Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Не?!
− Тс-с!.. Ақырын, айқайлама. Мен бидай ұрлап келе жатырмын деп тұрмын. Міне, мына ышқырым толы бидай, сондықтан қатты жүре алмай келем. Тек аузыңнан шықпасын, ауданнан келген өкіл, немесе колхоздың бастығы естісе, онда мені тура соттайды.
− Айтып нем бар.
− Өзім де сенің айтпайтыныңды білем. Саған сеніп тұрмын ғой.
− Мамаң бұл ұрлығыңды біле ме?
− Қайдан білсін. Білсе мойнымды үзеді тура. Сенің апаң сияқты менің мамамның да мінезі тік, қатал ғой.
− Білем.
− Білсең сол. Енді бұл бидайды апама көрсетпей қарнымыз ашқан кезде қуырып жеп қоюымыз керек ініміз екеуміз. Бүгін қуыра алмаймыз, кеш боп кетті. Ертең сабақтан шыққан соң болмаса… Қолың тисе кел, бірге қуырып жейміз…
− Көрермін,- дедім мен.
Күн ұясына қонып, төңірек алагеуім тарта бастады. Ауыл үйлерінің мұржаларынан жарыса көтерілген түтіндер сыриып сонау көктеңбіл аспанмен сіңісіп жатыр. Үйдің мұржаларынан ұшқан от ұшқындарындай әр тұстан жылт-жылт етіп жұлдыздар көрінді.
− Қанат, мә, сағыз шайнайсың ба?
− Жер сағыз ба? Әкел.
− Иә. Бағана түсте жинап алғам. Шайнай берсең тісіңді аппақ қылады. Міне, қарашы менің тістерімді.
Мәри тістерін көрсетіп күлімсіреді. Ымырт шапағында жарқыраған аппақ тістері маржандай тізіліп сүп-сүйкімді көрінді. Өзі көзін сүзілте қарайды.
− Мә, мына таналарды сен қиып ал.
− Жо, болмайды ғой, өйткені оларды саған тақты ғой үлкен кісілер.
− Онда біреуін ал. Таңдағаныңды.
− Біреуін алуға болады. Міне біреу көгін… жоқ, қызылын… жо-жо-жоқ, ағын алайын.
Ол омырауыма еңкейіп, өзіне ұнаған тананы тісімен қырш еткізіп қиып алды.
− Ой, Қанат-ай, рақмет…- деді мәз болып.
Ол өз үйіне қарай, мен өз үйіме қарай кеттік. Басымның шыр көбелек айналғаны, тақымымның, сирағымның ду-ду ашығаны қайта басталды. Өне бойым салдырап, әбден шаршағанымды да сездім.
Үйге келісімен тамақ ішуге де мұршам келмей мұрттай ұштым. Көз алдымның, төңірегімнің бәрі айналды да тұрды. Өзім де айналып жатқан сияқтымын, айналу… айналу… айналу… Өстіп ұйқылы-ояу талаурап жатқам, біреу кеп басымнан сипады, одан омырауымдағы тана-тиындарды көрді. Мырс етіп күлді, апам екен. Еңкейіп маңдайымнан иіскеп, ернінің ұшымен жұмсақ қана сүйді. Көкемнен қара қағаз келгеннен кейінгі жердегі апамның бірінші рет күлгені осы шығар, сірә.
− Әжесі-ау, мына балаңның омырауын көрдің бе? — деді онан соң.
− Е, не бопты?
− Қырмандағы әйелдер тана тағып жіберіпті.
− А! Сөйтіп пе? Е-е-е, баласынан айналдым… Құлдығым… Көкесіне тартқан құлыным… Сенің жолыңа мен неге құрбаның боп шалынбаймын, садағаң боп неге кетпеймін!.. Көзімнің қарашығы…- елжірей кеп үстіме төнген әжем дүниедегі ең асыл сөздерді маған ғана теңеп шұбырта бастады.
Мен ұйықтаған боп өтірік пысылдай түсем. Әжем мен апамды қуантқаныма көңілім өсіп, көкірегім жарылардай боп масайрап жатырмын. Шаршағанымды да мүлде ұмыттым. Шашымнан сипай түскен апамның қолы жұп-жұмсақ, ып-ыстық. Бүкіл өн бойыма бір түрлі бір алып күш толып кеткен сияқты, дүниеде менің қолымнан келмес, мен істей алмас іс жоқ сияқты. Өз-өзімнен сақылдап күліп жіберуге шақ жатырмын. Бірақ ояу екенімді білдіргім келмейді. Өстіп «ұйықтаған боп» жатып еркелегім келеді апама. «Әлі тұра тұрыңдар, әже, апа… мен әлі көрсетемін…» — деймін іштей. Осы сәтте біреу кеп мұрнымды шымшыды.
− Ой, мақтаншақ-ой…- деді Нәзира әпкем.- Осы мақтаншақ өтірік ұйықтап жатыр.
− Жә, оятасың онысы несі, ұйықтап жатқан баланы мазалап,- деп апам оған жекіп қойды.
Мен Нәзира әпкем тағы бірдеңе деп кеп түртпектесе шыдай алмай күліп жіберерімді білдім де, ұйқысыраған боп аударылып, бетімді шамның жарығынан бұрып жаттым. Апамның қолы шашымды әлі де сипап отыр.