Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Торы аттың желісі мұндай қатты түйдек болар ма, ішімді солқылдатып түйгіштеп жіберді, бүйірім түйнеп ауырып кетті. Далбасалап, аз да болса себі болар деп ердің қасынан ұстап алдым, бірақ түймештеген дүңк-дүңк желіс ес таптырар емес, мүлде берекемді қашырды. Осы кезде:
− Әй, жығылып қалма! — деген Байдалы шалдың даусы алыстан жер түбінен жеткендей болды.
Тістеніп көзімді жұмдым, бәрібір дүние тегіс айналып тұр. Қайта-қайта құлап бара жатқандай болам да, шеңбердің ішкі жағына қарай қисайып, ердің қасынан қыса түсем…
− Тоқта! — деген дауыс шықты. «Уһ!» — деп аттың басын тарттым. Түу, шіркін-ай, тоқтап тұру қандай жақсы, рақат. Ішімнің түйнегені сап басылды. Тек төңірек қана әлі зыр қағып айналып тұр. Көзімді жұмып ем, бәрібір тоқталмады үйіріліп айнала берді. Ат үстінен ауып түсе жаздадым.
− Ештеңе етпейді, өсти-өсти үйренеді,- деген Байдалы шалдың сөзін құлағым шалды.-Мұндай күнімізде өзіміз жапан дүзде апталап жалғыз қалып жылқы бағушы ек.
Шеңбердегі бастырылған астықтың сабаны мен дәнін екі жаққа бөліп, сыпырып үйіп, жаңадан астық баулары төселгенше едәуір ес жиып, өзіме-өзім келіп қалдым. Үзеңгіні қысқарттырдым, астыма ескі бір көрпеше салғыздым.
Торы аттың дүңк-дүңк желісі қайта басталды. Қырмандағы у-шу құлаққа тек зың-зың, зың-зың ғана естіледі. Жұрт сөйлесіп жүр ме, әлде жамырасып жүр ме, айырып болмайды. Әйтеуір тек ішімді түйгілеу азайды, үзеңгіге аяғымды шіреп қопаң-қопаң етем, дүние тегіс тағы да шыр көбелек айналып тұр, бірақ алғашқыдағыдай емес, оған да үйренейін дедім.
− Тоқта! — деген таныс дауыс шықты.
Әбден дағдыланған торы ат өзі-ақ шеңберден шетке шығып қалт токтай қалды.
− Ой, бәрекелде, міне, жігіт болды деген осы,- деді тағы да Байдалы шал.- Тіпті көзіміз ашылып қалды ғой, көп жасағыр-ай! Әй, Нәзира, шешеңе айт, той жасасын, мына ұлының жігіт болғанына.
− Ибай-ау, қайнаға-ау, оны айтатын дәнеңе жоқ, тана тағып жіберсек болды ғой,- деді астық қаптап жүрген әйелдердің біреуі майыса сөйлеп.
− Иә, сөйтелік. Әй, қатын, қалтаңда танаң бар ма?
− Тесік тиын да жарайды емес пе?
− Жарайды ғой, әкеші кәне!
− Менің қалтамда бір моншақ жүруші еді.
− Әкел моншағыңды да, тана ғып тағуға жарай береді.
Сөйтіп, қырмандағы әйелдер кеу-кеулесіп тесік тиындарын, тана-моншақтарын жинап, менің қарсылығыма қарамастан омырауыма, етегіме тізілтіп тігіп тастады.
− Ал енді шешең той жасамай көрсін.
− Бәсе, кешеден бері иегім қышып жүр еді, бригадир жеңешемнің үйінен бір тоятын болдым.
− Өзі қайда жүр, шешесі?
− Орақшылар жаққа кеткен.
Әйелдердің қоршауынан Байдалы шал кеп айырып алды.
− Әй, шырақтарым, болды енді, жұмысты тоқтатпаңдар,- деді.
Торы атты тебініп қап, шеңберге түсіп дүңк-дүңк желе жөнелдім…
Неше айналым бау астық бастырғаным есімде жоқ. Кешкісін торы аттан тәлтіректеп түскен кезімде бойым бір-ақ тұтам боп қысқарып қалған сияқты көрінді. Тақымым, үзеңгі бау қажаған сирағым ду-ду ашиды. Басым шыр көбелек айналып тұр. Көзімді жұмып жата кеткім келеді, бірақ өйтуге болмайды, онда Байдалы шал мен басқа жұрттың алдында масқара болам ғой. Бар күшімді жиып, аяғымды барымша нықтап түзу басып ауылға қарай бет алдым. Ұясына қонуға сүйем қарыс қалған күн шіпілдеп қызарып тұр. Әзі дөңгелеп айналып тұрған сияқты. Құлағыма лақ маңырағандай болады. Едәуір жүріп қырманның шуынан алыстаған соң ептеп есімді жидым. Артымнан лақ әлі маңырап келе жатқан сияқты. Қарасам, Мәри деген қыз, маған тоқта дегендей айқайлап келеді. Сөйте тұрып өзі мүлде асығар емес, аяғын санап басқандай жүреді.
− Жүретін болсаң жүрсеңші енді! — дедім ит жыным ұстап.
− Маған қатты жүруге болмайды,- дейді.