Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Сенен көрген қорлығым ба?! Сенің істегенің бе?! Сүйегімнен етті ғой!.. Әй, өлдім-ау, әбден…- деп, ызақорланып, жыларман боп жүр. Шықпыртып ұра түседі. Ырысбек болса қалың тонмен басып бүркелей түсіп, оның соққысын шыбын шаққан ғұрлы көрер емес, қарқылдап көзінен жас аққанша күледі. Екеуінің шаң-шұңына бүкіл ауыл жиналды. Байдалы шал түтіге тұрып Ырысбектен көрген қорлығын айтты: қалаға жетісімен Ырысбек дереу өзінің бір қап астығын сатып, ақшасын қалтасына салып апты да, шанасын Байдалы шалға тастап, өзі үшті-күйді жоғалыпты, содан дәл Байдалы шал қайтқалы тұрғанда, бір-ақ келген, бір қап бидайдың ақшасынан бір тиын жоқ, бәрін араққа салған.
− Онысын да қойшы,- дейді Байдалы шал.- Бұл иттің маған қайтар жолдағы көрсеткенін айтсаңшы. Әй қор қылды-ау, енді қайтейін-ай… Осы ауылға осыдан тірі жетермін бе, жоқ па деп шыбын жанымды қу шүберекке түйіп, шаққа келдім ғой. Мынау ма? Мынау адам емес, жұртым-ау!.. Жын ба, шайтан ба… әйтеу бірдеңе…
Онан арғы оқиға былай бопты: қаладан бері ұзап шыққанша, Ырысбек Байдалы шалдың ұрысқандарының бәрін үнсіз мойындап моп-момақам боп отырған, бір кезде шанасы тоқтай қалады (алдынғы шанада екен), өзі секіріп жерге түсіп, айдалада омбы қардың үстінде билей жөнеледі. Қолында екі басты бәкі, жүздері жалт-жұлт еткен, өзін-өзі әлгі бәкімен ал кеп сұққылайды, қайдағы бір жын-перілердің аттарын атап шақырып, зікір салып, көзі алақ-жұлақ етіп қанталап, түсі мүлде адам шошырлық күйге түседі. Содан бір кезде кеп Байдалы шалды алқымға алады, қылғындырып бауыздамақ болады. Есі шыққан Байдалы шал: «Әкем, Ырысбек, не болды саған?… Садағаң кетейін-ау, не болды? Жазығым не?» — деп жалынады. «Әлде қарның ашты ма? Мына менің астымдағы шөптің арасында қап бар еді?..» — деген кезде ғана босатады. Байдалы шал ауылдағыларға базарлық деп алып келе жатқан азын-аулақ ішімдігі және жұмсақ ақ нан, прәндік, кәмпит бар қаптың аузын шешіп, соларын жайып салып, ЬІрысбектің шеңгелінен әзер құтылады. Ырысбек ішімдікті ішіп, жұмсақ нанды тойғанша жеп, жол бойы қызара бөртіп рақатқа батып келеді…
− Адам емес мынау… адам емес! — деген Байдалы шал әңгімесін түңіле аяқтап. Сонан бері Ырысбекті көрсе, анадайдан айналып кетеді.
Бригадир Байдалы шалдың өзі сөйткенде, басқаға не жорық. Амал жоқ, Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме өз қолыммен әкеп ұсынам. Нәзира әпкем хатты алады да, бүктеуін де ашпастан қақ бөліп айырып, ошақтағы отқа тастайды, сонсоң мені жағымнан шапалақпен тартып-тартып жібереді.
− Жексұрын! — дейді көзі жасаурап.
Рас та. Өз әпкесіне Ырысбектің хатын тасыған іні жексұрын емей кім? Сөйтіп, екі оттың ортасында жүрген жайым бар.
Әнеу бір күні Ырысбектің хатын Нәзира әпкеме ұсынып тұрып, шыдай алмай еңіреп жылап жібердім. Менің мүшкіл халімді ұқты-ау деймін, Нәзира әпкем хатты қолына ұстаған күйде мені ертіп Ырысбектің үйіне әкелді де, көзінше қақ айырып тастай салды да, аяғымен таптап езгілей тұрып:
− Мен сіздің хатыңызды еш уақытта оқымаймын да, босқа әуре боп ендігәрі жазбаңыз,-деді. Өз терісіне өзі сыймай, ызадан жарылып кетердей боп түсі бұзылып, түтіге тұрып айтты.
Басқа біреу болса мұндайда Ырысбек көзін алақ-жұлақ еткізіп тап беретін, ал Нәзира әпкемнің мына істегенінен қызарақтап күле тұрып:
− Нәзира қалқам, мен… мен…- деп берген тұтығып.
− Анау кезде айтып ем ғой, мен сізге ешқандай да қалқа емеспін деп. Аулақ жүріңіз менен!
Онан соң мені ертті де, Ырысбектің есігін қатты сарт еткізіп шығып кеттік.
− Енді хат берсе, алма! — деді маған да түйіле сөйлеп.- Ұратын болса, айтып кел өзіме, Ырысбек тұрмақ онан зорғы болса да көріп алайын әуселесін!..
Әрине, Нәзира әпкем шындап ашуланса, кімнен де болса таймайды, бірақ заты әйел ғой, оны арқа сүйеп не мұратқа жетермін, қаншама жер тепсініп, мықтымси сөйлегенімен, жеме-жемге келгенде Ырысбекке не істей қояр дейсің, құр сөз де.