Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Шырағым, қызметің үлкен болса да өзің жас адамсың. Неге мұнша қадала сөйлейсің. Бүйтіп қит еткенге акт жасай берсек, әйелдердің бәрін қаматып тастап жұмысты кімге істетеміз. Бәрінің бала-шағасы бар, күн демей, түн демей жұмыста жүреді, алып жатқан бір түйір еңбектері және жоқ. Сонда бұлар өстімегенде қайтіп күн көреді. Немене, аштан қатсын демекпіз бе?
− Ә-ә. Сіздің де көмейіңіз белгілі екен. Коммунист бола тұра айтып тұрған сөзіңіз осы болғаны ғой. Өстіп колхоздың астығын талан-таражға салып, шетінен ұрлай берсін дейсіз ғой.
− Иә, мен коммунист болып айтып тұрмын бұ сөзді. Бала-шағаны аштан қырыңдар деген нұсқау және жоқ. Бәрімізде де бала бар. Мына менің де балаларым бар, өстіп уыстап, жырмыштап әкеліп асырап отырмын, өйтпесем ертең бәрі ашығады.
− Сізбен басқа жерде сөйлеседі екеміз әлі,- деді өкіл тістеніп.
− Қай жерде сөйлессек те айтатыным осы.
Осы тұста Нұрсұлу:
− Қойшы, Бағила, сөзге кеп қайтесің,- деді.
Апам өкілдің сөздеріне күйініп кеткен болу керек, енді әуелгісінен мүлде керісінше, Нұрсұлуды жазғырып емес, ақтап сөйлей бастады.
− Жоға деймін-ау, енді біз өзіміздің маңдай терімізбен өсірген астықтың жерде шашылып қалған масағын өстіп жырмыштап теріп алмасақ, немен күн көреміз.
− Мен сізге айттым ғой, басқа жерде сөйлесеміз деп, болды енді. Аулақ тұрыңыз! — деді өкіл апама жекіріп, онан соң атын бастырмалатып кеп Нұрсұлуға: — Қурайыңызды көтеріп алып жүріңіз,- деп бұйырды.
Нұрсұлу барып қурайын қайта орап, байлап, иығына салды.
− Қайда апарасың? Таста! — деген апам оған ұрса сөйлеп.
− Қойшы, Бағила, мына өкіл жігіттің қыбы бір қансын,- деді енді Нұрсұлу да қитыға қайсарланып.- Неміске берген қолының өтеуін, мына жесір қатын біздерден алайын деген шығар. Ал қайда апар дейсіз, тақсыр?
− Өйтіп қағытпаңыз. Қағытатын адамыңыз мен емес.
− Қайда апар дейсіз енді?
− Кеңсеге алып жүріңіз!
Өкіл Нұрсұлуды қурайын көтертіп алдына сап кеңсеге айдап апарды да, қурайымен қосып соның ішіне қамап қойды. Сыртынан үлкен құлып салды.
− Мұныңыз қалай, бірден бүйтіп қамауға қақыңыз жоқ қой,- деген апам.
− Ұрлық жасаған адамды бос жібере алмаймын,- деді өкіл.
− Қайдағы ұрлық, шырағым-оу? — деді апам оған жалынғандай үнмен.
− Мен сізбен басқа жерде сөйлесем дедім ғой, қазір аулақ жүріңіз! — деді өкіл кесімді түрде.
Лаж жоқ, апам екеуміз үйге қайттық.
− Жарайды енді, не істер дейсің, біраз қорқытар да қояр,- деді апам жол бойы өзін-өзі жұбатқандай.
Бірақ өкіл жай ғана қорқытып қоймапты, шындап кірісіпті. Ауданға хабарлап ертеңіне милиция алғызыпты, акт жасатып, күндіз біз жұмыста жүргенде Нұрсұлуды айдатып та жіберіпті. Нұғыман ара түсіп алып қалмақ болған екен, өкіл де, милиция да: «Ең болмаса, бір адамды өстіп жауапқа тартып, басқаларға сабақ қылмаса болмайды. Ертең жұрт астықты ашықтан ашық ұрлай бастайды»,- деп екеуі екі жақтап ерік бермепті. Тіпті әрі-беріден кейін Нұғыманның өзін де кінәлаған көрінеді. «Босаңдық істейсің, талан-таражға жол бересің!» — деп.
Нұрсұлудың екі баласы мен кәрі шешесі зар еңіреп көп жерге дейін артынан ілесіп барыпты да, ақыры бірін-бірі құшақтап жер бауырлап қала беріпті.
Осы күндердің бірінде апам мен Нұғыманның өзара сөйлескен бір сөздерінің куәсі болдым.