Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жә, тоқтатыңдар! — деді Әнипа апай екеуіне де зеки сөйлеп. Онан соң сүмірейіп тұрған біздерге қарады.- Бүгіннен соң мектептен шығысымен үйлеріңе қайтатын болыңдар. Оқу программасынан онсыз да көп кейіндеп қалдыңдар, соны қуып жетуіміз керек. Ол үшін ешқайда бұрылмай үйге қайтып, сабақтарыңды оқыңдар.
− Бұларды мен шақырмаймын, өздері келеді,- деді Әжібек.
− Сен ересексің ғой, бұларға жаман қылықтарыңды үйретпе.
− Немене, мен сонда осыларға жаман болыңдар дей ме екем.
Бәріне де адам болыңдар деймін ылғи. Ал жаман қылықтарды өздерінің үйренгілері кеп үздігіп тұрса, мен қайтейін.
− Үйренбе де.
− Өйтіп айта алмаймын. Мендегі бар жаман қылықтар бұларда да болсын. Мен қор боп жүрген жоқпын ғой, бұлар да қор болмайды.
− Сен өзің үлкенмен салғыласып, бетіңмен өсіп келе жатқан бала екенсің,- деді Әнипа апай кейи сөйлеп.
− Мен емес.салғыласып тұрған өзіңізсіз ғой. Пажалыста, жолыңыз әне, жүре беріңіз,- деді Әжібек те ызаланып.- Ал мен қай бетіммен өссем, мыналар да сол бетпен өседі.
− Сен өзің неге оқымайсың?
− Оқуды қайтем?!
− Қайткені қалай, келешегіңді, адам болуыңды ойламайсың ба?
− Мен оқымай-ақ та болам.
Мұнан әрі шыдамы таусылған Әнипа апай:
− Жүріңдер, балалар! — деп, бізді соңынан ертіп мектепке қарай жүрді. Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойып сыңар езулей күліп қала берді. Былайырақ шыққан соң Әнипа апай сәл кідірістеп біздерден:
− Сендер тауға шығып отын шаптыңдар ма? — деп сұраған. Біз бір ауыздан шапқанымызды және оны қол шаналарымызбен тасып сүйретіп ЬІрысбектің қорасына жинап қойғанымызды айттық.
− Демек, ол отын өздеріңдікі ғой? — деді Әнипа апай анықтай түсіп.
− Өзіміздікі. Өзіміз шаптық, өзіміз тасып әкелдік.
− Ендеше, балалар, сол отынды қазір мектепке тасып алайық. Үй иесі әскерге кетіпті, иесіз қалған қорадан тағы біреу тасып әкетуі мүмкін. Онан да өзіміз аз күн болса да класымызды жылытып сабақ оқиық.
Бұл ақыл бізге бірден қона кетті. Шынында да, өзіміз шапқан тобылғымызды мектепке тасып ап, өзіміз жағып, өзіміз асылынып отырсақ оның несі айып. Оқушы балалар лездің арасында құмырсқадай қаптап кеп, Ырысбектің қорасындағы әнеугүні ғана өзіміз жинап қойған тобылғыны біріміз шанаға сап сүйретіп, біріміз арқалап мектепке таси бастадық. Тас қойма жақтан шауып келген Байдалы шал:
− Әй, бұларың не? Әскерге кеткен адамның отынын тасып алды деген не деген сұмдық! -деп ақыра айқайлап, қамшы үйірген.
Біз шу ете түсіп, тым-тырақай қаштық.
− Әй, мұғалім қыз, мұның қалай? — деп енді ол Әнипа апайға тап берген.
− Ақсақал, сіз мектептің отынын дәл осылай қорғауыңыз керек еді,- деді апай қатқыл үнмен.- Ал мына отынды балалардың өздері шапқан. Мектепте отын болмағандықтан, алуға мәжбүр боп отырмыз.
Апайымыздың мына сөзі бізге медеу болып жан-жақтан:
− Бұл өзіміздің отынымыз, өзіміз шапқанбыз! — деп шулап кеттік. Біздің шуымызға ауыл адамдары шығып, олар да отынды өзіміздің шапқанымызды растап ара түсіп, мектепке отын түсіріп беріп жәрдемдесудің орнына Байдалының мына қылығының ерсі екенін айтып, ауыл арасы біразға дейін улыған-шулыған болды. Сөйтіп жүріп Ырысбектің қорасындағы өзіміз шапқан тобылғыны тегіс мектепке тасып алдық. Ертеден бері күйелеш-күйелеш боп сабан жағып, класты жылыта алмай ит әуре болған Дәметкен апай пешке тобылғыны толтыра тыққан. Қызыл тобылғы дүрілдеп ала жөнелді, біраздан кейін пештің шойын қақпағы қып-қызыл боп қызарып, қабырға пеш қызып, кластың іші жыли бастады. Түстен кейін оқитын балалар ертеңгісінгі біз құсап дірдектемей, сабақтары расписание бойынша өткен еді.