Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Құдай-ау, қор болдым-ау…- дейді Ырысбек, күңірене дауыстап.- Ал неғып тұрсыңдар? Талаңдар мені! Ұрыңдар!.. Фашистен қалған мына тесік өкпені суырып алыңдар!.. Ө-ө-ө… О, қайран жеңгелерім, сағынып келгенімдегі, маған деген сыйларың осы болғаны ма?!. Ей, сұм тағдыр, неге мені тірі қалдырдың бүйтіп қорлағанша?! Әлде көрсетпегің осы тәлкек пе еді… Неге тірі қайттым, мен бейбақ!.. Ө-ө-ө…
Солқылдап жылаған түрін, айтқан сөздерін ести тұрып төбе құйқаң шымырлайды.
Осылайша біраз жылап алды да:
− Жә, болды… болды…- деп өзін-өзі жұбатты. Көзін сүртті. Өксік солығын баса тұрып әйелдерге тегіс жағалай қарап өтті.
− Құдай-ау, бәрі де өзімнің ет бауыр егізімнің сыңарындай аяулы жеңгелерім ғой. Сірә, мені танымай қалдыңдар-ау деймін?..
Әр әйелге елжірей қарады.
− Не боса о босын, тәубеме бір келтірдіңдер… А-ха-ха-ха-ха-а…- деп қарқылдап күліп жіберді. Ол со қарқылдаған бойында екі иығы онан әрмен селк-селк етіп, одан ішін басып сылқылдап көзінен жас аққанша күлді. Рас күлкі ме, өтірік күлкі ме, айыру қиын. Әлден уақытта күлкіден шаршағандай екі иығы салбырап отыра кетті де, өзіне төніп кеп тұрған әйелдерге жайбарақат жайдары үнмен:
− Қайран жеңешелерім, еңіреген ер ағаларымның асыл жарлары, тәубеме бір келтірдіңдер-ау! Ризамын…- деді тағы да.- Отырыңдар!.. Сіздер жұмсаған жаққа бармай мен қайда кетеді дейсіңдер. Арба айда десеңдер арба айдайын, астық таста десеңдер оны да істейін. Жігіттік сөзім, ант етіп айтайын, қосқан жұмыстарыңды істеймін. Туған ел, туған жерді сағынғанда, осы өздеріңдей жеңгелерімнің ұлтаны боп жүрсем деп армандап ем. Ауылға келген соң соның бәрін ұмытып ит боп барады екем, кешіріңдер. Мен қайттым райымнан… Ал енді менің де аз тілегім, отырыңдар, дәм татыңдар, онан соң бірге шығайық. Зибаш, тездет, тамағыңды!.. Отырыңдар, жеңгелер. Дастарқанымызды теппеңдер…
Апам бастаған әйелдер бір-біріне қарап қойды да аң-таң боп, отыра-отыра кетті. Зибаш отты үстемелей жағып, көжесін сақыр-сұқыр қайнатып тездете бастады.
− Тездет, Зибаш!.. Көп кешікпейік,- деп қойды да Ырысбек домбырасына қол созды.-Сенің көжең піскенше мен жеңгелеріме бір-екі ән салып берейін,- деді.
− Сөйтсең сөйтші,- деді аяғын көсіліп жайғасыңқырай отырған Нұрсұлу.
Ырысбек домбырасын күйлеп, тамағын бір кенеп алды да мұңайған үнмен:
− Кеудеме жау оғы тиіп, ұрыс даласында қансырап жатқанымда туған жер, ел-жұрт, мына отырған өздерің көз алдыма елестеп, «дүние-ай, соларды бір көре алмай кетемін бе»,- деп тарығып жатып шығарған әнім еді. Қазір сендерге соны айтып берейін,- деді.
Әйелдердің бір-екеуі еріксіз бір еріксіз күрсініп қалды. Ырысбек зарлы әуенді аңырата жөнелді. Өзінің туған ел, туған жермен қош айтысып, аждаһа жауға қарсы аттанғаны, жауған оқ пен жанған оттың ортасына тап болғаны, әккі жаумен арыстанша алысқаны, қапыда жараланғаны, содан қансырап ұрыс даласында қалғаны, бір жұтым суға зар болғаны, сол сәтте туған ел, туған жер, күліп-ойнаған құрбы-құрдас бәрі-бәрі тізбектеліп өте бастайды көз алдынан; әрқайсысының көңіл қимас мінез-қылықтары, құрбылық наздары бар, итшілеген тірлікте бір-бірінің қадірін білмеген, көкіректі қарс айырған өкініш бар… Ырысбектің көзінен тарам-тарам жас кетті. Зарлаған даусы, онан да зарлы сөздері жүйке-жүйкені босатып, мүлде егілтіп жіберді.
− Сорлы-ай… қайтсін-ай!..- деген әйелдердің бірі жылай сөйлеп аһ ұрып. Сол-ақ екен бәрі бірдей мырс-мырс жылап берді.
Қош-есен бол, жеңгелер,
Су бер десем, бал берер.
Қапыда кеттім, дүние-ай…
Зарымды менің кім көрер?..
Өзі де жылап, әйелдерді де жылатып біраз шер тарқатқаннан кейін Ырысбек: