Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мұнан кейін біздерге мүлде ешкім маңайламайтын болды. Әжібек қарап жүре ме, күнде бірдеңені ойлап шығарады. «Басқолбасшының алма жегісі келді. Қазір барып, анау алып алма ағаштың сарғайып піскен алмаларынан әрқайсың елу-елуден таңдап алма әкеліңдер!» — деп бұйырады. Лаж жоқ, орындаймыз. Қиқаңдасаң көк шыбықпен дүре соғады. Бәтен мен Санатқа бір-бір реттен дүре соғылған, көк шыбықтың ізі құйрықтарынан бір жеті бойы кетпей көгеріп жүрді.
Алғашқы күндердегісіндей емес соңғы кездерде Ырысбек бір түрлі өзгере бастады. Әнеу күні ауылды аралап шыққан, өзгеріс сонан бері пайда болды. Әжібек екеуміз қасына еріп жүріп ек сонда. Ол әуелі қара қағаз келген үйлерге кіріп көңіл айтып, онан кейін үлкен ақсақалдары бар үйлердің кемпір-шалдарына сәлем бермек еді.
Ең бірінші ауылдың ең үлкен қариясы, тоқсаннан асқан Қуатбай шалдың үйіне кіргенбіз. Осыдан екі. жыл бұрын жалғыз немересінен қара қағаз келіп, жадап-жүдеп, шөгіп отырған қария алғашқыда ЬІрысбекті танымай, шүйіле қарап:
− Өкілмісің? — деп сұраған.
− Жоқ, ата, мен Ырысбек деген балаңызбын ғой.
− А! Өй, айналайын, жақсыдан қалған тұяғым. Кәне, бері еңкей! — деп, Ырысбекті иілтіп маңдайынан иіскеді.- Марқұм, бабаң Көкенаймен дәмдес, көңілдес болып ек. Ат жалын бірге тартып мініп, мал табуға бірге аттанып ек. Не заман өтті сонан бері…- деді көңілі жасып, даусы бұзыла сөйлеген қарт. Бір сәт түйіліп отырып қалды.- Шау қарға құсап әңгіріп енді отырған отырыс мынау. Өкілмісің дегенім, осында ауданнан жүрген шолақ қол бір өкіл бар. Не керек екенін білмеймін, атаңның аузына… біраз күн болды, айналшық жегендей осы үйдің алдынан шықпайды.
− Ей-и, жарықтық-ай, нең бар айдаладағы біреуді жазғырып,- деді жүн түтіп отырған кемпірі.
− Жоға, неменеге келе береді деймін-ау, осында. Суқаным сүймейді өзін.
− Е-е, құдай басқа салған соң көнбеске шараң не. Темірім тұрса келмек түгілі аяғын қия басар ма еді! — деді кемпір көзіне жас алып, ауыр күрсіне.
− Иә-ә, өлмеген соң көнеді екенсің бәріне де. Бір заманда жел жағымнан ешкімді өткізбеймін деген көкжалыңның бірі мен едім, бүгінде әркімнің аяғының астында тапталып жатқаным мынау,- деді мұңын шаға сөйлеген шал.- Жә, қол-аяғың аман келдің ғой, қарағым! Бәрінен де үлкен олжа сол. Әй, кемпір, жүніңді таста! Шай қайнат, қазан көтер. Әлгі қоңыр кебені ұста, алыс сапардан бала келген екен.
− Ас-суға рақмет, нан ауыз тисем болады. Ауылды тегіс бір аралап шықсам деп едім. Әлі асықпай келіп өзіңізбен әңгімелесем ғой,- деді Ырысбек.
− Жөн, онда сөйт, кейін асықпай отыратындай боп, бір кел.
Сыртқа шыққанымызда, қырманнан тас қоймаға астық тартып жүрген осы үйдің келіні Зибаш өгіз арбасымен есік алдына кеп тоқтап тұр екен. Ырысбекті көріп Зибаш анадайдан күлімсіреп келді де, қолдасып амандасқан сәтте шарасы жасқа еріксіз толып кеткен кезін жаулығының ұшымен сүртіп, сәл-пәл булыға өксіп жылап алды.
− Түу, Ырысбекті көріп ем көзіме оттай басылды ғой. Темірімді көргендей болдым ғой,-деп, күйеуін есіне алды.
Зибаш ақ құба өңді, көзі боталаған әдемі, толықша келіншек. Әжібек ылғи: «Осы біздің ауылда Зибаштан сұлу келіншек жоқ. Нағыз бота көз. Мүсіні қандай, уыздай толықсып көзді арбайды, балтыры қандай, түп-түзу топ-толық… Шіркін!.. Тезірек ер жетіп кәмелетке толсам үйленер едім»,- дейтін аузының суы құрып. Мен қазір Зибаштың со Әжібек мақтаған аяқтарына қарағам, қолдан тоқылған қалың жүн шөлки киіп апты, тұзу-қисығын айыра алмадым. Үстіндегі ескі шыт көйлегінің иық тұстары сетінеп-сетінеп жыртылыпты, ар жағынан жылт-жылт етіп жалаңаш еті көрінеді. Күн қақтап күреңіткен жүзі сәл тершіп тұр.
− Зибашжан, халің қалай? — деді Ырысбек.
− Хәлдің несін сұрайсың, Ырысбек-ау, көріп тұрсың ғой, өзің.
− Сол баяғы әсем көркің.