Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әжібек болса оның көзіне түспеуге тырысып, қашып-пысумен жүргені. «Қап, мына қақпастың дәуірлеуі-ай, ә. Ырысбектің мылтығын сұрап ап, бір күні «Қособаның түбінде қоса кетті дегейсің» дегізсем бе екен!» — деп кіжініп қояды. Бірақ айтарын айтқанмен өзі Байдалы шалдың қарасы көрінгеннен зытып береді. Соңғы кезде біз Әжібекке бұрынғыдай табынуымызды қойғанбыз. Біздің алдымызда беделі онша емес. Анау күні Күреңбелден қайтып келе жатқанымызда жолда өзін Зибаш аямай ұрып тастады. Сірә, Әжібек оған: «Мен ер жеткенше күт, өзім үйленем. Саған ғашықпын»,- деген болу керек. Өзі ішқұса боп, Ырысбектің қорлығына ызаланып, күйініп жүрген келіншек жол бойында қолына түскен көк шыбықпен Әжібекті қуып жүріп соқты. Өзі жүйрік екен, қаша жөнелмек болған Әжібекті екі аттатпай қуып жетіп: «Жайрағыр, қотыр итім… сен де құтырайын дедің бе?!. Ендігі қалғаны сенің мазағың екен ғой!..» — деп, ызақорлана жылап жүріп, көк шыбықтың астына алған кезде, Әжібектің пәре-пәресі шықты. Сонан бері біз Әжібектің күшіне шек келтіретін болдық. Әйелден таяқ жеген соң-ақ құны белгілі ғой. Алайда Әжібектің өзі ылғи: «Мен оған бәрібір ғашықпын, сондықтан ол ұрғанда қол да көтерген жоқпын, қашқан да жоқпын»,- деп ақталады.

Сабақтан кейін күніне бір рет Ырысбектің үйіне соғып кетеміз. Ол қазір жалғыз өзі тұрады. Жұмыс атаулының бәрінен бас тартып, ертеңді-кеш үйінде отырады. Сурет салады. Паспортқа жапсыратын кішкентай суреттерді үлкейтеді, кәдімгі ақ қағазға әдемілеп бояп салған кезде айнытпайды әсте. Ауылдағы шал-кемпірлер Ырысбектің бұл өнеріне өлердей тәнті. Соғыста қаза болған балаларының кішкентай суреттерін әкеп, жалынып-жалбарынып үлкейттіріп-ақ жатқандары. Бар дәмділерін Ырысбектің аузына ұстап, жандары қалмайды. Сондықтан Ырысбектің тамағы тоқ, көңілді, ыңырсып әндетіп отырып сурет үлкейтуден жалықпайды. Біз оның салған суреттеріне қызығамыз, аузымыздың суы құрып мақтап, әңгіме етеміз.

Кей күндері Ырысбек біздің біреумізді жұмсап, хат жазып жіберіп Зибашты, немесе Эмманы шақыртып алады, үйін сыпыртып, кір киімдерін жуғызып, тамағын жасатады. Кейде екі-үш күнге дейін үйінен жібермей де қояды. Зибашты шақырғанда:

Зибаш-ай,

Байыңды, қалқам, сыйлашы-ай… –

деп әндетсе, Эмманы шақырғанда:

Адам тумас Эммадай,

Қол-аяғы балғадай… –

деп әндетеді.

Зибаш та, Эмма да Ырысбектің қылықтарына үйренейін деген. Не айтса да көнеді. Шақырса тоқтаусыз жетіп келеді де, қуса бұртаңдасып ашуланған боп кете береді. Бірақ ешқайсысы кек тұтып тұлданбайды. Бұлардың ісіне ауыл да тегіс үйренейін деді. Әуелі кезде сөкет көріп әрқайсысын жеке-жеке сөз ғып, сөгіп жүрді де кейін тіпті көңіл аударуды қойды.

Білмеймін, әжемнің сөзінің қаншалықты жаны барын: «Шешең байғұс тап сол күні өлетінін сезді ғой… сезді-і…» дейтін аһ ұра күрсініп, омырауын жас жуып. Шынында да апам өлетінін сезді ме, жоқ па, білмеймін. Оның сол күнгі жүріс-тұрысын есіме алсам, ондай, өзінің өлетінін сезетіндей ешбір оғаш қылығы болмаған сияқты. Ең болмаса, өз ажалымен де өлген жоқ, сондықтан бүгін өлемін-ау деген ой қатеріне қайдан келсін.

Сол күні ертеңгісін мен мектепке кеткенде, ол қырманнан түнгі күзеттен қайтып, көрпе-жастықтарды далаға шығарып жайып, киіздерді қағып, түске дейін үйдің ішін әктепті. «Қарағым-ай, өзің титықтап шаршап жүргеніңде бекерге әуре болдың ғой»,- деген әжемнің сөзіне: «Октябрь мерекесі кеп қалды, үйдің іші таза тұрсын да»,- депті. Жетінші ноябрьге төрт-ақ күн қалған еді.

Онан соң көкемнің және өзінің сандықта жатқан бір киер таза киімдерін шығарып, тегіс қағып-сілкіп, күн көзіне арқанға іліп қойыпты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий