Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мен жүгіре жөнелдім де, әне-міне, дегенше Қалипаны да, Сәруені де оятып, асықтырып алып келдім.
− Әй, әуселесін көріп алайықшы өзінің,- десіп Қалипа да, Сәруе де білектерін сыбанысып қызынып кетті. Әйелдердің бәрі жиналған соң апам бастап, барлығы Ырысбектің үйіне бет алды.
− Сендер ауыз үйде тұра тұрыңдар. Мен өзім жалғыз кіріп, сөйлесіп көрейін,- деді апам, бәлкім, айтқанға ұрыс-жанжалсыз-ақ көніп қалар.
Әйелдер әуелі терезеден қараған: Ырысбек шалқасынан түсіп домбырасын тыңқылдатып жатыр да, Зибаш қазан-ошақ жақта тамақ пісіріп жүр екен.
− Әдіре қалғырлар, Қозы мен Баян ғұсап қапты ғой,- деді Нұрсұлу күңкілдеп.- Екеуін де осы қазір тырдай жалаңаштап шешіндіріп ап, біріне-бірін теріс қаратып байлап, әнеу шұңқырдағы суға тастай салсақ па екен.
− Қайтесің жүзіқараларды.
− Жоға деймін-ау, сайтаным ұстап тұрғаны түрлерін көріп.
Апам ішке кіріп кетті де, басқамыз ауыз үйде қалдық. Мен бірден есіктің саңылауына жабыстым.
− Кеш жарық! — деді апам.
Ырысбек көзін бір рет алақ-жұлақ еткізгені болмаса, жатқан күйінен қозғалған жоқ, ал Зибаш есі шығып:
− Ә, тәтем екен ғой, жоғары шығыңыз,- деп бәйек боп қалды.
− Шықпаймын жоғары. Келген шаруамды осы арада тұрып-ақ айтайын,- деді апам.- Қараң қалғыр, Ырысбекке тидім де, германды жеңдім дедің бе, неге жұмысқа шықпадың бүгін? -деп Зибашқа бірден дүрсе қоя берді.
− Тәте-ау, мен бүгінше… бүгінше…
− Бүгінше дейтін түк те жоқ. Бүгін, ертеңді көтеретін уақыт па, осы кез. Адам жетіспей мұрнымыздан қан кетіп жатқанда. Қазір жинал да арбаңды жек. Станцияға астық тартасың! Бол, тез! — деп апам қамшысын үйірді.
− Қазір ме?
− Тура осы қазір! Ал сен, Ырысбек шырағым, не мына әйеліңмен бірге арбамен астық тартуға шық, әйтпесе, жүр анау қырманға, бидай тастасасың. Созылып жатуың жетті енді. Қатын-қалаш, бала-шағаның мойнына масыл болма. Нанымызды бекер жеме. Сен соғыста қан төгіп келсең, біз жанымызды беріп отырмыз.
Зибаш біресе апама, біресе Ырысбекке жалтақтай қарап, киіне бастаған. Апамның сөзін шыбын шаққан ғұрлы көрмей жатқан Ырысбек:
− Зибаш-ай, тамағыңды беріп, төсегіңді салсаңшы, жаным. Жаталық та,- деді жайбарақат үнмен.
− Қазір, қазір…
− Әй, шырағым, мен кімге айтып тұрмын. Тұр, көтер басыңды! — деді апам ақырып.
− Зибаш-ай, мына кісіге есікті көрсетіп жіберші, кіруін кіріп ап, шыға алмай тұр ғой деймін.
Шыдай алмай кеткен болу керек, апам Ырысбекті қамшымен көсілте бір тартып жіберді. Атып тұрған Ырысбек қалш-қалш етіп апама қарай тап берген. Көзі шатынап, жұдырығы тастай боп түйіліп алпамсадай еркек енді бүруге шақ қалғанда апам тайсалмастан оны тағы бір тартып жіберді де:
− Әй, қатындар! Келіңдер, ұстаңдар мынаны! — деп айқай салды.
Осы сәтті күтіп тұрған әйелдер бірін-бірі итере-митере білектерін сыбанып кіріп барған.
− Әдіре қалғыр, саусағыңды қимылдатшы кәне, жүнше түтелік! — деді Нұрсұлу гүжілдей ұмтылып.- Сенің қаның соғыстан бұзылып келсе, біздің қанымыз осы ауылда жүріп-ақ бұзылды. Біз де қанымызға қарайып өш алып, өлтіретін адам таппай жүрміз. О несі-ей, шала пішілген сәуріктей қодыраңдап. Әй, қатындар, байлалық мынаның аяқ-қолын!..
Алақ-жұлақ етіп есі шыққан Ырысбек шегіншектей түсіп, қамшы тиген иығын сипай берді.
− Апырай, сендер ме едіңдер?!.- деді бағанадан мүлде танымай тұрған адамдай. Онан соң бет-аузы түшкіргісі келгендей тыржыңдап қисаңдай бастады да, кенет өгіздей өкіріп жылап жіберді.
− Шынымен-ақ ұрдың-ау мені, шыныменен қол көтердің-ау маған, жеңешем-ай!.. Қор болған жерім-ай!.. Ө-о-ө…
Екі қолымен бетін басқан, саусақтарының арасынан шып-шып жас сорғалайды…
Әйелдер түйіліп келген бойлары енді не істерлерін білмей үрпиісіп тұрып қалған.