Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Боқмұрын, қыз дегенде құрақ ұша қалуын,- деді Байдалы шал мені аяғымнан көтеріп атқа мінгізіп тұрып.
− Сіз өзіңіз емес пе едіңіз сендердей күнімде үйленгем, қатын алғам, деп бізді желіктіріп жүрген,- деді Әжібек қағыта күліп.
− Менімен сендер тең деген-ау. Онан да мұрындарыңды сүртіп алсаңдаршы, жаман немелер.
− Әне, кит етсек өстіп кемсітесіз. Бопты сіз нағыз ескіліктің сарқыншағысыз. Ылғи осы заманды кемсітіп сөйлейсіз. Қазіргі жастарды қорлайсыз. Егер анау шолақ қол өкілге айтсам ғой…
− Осы, шақша бас ит кімге тартып туған-ей,- деді Әжібектің сөзі шымбайына батқан Байдалы шал, оның «өкілге айтам» дегенінен шынымен-ақ именгендей күле сөйлеп.-Әкесі марқұм бүкіл бір өлкені аузына қаратқан аяулы-ақ жігіт еді, шешесі қой аузынан шөп алмайтынның өзі. Ал мұның басынан бір сөз асыра алмайсың.
− Мен Сталин атама тартып туғам.
− Не дейді! Тек, әрі! Өй, күшік, о кісінің атынан садаға кеткір. Немене, мазағың ба еді, сеніңі?
− Так, так, ақсақал! Кәне, айтқандарыңызды қайтып алыңыз, әйтпесе өкінесіз. Мен ғана емес, бүкіл совет жастары со кісінің ұрпағы. Емес деп көріңізші кәне, қазір анау өкілге айтып екі көзіңізді төрт қылайын. Еще күшік дейсіз ғой!.. Шақырайын ба өкілді, а?! Әй, өк…
− Жә, оттама әрі,- деп Байдалы шал енді жеңілгендей күле сөйлейді.
− Солай ма екен! Ха-ха-ха… Зәреңізді бір алдым-ау, әй, өзім-ай!..
Мұнан әрі мысы құрып сөзден жеңілген Байдалы шал қолын бір сілтеп бидай тастауға бұрылып кетті. Әжібектен аулақ болғысы келген. Аз өтті ме, көп өтті ме, Әжібек өзінің әуеніне басып ойбайлап, тағы да тоқтады.
− Бұзылды мынау, бұзылды тағы, ойбай!
Молотилканың тоқтап қалғанын көріп өкіл келді.
− Неге тоқтатасыздар?! Неге дұрыстап жөндемейсіздер! — деді көзін алартып.
− Тастай қып-ақ бұрап тастап ем…- деді Байдалы шал күңкілдеп. Өзі өкілден өлердей қорқады.
Шолақ қол өкілдің ала жаздай біздің ауылда жүріп, ауданға қайтып кеткеніне он шақты күн болған, кеше Нұғыманмен бірге тағы қайтып келді. Тағы да ұзаққа келген болу керек, шинелін бөктерініп, күзгі суыққа лайық жылы киініп апты. Нұғыман мен апам екеуін қолды-аяққа тұрғызбай біресе орақшыларға, біресе тас қоймаға жұмсап қойып, өзі ұзақты күнге қырманнан шықпайды. Қабағын шытынып ешкіммен сөйлеспестен қызылдың үстінде сау қолымен жағын таянып, томсырайып отырады да қояды. Кімнің жұмысты қалай істеп, қалай жүріп, қалай тұрғанын қалт жібермейді. Өкілдің мұнысы әйелдерге ұнамайды-ақ.
− Өкіл деген бастықтың үйіне барып, жылы-жұмсақты жеп, ұйқысын қандырып жатушы еді, мынау бір қарақшыдай қақиған біреу болды ғой,- деседі күңкілдеп.
− Осының бәрі әлгі, құдай атқыр Зибаштың кесірінен. Ала жаздай артынан түсті ғой… Жаман қардың осы өкілді менсінбегендегі тапқаны жынды Ырысбек болыпты.
− Е бәсе, аяғымызды қия бастырмайды әйтеуір, сондай бір ызасы бар екен ғой.
− Жә, қойшы әрі. Зибашқа өкпелеп, өшін бізден алса мұнын да өкілдігіне болайын.
− Өзі де құр сырты күмпигенімен әйелге қыры жоқ бірдеңе болу керек.
− Әй, ақырын сөйлеңдер, естіп қоймасын…
Түсте әйелдер шай-су ішіп келуге ауылға қарай бет алған. Қырманнан едәуір ұзап шыққан кездерінде, шолақ қол өкіл атына міне сап, шауып барып, бәрін қырманға қайта қайырып айдап әкелді.
− Кәне, төгіңіздер, бойларыңыздағы астықты, әйтпесе мен өзім тінтем! — деді ақырып.
Әйелдер бір-біріне жалтақтай қарап, қызараңдасып, ішкі қалталарындағы, жүн шөлкилеріндегі бір уыс, жарым уыс бидайды қаққыштап төге бастады. Артынан өкілдің өзі барлығының қалталарын, өн бойларын жалғыз қолымен сипалап тінтіп қарап шықты. Сонан соң қырмандағыларды тегіс жинап (балаларды да қосып) жиналыс өткізді. Қалың қабағы түксиіп, айқайлап жібере жаздап түтігіп, өзін-өзі әрең деп іркіп дірілдей тұрып сөйледі.