Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әдіре қалғырлар, жүргізетін болсаңдар дұрыстап жүргізіңдер де, әйтпесе, көзге шыққан сүйелдей болмай құртыңдар көздеріңді!.. Табандарыңды тіліп, екеуіңді де ФЗО-ға жібертейін бе осы! Сомадай болып, қит етсе есіл-дерттерің ойын. Ойындарың осылғырлар!.. Бол тез, сүртіншектенбей, отыр машинаңа! Ертеден бері үш-ақ айналдыңдар, осы алақандай жерді.
− Бұзылып қалды ғой,- деді Манар міңгірлеп. Ылғи күлімсіреп тұратын, ашулану дегенді білмейтін момын мінезді болатын. Әлгіндегі комбайншы Иван, мына ұста Карл үшеуі бір класта оқыған түйдей жасты балалар еді.
− Әдейі бұзасыңдар. Кейбір керекті бөлшектерін бұрап өздеріңе аласыңдар да, бұзылып қалды деп қарап отырасыңдар. Бәлем тұра тұрыңдар, екеуіңді мен әлі тергеуге алғызам. Қораларына колхоздың машиналарының саймандарын ұрлап тығып, екеуіңнің не істеп жүргендеріңді бір тексертем, түбі.
− Олардың бәрі жарамсыз, ескі саймандар ғой, тәтетай-ау.
− Жап аузыңды! Осы тұрған жерлеріңде мына қамшының сабы сынғанша пәре-пәрелеріңді шығарайын ба! Бүгін қай жері сынды кәне?!
− Косогон шақ келмейді. Ылғи сынып кете береді.
− Әдейі сындырсаң қайдан шақ келсін. Айтам ғой, қаскүнемсіңдер екеуің де. Ол неге сына береді, әйтпесе?
Манар үндеген жоқ, ендігі жауапты Карл ұста қайырды. Ап-арық, даусы шіңкілдеген, өзі тұтықпа болатын, немістердің ішінде қазақ тілін тез үйреніп, етене боп кеткен еді.
− Ж-ж-жақсы ағаш к-керек, м-м-мына ағаш ж-жаман,- деді қолдан жасалған косогонды нұсқап.
− Несі жаман?
− Қ-қатты емес, т-тез сы-сы-сынып…
− Қайтсеңдер де бүгін осы араны шауып бітіріңдер! Өздерің косоғон болыңдар! Егер бітірмесеңдер менен жақсылық күтпеңдер! Онда ертең анау кораларыңдағы саймандарыңды тегіс ұстаға алғызып, өздеріңді қаматам! — деді апам қатты ескертіп.- Әй, Карл, сен бүгінде осы лобогрейканың басында бол. Түнде болса да шабасыңдар. Ұқтыңдар ма?!
− Ж-жа-жарайды.
Апам атының басын бұрып кетті. Мен соңынан ергем. Кетіп бара жатқанымда Манар маған күлімсірей қарап көзін қысты да Карл сыбырлап:
− Қ-қанат, анау дөңгелек әлі бар ма? — деп сұрады. Мен басымды изедім.
Манар мен Карлдың әдеті — бүкіл ауылдағы көздеріне түскен темір-терсекті жинайды. Өздеріне керектіні де, керексізді де жинай береді. Бір жылдан бері екеуі машина құрастырып, жасап жүр. Кәдімгідей от алып жүретін, төрт дөңгелегі бар автомобиль машина жасаймыз деп бөседі өздері. Түнеукүні Карл біздің үйдің қорасынан мотоциклдің ескі бір дөңгелегін көріп, жат та кеп жалынып сұраған болатын, сол дөңгелектің маған тіпті түкке керегі жоқ болса да мен өзімнен-өзім қитығып бермей қойғам. Қазір де сұрап тұрғаны сол.
− Әй, Қанат, жүр! — деді апам.
Мен мұнан әрі қарайламастан шаба жөнелдім. «Әлі ол дөңгелек үшін екеуіңді талай жалындырармын,» — деп қойдым ішімнен.
Манар мен Карлдың достығы біздің ауылда аңызға айналған. Араларынан қыл өтпейді екен десетін. Екеуінің қалай танысқандарын бір рет естігенім бар. Немістер келген кезде, оларды көшіріп әкелуге, станцияға біздің ауылдан барған арбаның бірін Манар айдап барады. Біздің Манар жұқалтаң өңді, сүйкімді, қыз мінезді бала ғой, ал осыдан үш жыл бұрын тіпті кішкентай кезі. Өзіне бір қараған бала үйіріліп, дос болғысы кеп тұратын, ерекше бір қасиеті бар бойында. Міне, сол Манар үлкен адам сияқты бір арбаның иесі бір өзі боп тұрғанда, қасына өзі құралпы бір немістің баласы келеді. Екеуі сөйлеседі, бірақ бірінің тіліне бірі түсінбейді, сонда да бірін-бірі түсінген адамдардай-ақ күліседі, қол алысады. Бірі: «Карл» — деп, екіншісі: «Манар»,- деп өздерінің аттарын атайды.