Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Апыр-ай ә, енді қайттім. Әй, осы қырманға басшы боп абырой алмаспын деп-ақ ем, айтқаным келді. Әлгі біргәдір қайда екен? Әй Қанат, атыңа міне сап, шауып барып апаңды шақырып келші. Комбайн жақта жүрген шығар…
Мен торы атқа міне сап, апамды шақырып келуге шаба жөнелдім. Бір жағына қарап ұрттай түсіп торы ат түзу шаба алмайды, мен де ат үстінде түзу отыруды ұмытып қалған сияқтымын, бір жағыма қарай қисая берем. Екі белді асқан соң тоқтап тұрған комбайнның үстінен шықтым.
Тракторшы Есенбай мен комбайншы Иван екеуі үсті-бастары, бет-ауыздары май мен топыраққа баттасып қап-қара ала боп, бірдеңелерді тықылдатып жөндеп отыр. Екеуі де өзіміздің ауылдың адамы, тек МТС-қа механизатор боп кеткен. Есенбай жасы елуден асқан, екі ұртының үстінен жалбырап тұратын сабалақ мұрты бар, өзі көмірдей қара кісі. Трактор жүргізуді былтыр оқып, үйренді. Ал Иван болса көзі тұздай көкпеңбек, бұйраланған сары шашы шаң-топырақ, маймен сірескен, өзі күлкішіл жасөспірім бала жігіт, менің Нәзира әпкемнен бірер жасы кіші, комбайнның оқуын ол да былтыр бітірген. МТС біздің ауылға көктем болса жер жыртуға, күз болса астық жинауға ылғи осы екеуін жібереді. Әуелгі күндерде еш тоқтаусыз, тәп-тәуір-ақ жүреді де, бір аптадан кейін екеуінің «шұқыну дерті» басталады. Комбайн яки трактор бұзылады, оны екеуі екі жақтап ұзақты күн отырып жөндейді. Кешкісін бір айналып тағы бұзылады, екеуі шамның жарығында түні бойы отырып жөндейді. Ертеңіне таңертең комбайн бір айналады да тағы тоқтайды… Біресе анау бөлшегі, біресе мынау бөлшегі жоқ деп күндіз-түні мықшыңдап, қашан орақ аяқталғанша комбайн жөндеуден көз ашпайды. Біздің Мұқан ағайдың екеуіне арнап шығарған өлеңі де бар.
Есенбай мен Иван
Астарында комбайн
Болат темірден құйған,
Жарты гектар егінді,
Апта бойы жиған.
«Шұқыну дертке» шалдығып,
Сауықпай-ақ қойған…
Өлең өте ұзақ, өстіп шұбыртып кете береді.
Міне, осы Есенбай мен Иванның комбайнды ақтарып тастап, тықылдатып жөндеп отырған үстерінен шыққам.
− Әй, мынаның астына мінген аты қисық па, әлде өзі қисық па? — деді Иван анадайдан ақсия күліп. Басын көтерген Есенбай да менің далбақтаған түріме қарап күліп жіберді.
− Бұ баланың аты да, өзі де қисық екен,- деді мәз болып.- Иә, қисыққа мінген қиығым, жол болсын?
Комбайндарының тоқтап тұрғаны, бүкіл жұрттың сырттарынан мазақ етіп, Мұқан ағай шығарған өлеңді айтып екеуін мұқатып жүргені, мүлде ойларына келер емес сияқты. Тіпті мәз-мейрам. Қолдарына біреу түссе келеке, күлкі етіп, қалжақ қылу — бар ойлары. Мен апамды іздеп жүргенімді айтқам.
− Ә, апаң ба? Апаң — балқан таудың басында, балдыр қоян қасында, қырғауыл қуып кезіп жүр, қырғауыл одан безіп жүр…- деп Есенбай балғасын тықылдата отырып тақпақтай жөнелген, Иван оның сөзін екі дегізген жоқ, іліп әкетті:
− Қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен. Ал сенің апаң темір мылтық асынып, дұшпандарын басынып, қырғауылды көздеп атып, көздегенде көзден атып, Манар менен Карл дейтін пақырларды желкелерінен езіп жүр…
Екеуінің сөздерінің соңын тыңдамастан әрі қарай жүріп кеттім. Жұрт мұрындарынан шаншылып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып жүргенде, бұл екеуінің жағасы жайлау, ойларында түк жоқ, іздегендері қалжақ. Тфу! Ыза боп келем.
Апам Манардың лобогрейкасының басында екен. Карл ұста мен Манар екеуі лобогрейканы енді ғана жөндеп болып қолдарын сабанға сүртіп тұр да, апам екеуіне ат үстінен төніп кеп ұрсып тұр. Қамшысын үйіріп, екеуін де осып-осып жіберердей түйіледі.