Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қораға дейін жел соңымыздан болып, боран екі өгізді де, мені де дедектетіп қуып әкелген. Енді қайтарда боранға қарсы жүрдім. Мұндай зәрлі, суық болар ма, тұла бойымды қалтыратып жіберді. Ышқынып-ышқынып ысқыра соққанда, көзді ашырмайтын ақ түтек тұншықтырып жіберердей болады, қойны-қонышымды кеулеп, аттаған сайын кері итеріп ұшырып кете жаздайды. Үрлей-үрлей киіздей ғып тығыздап тастаған қатты қарда бір сүрінсең, қаңбақша домалата жөнелетін сияқты. «Күн ашылса, мына қатты қарда әлі сырғанақтың түбін түсіретін болармыз»,- деймін. Үш күннен бері далаға шықпай әбден ішім пысқаны сонша, бірден үйге барғым келмеді. «Әжібек не істеп отыр екен, соға кетейінші»,- деп, соның үйіне бұрылғам. Күткенімдей-ақ үйінде бір топ бала у да шу боп отыр екен. Қақ төрде аласа дөңгелек үстелдің басында, қолында пышақ, Әжібектің өзі отыр, алдында ағаш ет табақта ет дейін десем ет емес, бірақ соған ұқсас жалбыршақтанған бірдеңе буы бұрқырап тұр. Басқа балалар: Бәтен, Санат, Қайрат және бір-екі бала әрқайсысы әр шетте Әжібектің аузына көздерін сатып мөлие қарапты да қалыпты. Үсті-басым қар-қар боп мен кіріп келгенде, Әжібек:

− Міне, Қанат та осы құйқаның иісін біліп келді,- деді мәз болып.- Жарайды, сен де отыр, әуелі мен өзім тойып алайын, қалғанын сонан кейін бәріңе бөліп беріп ауыз тигізем. Піссімілдә…

Әжібек табақтағы құйқаның бір шетінен кесіп ап аузына тастап жіберді де, алдымен біраз шайнап дәмін алып көріп, қылғыта жұтып жіберді.

− Дәмді екен,- деді. Мұнан әрі ол көн етіктің қонышы құсап жиырылып жатқан қалың құйқаны кәдімгі ет құсатып пышақпен шетінен кесіп, асай бастады. Балалар тамсанып қойып оның жегеніне телміре қараймыз. Мына жеспен Әжібек бір табақ құйқадан бір жапырақ та ауыз тигізбес деп отырмыз. Жо, құйқаның жартысынан көбі желінгеннен кейін, тояттайын деді, кекірініп, алдындағы сорпасынан ұрттап, ет табақты кейіндеу ысырып қойды. Бізге бірден бөліп беруге көзі қимай біраз отырды. Онан соң есіне әлдене түскендей ойланып қалды да:

− Қазір бәріңе де аз-аздан беріп ауыз тигізем,- деді ескертіп.- Дәмінің қандай екенін көріңдер. Егер үйлеріңде ірі малдың жатқан-тұрған жас терісі болса, осында әкеліңдер, өстіп асып жейтін боламыз. Білдіңдер ме?!

Әжібек кесіп берген бір-бір жапырақ құйқаны жеп көріп, бәріміз де тамсана түсіп дәмді екенін мойындадық. Берсе тары да жер едік, бірақ Әжібек бере қоймады. Табақта қалған үлкен бір кесек құйқаны меңзеп:

− Мынаны, егер кімде-кім маған Мәриді шақырып әкелсе, соған берем,- деді.

− Мен шақырам,- деді Қайрат.

− Мен шақырам,- деді Бәтен.

− Ол келмейді мұнда,- деді Санат.

− Сендер келетін етіп шақырыңдар.

− Шешесі жібермейді ғой.

− Мектепке апай шақырып жатыр деп алдап ертіп шықпайсыңдар ма, көксоққандар-ау! Әй, осы сендерде түйір ақыл болсашы, сендерге ақыл үйретем деп, мына шашым жасыма жетпей ағаратын шығар.

− Далаға шақырып шыққанмен, ол қызды мұнда әкелу қиын ғой.

− Иә, ол өзі әртіспін деп тұштаңдап, анау-мынау айтқаныңа көнбейді.

− Ал сендер көндіріңдер,- деді Әжібек қатуланып.- Менің кім екенімді айтыңдар, менсінбей көрсін!.. Ал екеуің барыңдар! — деді Бәтен мен Қайратқа — Ал, сендер,- деді Санат екеумізге: — отыра тұрыңдар.

Менің таңғала байқағаным, сол күні Әжібектің мінезінде де, сөзінде де бұрын біз байқамаған бір өзгешелік бар еді. Біз Санат екеуміз оның кей сөзін ұққан, түсінген сияқты болдық та, кей сөзіне түсіне алмадық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий