Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Алайда апамның түн ұйқысының төрт бөлініп жататынын мен жақсы білем. Кейде ол тұрып кеткен кезде, ірге жағымнан лап етіп азынап қоя берген суықтан тітіркеніп оянам. Күркенің сыртынан оның әрі-бері жүрген аяғының дыбысы естіледі. Сәлден кейін қайтып кеп, қараңғыда сипаланып шетте жатқан Нәзира әпкемнің ірге жағын қымтап, ортадағы менің үстімді дұрыстап жауып, өзі ақырын ғана орнына жатады.
− Апа, неғып тұрып жүрсің? — деп сұраймын мен.
− Жәй, от кетіп қалмасын деп жүргенім ғой,- дейді.- Мынау Ырысбек деген түні бойы темекі тартады, сонан көріп балалардың арасынан да темекі тартатындар шығып жүр… Төңіректің бәрі қазір от түссе лап еткелі саңғырлап тұр емес пе. Ұйықта, таңертең ерте оятам…
Апам шынында да ерте оятады. Шығыс жақтан таң қылаң беріп, төңірек ағара бастаған кезде, барлық күркедегілерді аяғынан тік тұрғызады. Бірден тұрғысы келмей, жылы күркеде керіліп-созылып, «әне, міне» деп жатып алатындар да бар, апам ондайлармен әздектеп тұрмайды, қамшымен жон арқадан бір тартады. Жөнді ұйықтамағандықтан өзінің түсі суық, ызбарлы, ешкімді бетіне қаратпайды. Мұндайда апамның бетіне қарауға мен өзім де қорқам.
Дала өте салқын. Жылы күркеден шыққан бойда дірдек қағып, бүрсектей жөнелесің. Жалаң аяғыңды шөпке қонған ақ қырау шық қарып-қарып түседі. Орақты қолға аласың, жүзін көкаязданған қырау тұтып қалған. Егін оруға кірісесің, жез түтіктердей көкаязданған сабақтары алақаныңды қариды. «Жжу-жжу»… дегізіп шалғышылар бастайды. Мен Нәзира әпкеме қараймын, ол шалғысының жүзін жанып-жанып алады да құлаштап кеп сілтейді. Өзі шалғышылардың ең алдына түсіп алады. Әуелгі күндерде Ырысбек соңынан қуалай түсіп, бастырмалатпақ боп біраз әуреленген, өкпесі өшіп, өзі өліп қала жаздады.
− Мына қыз ба? Мына қыз жойқын екен,- деді ақырында. Өзі Нәзира әпкеме қарағыштап, сөйлескісі кеп бір-екі рет жақын келген. Нәзира әпкем теріс қарап мүлде сөйлеспей қойды.
− Өзінің көзі жаман, тіпті суқаным сүймейді,- деді кейінірек күркеге келгенімізде маған.
Кеше түсте демалысқа шығар кезімізде Ырысбек тағы да кеп:
− Нәзира, қалқам, осы сенің шалғың сиқырлы-ау деймін, кәне ұстап көрейінші,- деп, шалғыны емес, Нәзира әпкемнің білегін ұстаған.
Нәзира әпкем жылан шағып алғандай қолын тартып алды да, өзі кейін шегініп, шалғысын құлаштай ұстап, тұра қалды.
− Тура орып түсірем, кетіңіз аулақ! — деді, қып-қызыл боп түтігіп.
− Қалқам-ау, Нәзира-ау, мен… мен…
− Мен ешқандай да «қалқаңыз» емеспін сізге. Ендігәрі жақын жуушы болмаңыз!
Нәзира әпкемнің түрін көріп мен өзім де тіксініп қалдым. Ырысбек енді бір қадам жақындаса аяйын деп тұрған жоқ, орып түсіруге дайын.
Ырысбек тайсақтап өз жөніне кетті. Күркелерінен Зибаштың оған шаң-шұң етіп ұрысқаны, онан баж ете түскені естілді.
Сірә, Ырысбек бір қойған болу керек. Қасыма Әжібек келе қапты, қолында Ырысбектердің шәугімі.
− Жүр, бұлақтан барып су әкелейік,- деді.
Мен күркеге кіріп, өзіміздің шәугімді алып шықтым.
− Нәзира әпкең дұрыс істеді,- деді былай шыққан соң Әжібек.- Ол Ырысбекке сөйтпесе болмайды, күле қараса-ақ бітті, мүлде иектеп алады.
− Сен өзің оған неге су тасып жүрсің, ендеше? — дедім мен.
− Әй, Қанат-ай, баласың ғой әлі, мұрныңа түктің иісі келмейді. Мен суды Ырысбек үшін тасып жүр дейсің бе? Жоқ. Зибашқа бола тасимын. Сорлыға жаным ашиды. Түнде түні бойы жылап шықты.
− Неге? Ырысбек ұрып па еді?
− Жо, ұрып қайтеді оны, онсыз да табанын жалауға дайын тұрған қатынды.
− Онда неге жылайды?
− Ырысбек түнде бір жаққа кетіп қалды.
− Қайда?
− Білмеймін. Не көп, жесір келіншектер мен қыздар көп емес пе. Соның біреуіне кетті де.
− Қалайша?
− Тфу! Өзің бір ми кеще екенсің ғой…
− Ал Зибаш ше?