Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Үйге қайтып келе жатқанымызда, жолда есігінің алдында — Әжібек тұр екен. Түрі өрт сөндіргендей қап-қара боп түнеріп, қатулы еді. Әрине, Ырысбектің қорасындағы тобылғыны мектепке тасып алғанымыз үшін ол бізге ызалы. Дәл қазір қолына жалғыз-жарым түскенімізді итше тепкілеп аямайтыны анық. Сондықтан біз оның үйінің қасынан жұбымызды жазбай топтасып өттік. Ол біздерге қарап жұдырығын түйіп:
− Сатқындар! — деді кіжініп.
Осылайша екі-үш күнге дейін мектепке топтасып барып, топтасып қайтып жүрдік. Ойынды да үйлеріміздің төңірегінде ойнаймыз. Әжібектен қол үзіп алғанымызға өкінеміз де, бірақ оның алдына баруға және де батылымыз бармайды. Сабап тастайды деп қорқамыз.
Үшінші күні сабақ арасындағы үзіліс кезінде мектеп алдына Әжібектің өзі келді. Қапелімде не істерімізді білмей абдырап сасып қалған біздерге ыржия қарап:
− Әй, көк милар, мен сендерді кешірдім. Ойлап қарасам сендердікі дұрыс екен,- деді тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып.- Оқу үшін ағайынмен де ренжісуге тура келеді. Ал сендер болсаңдар отынды оқу үшін алдыңдар ғой.
Әжібектің өзінің іздеп кеп татуласқанына біз де қатты қуандық. Оны ортамызға ала тұрып өтіп жатқан сабақтарымызды, естіген-білген жаңалықтарымызды айтып, көңіл кірбіңін жазғандай боп қалдық. Қоңырау қағылып, біз келесі сабаққа кірерде ол:
− Сендерсіз көңілсіз екен. Сабақтан босаған кездеріңде үйге келсеңдерші,- деп шақырды.
Енді біз сабақтан кейін қолымыз босай қалса, бұрынғы әдетімізше Әжібектің үйін төңіректеп, соның бастауымен ойнайтын дағдылы ойындарымызды қайта ойнай бастадық. Біртіндеп ол бізге әмірін жүргізуді қайта бастады.
Бірде оның үйінде бес-алты бала тығылып ап темекі тарттық. Бір-бір шылымды тартып болғанша түтінді ішке қалай жұтуды, одан оны бұрқылдатып қос танаудан қалай шығаруды бір-бірімізге көрсетіп, қызыққа батып отырдық. Кейбіреуіміз әжептәуір үйреніп те қалған екенбіз. Түтінді қос танаудан Әжібектің өзінен қалыспай бұрқыратып шығарамыз. Онымызға Әжібек мәз-мейрам боп қуанады.
− Ой, маладес!.. Міне, нағыз шылымшы! — деді қолпаштай мақтап. Бір шылымды тауысқанша бір-бірімізге өнерімізді толық көрсетіп, үлгере алмай қалғандай да болдық.
− Мен шылым тартуды үйрендім.
− Мен де үйрендім. Қалай тартқанымды Әжібектің өзі көрді ғой.
− Шіркін, тағы бір шылым болса,- десіп даурыға бастадық.
Бір-бір шылымдық темекі бергеннен кейін қабының аузын мықтап байлап қоятын Әжібек біздің мына сөздерімізден кейін шыдай алмай кетті-ау деймін:
− Әй, сендерден аяғанымды ит жесінші,- деп, қабының аузын қайтадан шешті.- Сендер темекі орай алмайсыңдар, жартысын рәсуа ғып шашып аласыңдар. Сондықтан, дабай, қағазды әуелі ешкі сирақ етіп дайындап орап алыңдар!
Біз енді Әжібектің өзі көрсеткендей етіп, қағаздан ешкі сирақ етіп орап алдық. Бұлай орау оңай екен. Сол ешкі сирақты толтыра-толтыра темекі салынды. Ал кеп түтінді бұрқылдата сорып, жарыса тарттық. Алғашқы күндердегідей емес, темекінің түтіні кеңсірігімізді онша ашытпайды, қақалып-шашалмаймыз да, сорып ап ішімізге жұтамыз да, онан соң бұрқыратып танауымыздан шығарамыз. Бір рақат, шылымды сөйтіп тартып отырғанда, өзімізді есейген, дардай адам сезінеміз. Үлкен жігіт болғанымыздың белгісі-ау дегендей, әрқайсымыз қоқиланып қоямыз. Міне, ешкі сирақты да тартып бітірдік. Қызды-қызды боп отырған Әжібек өзі бастап тағы да бір-бір ешкі сирақты орап алдық, тағы да темекі тартудың өнерін кезектесе көрсетіп бұрқылдатып кеттік. Екінші ешкі сирақ бітуге таяған кезде, көз алдым, отырған балалар, бүкіл үйдің іші айнала бастағандай болды, екі қулағым шуылдап, балалардың сөзі алыстан күңгірлеп естілді. Ұйқым келген сияқты, қалғи бастаған сияқты болам, жантайып жатқым келеді… Алыстан талып естілген күңгір-күңгір сөз… дауыл жел соққан толассыз бір шуыл… «Ыш-ш…» Мұнан әрі ұйықтап кеткен болуым керек, ештеңені білмеймін.