Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Қыс ортасында Мұқан ағайымыз әскерге алынып, мектебіміз жарты айдай жабылып қалған. «Бұл қиын болды ғой, балалар оқудан қол үзіп қалатын болды-ау?! — деп мазасызданған ата-аналар ауылдың бас көтерері деп Байдалы шалға барған екен. Нұғыман ауырғалы, колхоздың кеңсесіне талтақтап кіріп, қоқырайып барып төрдегі бастықтың орнына шірене отырып жүрген Байдалы шал әлгі келген ата-аналарға жат та кеп ұрсыпты: «Әй, өздерің қалай ойлайсыңдар осы?! Мына қақаған қыста мұғалім табуды ойыншық көресіңдер ме? Ол жаңа келетін мұғалімге үй керек емес пе? Отын-су керек емес пе? Ал оның бәрін мен қайдан табам?!. Жә, басты қатырмаңдар!» — деп, қуып шығыпты.
Осыны естігенде, төсек тартып жатқан Нұғыман қатты ренжіген көрінеді. Байдалыны үйіне шақыртқан екен, әншейінде Нұғыманның атын естігенде мөнтең қағатын шал бұл жолы тіпті пысқырмапты да, «қолым тимейді» деп бармай қойыпты. Байдалы шалдың мына қылығын естігенде, үлкендер жағасын ұстады: «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағына ойнақ салар» деген осы екен-ау,- десті. Нұғыман кім еді? Байдалы кім?.. Күні кеше колхоздастыру кезінде бүкіл бір болыстың елін аузына қаратып, соңына ерткен, орақ тілді, от ауызды, бетіне жан қаратпаған жігіттің сұлтаны еді ғой Нұғыман. Әттең, абайсызда тап жауларының қолына түсіп, мертігіп қор боп қалды. Ал Байдалы болса әркімнің шөре-шөресінде жүрген, қолға су құюдан аспаған сорлы жан еді. Енді, міне, бүгінде кісімсіп бұл да ел басқарып жүр. Мына қараң өшкір соғыстың кесапаты да. Әйтпесе ер-азамат түгел тұрса, Байдалыға қарап қалар күн туар ма еді, сірә да?!
Әжібек болса өзіне қарайлас біздерді — балаларды жиып алып, біз арқылы ата-аналарымызды табалап бір рақаттанып қалды.
− Ал Байдалыға бағынып бір жетістіңдер-ау, а! Еріңдер сол қақбастың соңынан, тұпа-тура социализмнің төрінен бір-ақ шығарсын,- деп кекетті барлығымыздың төбемізден қарай тұрып.- Талай айттым ғой осы, ол Байдалы деген байдың құйыршығы боп келген адам, одан басалқалық шықпайды деп. Әй, енді не дейін бұл елге, шын сөзімді қор қылады. Баласынады. Өзіміздің әлгі боқмұрын Әжібек емес пе, осыны қойшы, адам болмайды дейді. Ал сонда сенген Байдалысының түрі анау ма?! — Әжібек Байдалы шалға да, оған бағынып жүрген бүкіл ауылға да ызалы еді. Сол ызасын қазір біздердің көзімізді шұқығандай бетімізге басып айтып тұр. Біз болсақ үнсіз мойындап тұрмыз. Шынында да, Әжібектің ақылындай ақыл кейбір үлкендерде жоқ-ау дейміз.
− Ал, көксоққандар, оқудан қалған обалдарың бірінші Гитлерге де, екінші Байдалыға,-деді Әжібек сөзін түйіндеп.- Қайта бір есептен осы соғыс біткенше, бастарыңды қатырып оқымағандарың да дұрыс. «Зат есім» «Сын есім»… тағы қай есім еді, әлгі…
− «Сан есім»…
− Иә, иә, сол толып жатқан есімдермен бас қатырғанша, пайдалы бір тірлік істеу керек қой. Оқуды соғыс біткеннен кейін оқып алсақ та жетеді. Өзім соғыс біткен күннің ертеңіне-ақ станциядағы нағашымдікіне барып, тұп-тура милицияның оқуын оқимын. Көкелеріңді сонда танытамын әлі. Әй, сонда әсіресе мына Байдалы қақбасты алдыма салып, іші кепкен сиырдай ғып бір тырқыратармын-ау. Бүкіл елдің алдында табанымды жалайтын болады…
Осы кезде үйінен шыққан Ырысбек дауыстап Әжібекті шақырған.
− А! Жолдас бас қолбасшы!
− Бері кел деймін,- деді Ырысбек.
− Қазір,- деп, Әжібек дедектей жөнелді. Кетіп бара жатып: — Мына әскерлерді қайтем? -деп сұраған.
− Күте тұрсын! — деді Ырысбек.
− Әй, тырп етпей күте тұрыңдар! — деді Әжібек бізге қайырыла бұрылып.
Біз сол тобымызды жазбаған күйде күтіп тұрдық та, Әжібек Ырысбектің жарлығын тыңдап қайтып оралды. Келе бәрімізге одырая өктем қарап: