Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Темекінің бұрқыраған ащы танауымызды бұрынғыдан да гөрі жарып жіберердей жыбырлатып, түшкіру-пысқыруымыз жиілеп кетті.

− Пах-пах-пах!.. жарықтықтың иісі-ай,- деп Әжібектің өзі де түшкірінді.- Мә, мынадан бір-бір шылымдық қағаз жыртып алыңдар,- деп ол қалтасынан алған бүктеулі газетті ұсынған. Дереу жапа-тармағай алақандай-алақандай етіп бір-бір шылымдық қағаз жыртып алдық. Әжібек қабының аузын ашып, әрқайсымызға бір-бір шекімнен салып бере бастады. Бәрімізге салып берген соң:

− Әй, құр қалған ешкім жоқ па? — деп сұраған.

− Жоқ,- дедік бір ауыздан.

− Ал онда өзіме салайын,- деп, газеттен жыртып ап өзіне де бір шөкім салып алды. Оны қолы майыса отырып орап, онан тілімен жалап жабыстырғанының өзі қандай әдемі десеңші! Біз де соған еліктеп шылымды әдемілеп ораймыз дегенімізбен, қолымыз икемге келмей, бір шөкім темекінің өзін төгіп-шашып отырып әзер орадық.

− Нешауа, өсти-өсти үйренесіңдер,- деп қойды Әжібек біздің ұсқынсыз оралған шылымдарымызға қарап. Енді ол қалтасынан шақпақ тас және мақта алып, шағып-шағып қалған, мақта түтіндеп сала берді, соны үрлеп-үрлеп қойды да темекісін тұтатты. Онан соң сол темекісін сора отырып бәріміздің шылымымызды тұтаттырды. Шылым тартуды білетініміз де, білмейтініміз де құшырлана соруға кірістік. Нағыз темекінің тілді қуырған удай ащы түтінін сорып аламыз да, бұрқырата үрлейміз. Бір-бірімізге қарап жымыңдаса мәз болып, дүниенің бір рақатына қолымыз жеткендей күйде тұрмыз.

− Әй, сендер мына маған қарап, менше тартыңдар,- деді Әжібек, сөйтті де шылымын терең сорып аузына түтінін толтырып алды да, су жұтқандай ішіне қарай қылқ еткізіп жұтып қойды да, онан соң әлгі түтінді қос танауынан бұрқылдата шығарды. Шылым тарту деп осыны айт! Енді біз де шылымнан аузымызды толтыра сорып ап, оны ішімізге жұтып, онан мұрнымыздан шығармақ болдық. Бірақ шылымды бұлай тарту оңай емес екен. Қақалып-шашалмағанымыз кем де кем-ақ шығармыз. Удай ащы түтін бүкіл кеңсірігімізді қуырып, тұншығып өліп қала жаздадық.

− Өй, ақымақтар, өйтіп түтінді бірден көптен сорып жұтпай, әуелі аз-аздан сорып үйреніңдер,- деді Әжібек жеки ұрсып.

Кейбір шылымды қақалмай-шашалмай тартқан балаларға ол:

− Маладес! Сен түбі шылымды жақсы тартатын боласың,- деп мақтап қояды, ал кейбір лоқси бастаған балаларға: — Қор болған темекі! Мынадан түк шықпайды-ей,- деп ұрсып, желкесінен қойып қалады.

Біраздан кейін үйдің іші көк түтін боп кетті. Бір бұрыштағы бала екінші бұрыштағы баланы әзер көреміз. Әуелгіде тым-тырыс отырғанымызбен, шылымның қызығына түсе келе даурығыса бастадық.

− Міне, мен түтінді жұтып, мұрнымнан шығара аламын.

− Мен де үйрендім, қарашы бері!

− Олай емес, былай шығару керек.

У-ду шудан ба, әлде түтіннен бе, сәлден соң басым айнала бастады. Балалардың бәрі күңгір-күңгір сөйлейтін сияқты. Көз алдым сәл айналып тұрғандай, әйтеу, бір қызық хал, ептеп жүрегім айниын деді.

− Әй, көксоққандар! — деді бір кез Әжібек ұйқыдан оянғандай.- Әй, мына үйдің ішін көк тұман ғып жіберіппіз ғой. Мәссаған! Сендер үйлеріңе кетесіңдер, мына көк тұманды жұтып сорлап мен қалам ғой. Кәне, далаға шығыңдар!

Сыртқа шыққанбыз. Кәдімгі бір тар қапастан тұншығып шыққан адамдай көкірегім ашылып сала берді. Суық ауа бүкіл өне бойымды қуалап, бұлақтың тастай суын сіміріп-сіміріп жібергендей болдым. Уһ, қандай рақат! Балалардың бірі қақырынып-түкірініп, бірі лоқсып қойып күресін қарға еңкейеді. Бірақ соған қарамастан көңіліміз шат, шетімізден мәз боп тұрмыз. Шылым тартуды үйрене бастағанымызды мақтан етіп тұрмыз.

− Әй, көксоққандар! — деді Әжібек.- Ертеңнен бастап оқуларың қайта басталады. Анау жаңа келген мұғалім қызды ренжітуші болмаңдар. Егер біреуіңнің қиқалаңдағаныңды естісем, менен жақсылық күтпеңдер! — деді қатал ескертіп.

* * *

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий