Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Содан екеуі айырылмайды. Карлдың жалғыз кәрі шешесі бар екен, басқа колхозға кетпек боп тұрған жерінен екеулеп жүріп, Манардың арбасына ауыстырып отырғызады. Сөйтіп, ауылға келісімен Карл мен шешесі даярлап қойған басқа үйге бұрылмастан, тура Манарлардың қарсы үйлеріне барып кірді. Манардың да жалғыз кәрі шешесі бар болатын. Балалары тату-тәтті дос болғаннан кейін екі кемпір де бір-бірінің тілін ұқпаса да ыммен сөйлесіп, жақсы көрші боп кетті.

Манар мен Карл екеуінің түрлерінде де, жүріс-тұрыс мінездерінде де бір ұқсастық бар. Екеуі де күліп тұрады, басқа өздері қатарлы балалар сияқты көшеге шығып дарақтап жүргендерін бір көрмейсің, ылғи шұқылап бірдеңе істеп жүргендері. Өткен қыста Ахат ұста соғысқа кеткеннен кейін колхоздың ұста дүкені екі айдай жабық тұрды. Ақыры бір күні шөп тартып жүрген бір шананың шен темірі босап, соны жөндеу үшін сол кездегі бригадир Байдалы шал дүкеннің аузын ашқан. Екі-үш шал көрікті қыздырып, енді темірді қалай пісіріп, қалай соғарларын білмей бір-біріне: «олай ет, бұлай ет»,- десіп керілдесіп тұрғандарында, үстеріне Карл мен Манар келеді. Карл үн-түнсіз кеп қызған темірді төске салып тарсылдатып соға бастайды. Қолы тіпті икемді, балға соғысы нық. Шен темірді әп-әдемі етіп тартып, әп-сәтте шегелейді де береді. Мәз болып қуанып кеткен Байдалы шал дереу сол арада Карлды ұста етіп тағайындайды. Карлдың ұста болу тарихы осылай.

Апам маған ренжіп ұрысқанда ылғи осы екеуін кесе көлденең тартып мақтайтын. Екеуі де еңбек сүйгіш, талаптары таудай, өнегелі жақсы балалар деп жер-көкке сыйғызбайтын. Маған: «солардан үлгі ал, солардай бол»,- дейтін. Енді қазір апамның екеуіне сонша қатты ұрысқанына таңырқап келемін. Оның қалай деп апамнан сұрауға батпадым. Өйткені ашулы еді.

Қырманға келісімен, неше күннен бері тісін қайрап жүрген шолақ қол өкіл, ал кеп жан алқымға алды дейсің апамды. Дәл қазір табанда апамды айдатып жіберетін шығар деп зәрем кетті менің.

− Астық қайда? Неге орылмайды?

− Лобогрейка сынып қалыпты.

− Неге сынады?! Неге?!.. Немене, қаскүнемдік істегің келе ме?! Әдейі сындырып отырсың ғой!.. Жауапқа тартыласың! Сотқа берем мен сені!.. Қолмен ор, орақпен ор!.. Бүгін мына қырманда астықтың бауы болатын болсын!..

Егін орағының нашар жүріп жатқанына апам кінәлі болу керек, өйткені жайшылықта өзіне бұлай айқайлаған адам болса көкесін таныстырып жіберер еді, ал мына шолақ қол өкілге ләм деп үн қатқан жоқ. Өңі қара күрең тартып сазарып, тістенген күйінде атына мініп қайта кетті. Біраздан кейін арбаға, сүйреткіге тиелген астық баулары келе бастады қырманға.

Бұл күні біз қырманнан түнде қайттық. Қырманның басында-ақ қона салатын едік, бірақ түн суық екен, жалаң аяқ, жалаң бас күйімізде тісіміз-тісімізге тимей қалшылдап тоңып кеттік. Үйге апамның өзі әкеп салған. Бел орағышын шешіп, сәл-пәл тізе бүгіп, беліне бөтелкемен ыстық су қойып, есін жиғандай болған соң, бел орағышын қайта Тас қып оранып енді кетпек боп тұрғанында, салдырлап жүріп келген арба есік алдына тоқтай қалды.

− Тәте!.. Тәте!..- аттандай дауыстаған Манар.

− Тағы не боп қалды?! Әй, оңбағандар-ай!..- деп апам сыртқа шыққан. Сөйткенше болған жоқ.- А! Не дейді?! Ойбай, не дейсің?!.- деген үрейлі даусы естілді.

Үйдегі біздер де сыртқа ұмтылдық. Апам арбаға үңіліп:

− Қалай болды?.. Қалай? — дей берді.

Арба үстінде қинала ыңырсып біреу жатыр.

− Карл-ай, әй, Карл, айналайын…

− М-м…- деді ыңырси ыңыранған Карл.- М-мм… ма-ма-а…

Манар «у-у» деп қыстыға тістеніп жылап жіберді. Онан соң жылай тұрып қалай болғанын айтты. Әлгінде ымырт кезінде, қараңғылық әбден түсіп, көз байланғанға дейін тағы бір-екі айналым жүріп тастамақ болады, сөйтіп екі айналып, енді үшінші айналымның орта тұсына жеткен кезде, шалғы астынан біреу баж ете қалады, аттарды тоқтатқанша, едәуір сүйретіп тастайды. Секіріп түсіп қараса: Карл…

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий