
− Кәне, қандай екенін мына Қанат айтсыншы,- деді жуан даусымен гүж ете түсіп, сөйтті де маған қарай жүрді, бір аяғына су жаңа сыңар етік киіп апты.
− Қалай, Қанат, етігім аяғыма жараса ма?
Бір оңға, бір солға аяғын бұраңдата басып менің алдыма кесе-көлденең тұра қалған, етігі мұз басқандай сықыр-сықыр етеді, топ-толық балтыры қонышын жарып жібере жаздап тұр. Обалы не керек, етігі де суреттей әдемі екен және жалтыраған хром қонышты тырсылдатып көріп тұрған Шынардың топ-толық балтыры да әдемі көрінді.