Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жо, бұл із түлкінікі емес,- деді ізге үңіле қараған Санат.- Түлкі қарға бүйтіп батпайды.
− Онда қасқырдың ізі шығар?
− Жо, қасқыр да емес. Бұл — иттің ізі.
− Қазір не болса да көреміз енді,- деді алда келе жатқан Әжібек.- Әне, үңгірден қарайып бірдеңенің басы қылтияды. Кетпендеріңді оңтайлап ұстаңдар!
Осы кезде алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден Қарақаншық атып шықты, көздері қып-қызыл боп қанталап, тістерін сақылдата ырылдап, айбат шегіп бізге қарсы жүрген. Аппақ қардың үстінде өзі қап-қара боп, ештеңеден тайынбайтын керемет қорқынышты еді. Жолбасшымыз Әжібек болып, біз бір-бірімізді баса-жанша кейін қаштық. Қорыққандарынан бір-екі баланың ойбайлап жіберген дауыстары да шығып кетті. Омбы қарда сүріне-қабына едәуір қашып барып кейін бұрылғанбыз, Қарақаншық соңымыздан қумапты, үңгірдің аузына қайта барып, жер иіскелеп қаңсылады да, ұлып-ұлып жіберді.
− Әй, мынаның іші қабысып, емшектері салақтап тұр ғой, күшіктегеннен сау ма? — деген балалардың бірі.
− Расында да, түрі күшіктеген сияқты.
− Иә, үңгірге маңайлатпауы тегін емес.
− Қыста күшіктеген қаншықты көргенім осы.
− Қайбір жақсылық дейсің,- десіп алып, алма ағаштың басындағы қатып-семген алмалардан күдер үзген балалар енді тауға қарай өз жолымызға түстік. Таудың етек жағындағы жел үрлеп нығарлап тастаған қалың қарды кетпенмен қадау-қадау ойып, баспалдақтап жол салып, жоғары қарай шұбыра өрлеп келеміз. Сөзіміз Қарақаншық төңірегінде: әлдеқашан жоғалдыға санап жүргенімізде, күтпеген жерден алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден шыға келуі бізді қатты таңырқатқан еді; оның үстіне қыс ішінде күшіктегенін қарасаңшы; күшіктері қалай тоңбайды екен; ауылға жоламай, мына жырақта жүріп өзі немен қоректенеді? Осы тәріздес толып жатқан сұрақтарға жауап таба алмай, дал боламыз.
− Қарақаншық киелі ит қой,- дейді ішіміздегі ең білгішіміз Санат.- Бұл ауылға не жақсылық, не жамандық әкеледі.
− Жақсылығын қайдам, жамандығын көріп жүрміз ғой,- деді Бәтен.
− Сен Бүбітайдың жынданып кеткенін айтасың ба?
− Иә.
− Оған Бүбітайдың өзі кінәлі. Қарақаншықтың күшіктерін тірідей көміп өлтірді емес пе?
− Қарақаншық олардың бір қазан сүтін ішіп кетті ғой.
− Бір қазан сүтке бола күшіктерін өлтірмеу керек еді.
− Сонда ауылға ұры иттер қаптап кетсін дейсің бе?
− Түк те қаптамайды. Қарақаншықтың бұрынғы күшіктерінің қайсысы ұры болып еді?! Ауылдағы көп үйдің иттері соның күшіктері ғой.
− Сен өйтіп Қарақаншықты жақтамай-ақ қой, бәрібір иттің аты ит те, ал Бүбітай — адам.
− Иттің де обалы бар, жазықсыз тиіссең, сол обалы жібермейді.
Мына екеуінің таласына шыдай алмай кеткен болу керек, осы сәт алда бара жатқан Әжібек кілт кейін бұрылды да:
− Әй, екі кемеңгер, тоқтатыңдар бос былшылды! — деді ыза болып.- Немене, Қарақаншық пен Бүбітайдың күйігі сен екеуіңе батып келе ме, сонша керілдесіп. Дабай, қойыңдар енді!
Санат пен Бәтен жым болды. Бәріміз үйіріле тоқтай тұрып, сәл тыныс алдық. Өрге қарай жүреміз деп едәуір алқынып қаппыз, өңдеріміз қызара тершіп, кейін қарай көз салғанбыз. Түу, шіркін, сұлулық деп осыны айт! Өзіміз дәл бір жердің кіндік үстінде тұрғандаймыз да, төңірек төрт бұрыш тегіс шыр айналып кеп біздің табанымыздың астына түскендей, көз жететін дүниенің бәрі де төменде жатыр. Жазда бірінің үсті көк-жасылданған егінжай, бірінің үсті көк жусан мен боз бетеге, енді бірі айдалған қара пар боп жататын бел-белестер мен дөңдер қазір мақталы қалың ақ көрпенің астында тарс бүркеніп алған, біркелкі боп қымтанып жатыр. Сол тұтасқан жалпақ дүние бұлдырап барып қысқы сұрғылт аспанмен астасқан жерге дейін аппақ боп күнге шағылысып, көзді қарықтырады.