Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өзі өстіп күннен-күнге көңілденген сайын біздерді — балаларды болымсыз нәрсеге бола жазалауы да жиілеп, қатайып кетті. Бұрынғы «көзімнің нұрлары», «көкесінен айнымаған күнімнің», елжірей қарап айналып-толғанудың бәрі жайына қалды. Енді Әжібек құсап ол да бізді: «Әй, жетпегірлер!», «Әй, жүгірмектер!» — деп шақырады. Артымызды жалаңаштап, жерге етбетімізден жатқызып қойып көк шыбықпен шып-шып еткізіп дүре соққан кезде өзі айызы қанып, рақаттана тістеніп тұрады.

Жаза да көбейді, салықтың түрлері де көбейді. Сол көп салықтарды өтеу үшін тау бөктеріндегі жабайы алманы дорбалап тасимыз. Шымырбай шалдың қауын-қарбызына да жиі-жиі аттанамыз, бірақ бәрібір жазадан қашып құтылу жоқ. Іріктеп әкелген алмаларыңның ішінен құрты бар бір алма шықса да, әкелген қауының дәмсіз болca да жаза тартасың, көк шыбықпен дүре соғады, ол аздай саптың алдына тұрғызып қойып, дәу табан әскер етігімен май құйрықтан теуіп қап қалпақтай ұшыратын «сорыңды алам» дейтін жазасы және бар. Оны да ойлап тапқан Әжібек. Бұл күнде Әжібек әбден семірген. Басқолбасшының бірінші орынбасары — оң қолы ретінде ол да бізден салық алады. Ырысбектен артылған тәтті қауын мен піскен алмалар соның аузында. Ендігі бізден салық ала алмай жүрген, есе тимей жүрген, ЬІрысбектің екінші орынбасары боп кейінде сайланған Қайрат қана. Әжібектен кейінгі Ырысбекке жаққан бала сол. Өзі білдіртпей ғана Әжібекпен тайталасатынды шығарды. Ырысбектің үйіне Әжібектен бұрынырақ кеп, етігін сүртіп тазалап, жез түймелерін жылтыратып ысқылап бәйек қағады. Кеше әуелдеп Әжібекті Ырысбектің үйіне кіргізбей қойды. «Басқолбасшы қазір шығады, осы далада күте тұр!» — деп. Әжібектің түрі жаман бұзылып кетті, бірақ ештеңе деген жоқ. Қызарақтаған күйі бізді сапқа тұрғызып, өзі есіктің көзінде тұрған Қайратқа қалай тиісерін, қалай мұқатарын білмей тістенумен болды. Онан соң әскери ойындар кезінде байқамағансып, ойнағансып барып Қайратты бір-екі рет аяғынан шалып қап, тоңқалаң асырған. Екі ретінде де жерге оңбай гүрс ете түскен Қайрат көзі жасаурап, жамбасын сипалай берді. Жылауға ұялды, көзі шіпілдеп жасқа толып кетсе де күлгенсіді өзінше. Өйткені, ойнап жүріп жыласа басы таз болады ғой.

Әскери ойындар аяқталып, енді алмаға барамыз ба, әлде қауынға аттанамыз ба, деп бұйрық күтіп сапта тұрғанбыз. Ырысбек күрт түсі суып, ызғарланып келді алдымызға.

− Әжібек!

− Мен мұндамын, жолдас Басқолбасшы!

− Қазір, табаның жерге тимей барып, Көлбай кереңнің сапысын әкел! — деді жеп жіберердей түйіле ақырып.- Бол! Бес минут уақыт берем!..

Әжібек жүгіріп кетті де әлден соң сапыны алып қайтып оралды. Ырысбекке ұсына берген.

− Тарт ары! — деді Ырысбек дәл бір лас нәрсені көргендей сапыға жиіркене қарап.- Тағы бес минут уақыт берем, осы күйінде Көлбайдың үйіне апарып Әпіштің қолына тапсыратын бол. Өзіңнің қашан, қалай ұрлап алғаныңды айт! Ал сен екеуің,- деді сапта тұрған екі баланы нұсқап,- бірге ілесіп барыңдар да мынаның қалай тапсырғанын қарап тұрыңдар. Маған айтып келесіңдер!

Енді Әжібек пен әлгі екі бала жүгіріп Көлбай кереңнің үйіне кетті де, көп кешікпей ентіге жүгіріп үшеуі қайта жетті. Біз саптағылар әлі тым-тырыс, қозғалмай тұрмыз.

− Мен айтқандай түсіндіріп тапсырды ма? — деп сұрады Ырысбек екі баладан.

− Иә, өзім ұрлап алып едім деді…

− Дұрыс. Орындарыңа тұрыңдар!

Ырысбек басын сәл төмен салып, жерден бірдеңе іздеген адамдай саптың алдында ерсілі-қарсылы адымдап ойланып жүр, шпоры шылдыр-шылдыр етеді. Әжібек боп-боз болып саптың басындағы өз орнында тұр.

− Қайрат! — деді сәлден кейін Ырысбек қалтасынан кілтті шығарып.- Мә, мынаны айдап апарып қама анау қораға!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий