Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Көксоққан-ау, сенің маған бергенің далаға кетпейді ғой, әлі қиын-қыстау күн туғанда, панаң болам ғой. Жә, ендігісін өзің білерсің. Онша санасыз емессің ғой…- Онан соң ол менің ақ киізбен ұлтарылған қара шарығыма, әр жерінен тесіктерінен тауық шоқығандай боп жүндері шоқ-шоқ боп шығып тұрған сары жарғақ тоныма көз тоқтата тұрып: — Әй, сенің көкең мен апаң екеуінің бірге түскен суреті бар ма? — деп сұрады.

− Бар.

− Бар болса сен соны тез арада Ырысбекке жеткізіп бер.

− Мен ол суретті ала алмаймын, ол Нәзира әпкемнің альбомына жапсырылған,- дедім.

− Сонда немене, Нәзира әпкеңнің альбомы адамның қолы жетпес жерде ме?

− Үлкен сандықтың ішінде.

− Аш сол сандықты…- Әжібек тісінің арасынан сыздықтата түкіріп қойды.- Обшым, ұзын сөздің қысқасы, көкең мен апаңның суретін ұрлап әкелетін бол.

− Әкеле алмаймын. Қиында жатыр дедім ғой.

− Әй, ақымақ, Ырысбек оны үлкейткісі келіп отырса, бұл қиында жатыр деп бәлденеді ғой. Бар, өлтіріл, қайтсең де сол суретті әкелетін бол. Бұл саған жауынгерлік тапсырма. Әкелмесең сонда болсын! Бар! — деп, ол сөз соңында май құйрығымнан ақырындап қана бір тепті. Мен кете бергем.

− Әй, көксоққан,- деді ол бірдеңе есіне түскендей желкемнен тартып қайыра бұрып.-Шарығыңнан су өтіп жүрген жоқ па?

− Қар еріген кезде өтеді.

− Онда былай істе. Менің жан адамға көрсетпей, тығып жүрген бір шелек солидолым бар, анда-санда кеп анау шарығыңның ұлтарма тігістеріне, табаныңа жағып алып жүр, сонда су өтпейді,- деді қамқорлық білдіріп.

− Солидолды киізге жағуға бола ма?

− Неге болмайды?! Вот ақымақ. Сен әуелі жағып көрсеңші. Міне, мен етігімді майлап алып ем, су дегенің сынапша сырғып, ішіне түк өтпейді. Қазір мына Бәтен мен Қайратқа да жаққызам.- Әжібек тағы да тісінің арасынан сыздықтата шырт түкіріп қойды.

− Пажалыста, күнде жағып тұрам десең де сенен аямаймын. Ал енді бар үйіңе, бәлденбей әлгі суретті бүгін-ертең әкеп беретін бол.

− Мақұл.

Шынында да, үлкейтемін деп Ырысбектің өзі сұратып отырса, одан неге бәлденіп, тартыншақтауым керек. Ауылдағы талай үйдің төрінен Ырысбек үлкейтіп берген суреттерді көріп қатты қызығатынмын. «Шіркін, көкем мен апамның суретін өстіп үлкейтіп төрге іліп қойса»,- деп армандайтынмын. Сөйтіп, келесі күні-ақ Нәзира әпкемнің альбомындағы көкем мен апамның суретін алып, Әжібекке ілесіп Ырысбекке өз қолымнан апарып бердім.

Ырысбек шертіп отырған домбырасын тастай бере, суретті бір жақындатып, бір алыстатып, одан терезенің жарығына қарай теріс қаратып ұстап қарап шықты да:

− Үлкейтуге қолайлы, жақсы екен,- деді.

Осы сезін естіп мен қуанып қалдым.

Ырысбек енді маған қарады да, одан қайта суретке қарады:

− Қанат, тоқташы,- деді. Сөйтті де суретке бір, маған бір тағы да кезек-кезек қарай отырып:

− О, көкесінен айнымай қалған жарығым, тіпті аузынан түскендей ұқсауын қарашы,- деп, мені құшағына алып қысып-қысып қойды. Әлгі мені ұстап алған жерде төбемнен қарға шаншып қорлық көрсететін мінезінен із жоқ, аяқ асты мен дегенде ет жүрегі езіле қапты. Оған деген шексіз ыза-өкпеден бе, әлде оның мүсіркей қалғанына қорланғаным ба, әйтеу, екі бетім дуылдап, көзім жасаурап, үндей алмай булығып шығып кеттім.

− Әй, Қанат, тоқта!

Әжібек соңымнан ілесе шыққан екен. Қуып жетіп, желкелігімнен тартып тоқтатты да:

− Сен суретті жоғалады екен деп қорықпа. Ырысбек, ол — сөздің адамы, айтса болды, орындайды,- деді мені жұбата сөйлеп. Онан соң менімен қатарласа жүріп, өз үйінің тұсына жеткенде: — Жүр біздікіне, мына шарығыңды майлап ал,- деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий