Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Әй, Ырысбек-ай, көңіл үшін айтасың ғой, әйтпесе енді бізде не көрік қалды дейсің,- деп күлді Зибаш. Аппақ тістерін жарқырата күлімсіреп Ырысбектен көз алмай қарайды. Қымсынып қайта-қайта иығындағы жыртықтарын жапқансып қояды.
− Баяғыда өзіңді алып қашу үшін Темірге күйеу жолдас боп барғаным есіңде ме? «Әй, Зибаш, сен бір түлкі қырдан қашқан…» — деп Ырысбек сөзінің соңын сол әндетіңкіреп жіберген.
− Неге ұмытайын, дәл қазіргідей есімде. Енді қайтып оралмас дәурен ғой ол бір.
− Иә, десеңші. Темір дегендер жігіттің сұлтаны еді ғой. Қайран замандас!..
− Ең болмаса екі қол, екі аяғынан айрылып, кеудесінде бір жаны келсе де риза болар ем-ау, тағдырға,- деді Зибаш көзі тағы жасқа толып.
− Сабыр ет…
− Сабыр етпегенде не істеймін. Жылап-жылап болғанбыз. Тек өстіп өзің сияқты ер-азаматты көргенде көңілің еріксіз бұзылады екен,- деп көзін сүрткен Зибаш тағы да жайдары күлімсіреді.
Осы мезетте іштен шыққан кемпір:
− Зибаш-ау, сен екенсің ғой,- деген.
− Сусын ішкелі келіп ем. Бір шалап жасап жіберіңізші, ене,- деді жалт етіп көзімен қоштасқан Зибаш есікке қарай бұрылып.
Мұнан кейін Ырысбек біздің үйге кірген. Әжем қалбалақтап есі шығып, мүлде қуанып қалды.
− О, айналайын! Жарықтық көкемнің баласы екен ғой! Басыңнан айналайын, көзіңнен айналайын, қолыңнан айналайын…- деп бір сүйіп, бір жылап, шұбырта айналып-толғанып жатыр.
Қызғанып кеттім де шыдай алмай:
− Әже! — деп жетіп бардым алдына айқайлап.
Әжем меселіңді қайтарушы ма еді сүюден.
− Сені де айналайын, жігіт боп, ағасына ауылды көрсетіп ертіп жүрген,- деп шолпылдатып мені де мұрыннан, көзден сүйіп-сүйіп алды. Одан есік жақта тұрған Әжібекке таяп: -Әжібекпісің? Ой, тентек, одырайып тұр ғой өзі!.. Кәне, бетті әкел! Сені де айналайын, тентегінен! — деп оны да сүйді.
Әй, әжем-ай, осынша дарқан сүйешек болармысың, дүниеде сендей әже жоқ-ақ шығар. Кәне, кімнің әжесі өстіп жұрттың бәрін алаламай мейірленіп сүйе алады?! Мен төбем көкке екі елі жетпей тұрмын. Міне, әжең болса осындай болсын деп, айқай салғым келеді мақтанып.
Ырысбек біздің үйден де нан ауыз тиіп қана шықпақ болған. Сырттан аптыға ентелеп Нәзира әпкем кіріп келді де, Ырысбекті көріп қысылып қалды.
− Мынау Нәзира ма?! Түу, әже, тілім тасқа, балаңыз тіпті азамат боп кетіпті ғой! — деді Ырысбек езуін жия алмай, Нәзира әпкеме ішіп-жеп қарап. Өзі қол беріп амандасты.- Кім ойлаған мұндай боп өседі деп, мен әскерге кеткенде кішкентай ғана бала еді ғой.
− Нәзира деген күнім осы менің. Өй, көзіңнен айналдым сенің! Дастарқан жайып, нан турап, мына ағаңа айран құйып әкел,- деді әжем.
Нәзира әпкем дастарқан жайып, нан турады, одан айран құйып әкелуге шығып кетті де, біразға дейін кірмей қойды.
− Әлгі Нәзира қайда жоғалып кетті? — деді әжем шыдамсызданып: — Әй, Нәзира! Нәзира!
Нәзира әпкем есіктің саңылауынан:
− Қанат, бері шығып кетші! — деді.
Мен жүгіріп шықтым. Нәзира әпкем екі тостақанға айран құйып, есік сыртында ұстап тұр екен.
− Мә, сен апарып берші, әйтпесе мен ұялам,- деді.- Әнеу біреу Ырысбек дегеннің көзі жаман екен тіпті.
Біздің үйден шығып келесі үйге бет алғанымызда Нәзира әпкем соңымнан:
− Әй, Қанат! — деді дауыстап.- Қайт кері! Саған апам жұмыс тапсырып кетті.
Мен амалсыз кейін қайрылдым. Апам айтты десе заң, қиқаңдауға болмайды.
− Ал немене? Не жұмыс ол?
− Тентірейтін түк те жоқ, ендігі осы үйдің еркегі сенсің, анау отынды жар! — деді.
Сөйтіп, мен одан әрі ілесе алмай қалып қойып ем.
Содан бастап Ырысбектің өзгерісі күрт. Жайдары бір әуендерді ыңылдап айтып, жез түймелерін құрым киіздің қиындысымен күніне әлденеше ысқылайды.