Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

− Шамамның келгенінше ондық-мұндықтарды шығарысып қолқабыс етіп жүргем. Бір қайырылып үйге кірсем,- дейді әжем кейінде сол сәтін еске алып.- Марқұм, айнаның алдында бөртпе шәлісін басына салып, бүйтіп өзіне-өзі төніп кеп қарап тұр екен. Менің кіргенімді де байқаған жоқ. Топырағың торқа болғыр, кейде бір кербез тарта қалатын керімсал еді ғой. Е-е, жаратқан, жақсыны құдай қойсын ба…- Әжем мұнан әрі кимешегінің ұшымен көзін сүртіп аз-кем жылап алады.- О, жалған-ай, десеңші, мен қақпаста да құдай сүйер қылық жоқ қой. Бір кезде со бөртпе шәлі үшін Ықсаным (менің көкем) екеуін екі күн үйге жолатпай қуып ем. Екеуі алғаш қосылған жылы қалаға базарға барып, сонда Ықсан сатып алып берген екен. Келген соң: «Әже, байғазы»,- деп, әлгі бөртпе шәлісін басына салып, келінім ыздиып алдыма келе қапты. Неден сайтаным ұстай қалғанын білмеймін, әйтеуір аяқ асты өз теріме өзім сыймай тырыса қалғаным. «О, қараңқағыр!..» -деп қолыма түскен сабаумен тұра ұмтылдым, ол күнде енеге тура қарайтын келін қайда, тұра қашты. Тіпті безіп кетті. Ықсаным бірдеңе-бірдеңе деп ара түскендей күңкілдейді. Ә, қатынжанды жайрағыр!» — деп сабаумен салдым кеп. Ол да шыбын-шіркей боп безді. Содан екеуі менен қорқып екі күнге дейін үйге жолай алмай жүрді ғой. Нұрсұлудың үйіне қонып жүрді… Сонымды кек көрмеген қос қарашығым… Екі күннен кейін екеуі ыржиып күліп алдыма кеп тұр. «Әже-ау, неден жаздық, ең болмаса айтып ұрсаңызшы»,- дейді. Неден жазғандарын өзім де білмеймін. Ашуымнан да қайтқым келмейді. Сабаумен екеуін екі салдым. Қолымның қайратының бар кезі емес пе, байқаймын, екеуіне де батып кеткен сияқты. Бірақ сыр бермейді өздері, со ыржиып күлген кейіптері. Бір ауық ашуым тарқап, қыбым қанғандай болды. Міне, сол бөртпе шәліні сонан қайтып менің көзіме көрсеткен емес. Бір жаққа барса үйден жасырып алып шығып, сыртта ғана басына салатын. О, ана сыйлаған қарғаларым… Енді, міне, екеуінен де айырылып, қу томар боп отырған отырыс мынау… Өлеріне көрінді ме, тап сол күні әлгі бөртпе шәлісін басына салып айнаның алдында өзіне-өзі төне қарап тұр екен. Қазір ойласам, бой түзегені екен ғой, күнімнің… Бір кез мені көріп жаман қысылып қалды. Балаша қызарып: «Әже-ау, мына бөртпе шәлі менің енді не теңім. Осыны Нәзирашыма берсем қайтеді?» — деді. «Өзің біл, қарағым»,- дедім де қойдым. Үстінен аңдып кіргендей болғаныма өзім де қысылып, қайта шығып кеттім… Марқұм, тап сол күні өлетінін сезді ғой… сезді-і…

Мен сабақтан шыққан соң үйге қайтып келе жатып, арық-шұңқырлардың бетіндегі ертеңгісін өзім сырғанап өткен қабыршақ мұздармен тағы да сырғанай жүргем. Бір шұңқырда түске қарай жіпсіген жұқа мұз ойылып кетіп, белуарымнан балшық суға шолп етіп түстім де кеттім. Басқа балалар ішектері түйілгенше күліп, сандарын шапақтап мазақтап, қыран-топан күлкіге батты. Шұңқырдан сүметіліп әзер деп шықтым. Үстім сығып алғандай су болды. Жуырда ғана қолдан сырылған шарығым мен мақталы қалың шалбарым шұңқырдағы судың тең жарымын сорып алған сияқты.

Үйге таяй бергенімде апамды көріп қорыққанымнан еңіреп жылап жібердім. Бірақ апам ұрысқан да, ұрған да жоқ. Су киімдерімді дереу сыпырып шешіп алды да, көкемнің жейдесінен кішірейтіп тіккен жейдені кигізді, сөйтті де: «Шалбарың кепкенше отыр» — деп көкемнің жағалы қара пальтосына орап отырғызып қойды. Біз үшін көкемнің үйде қалған әрбір киімі баға жетпес қасиетті бұйым еді. «Апа, көкемнің пальтосын енді кім киеді?» -деп сұрағым келеді, бірақ сұрауға батпаймын. Өйткені көкемді сөз ету жанды жараның аузын тырнаумен бірдей. Ол туралы әрқайсысымыздың ішімізде жатқан құпия бар, мейлі қара қағаз келсе де жүрегіміздің түбінде сөнбеген үміт бар.

− Сенің оқуыңды тексеріп, қадағалауға да мұршам болмай кетті. Сабағың қалай? — деді әлден уақытта апам.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий