Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Сен менің бірінші орынбасарым боласың! — деді Әжібекке.- Мына әскерлердің жүріс-тұрысын, тәртіптерін бақылап, маған баяндап тұрасың! Тәртіп бұзғандарына қатал шара қолданылады: көк шыбықпен дүре соғу, қораға аш қатырып қамап қою. Үйлеріне ешкім шағым айтып, жылап барушы болмасын. Ондай балаға екі есе қатал шара қолданылады. Әке-шешесінің қойнында жатса борбайынан ұстап суырып алам. Менің қолымнан әулиесі тартып көрсін сонан кейін! — деп Ырысбек мылтығын қозғап, жөндеп қойды.- Бәріңе түсінікті ме?
− Түсінікті! — дестік.
− Кәне, әскерлерше бір кезде айтыңдар.
− Түсі-нік-ті!..
− Тағы да қайталап айтыңдар! Бір, екі, үш…
− Түсінікті!..
− Тағы да!
Біз тағы қайталадық… тағы қайталадық… Дұрыс! — деді бір кезде.- Ал кімде сұрақ бар?
− Менің сұрауым бар,- деді Әжібек.
− Иә, сұра.
− Мен сізді Басқолбасшы десем қайтеді?
− Мақұл. Солай де. Ал сөйтіп бүгінгі бірінші дайындық сапта жүріп үйрену, оңға, солға бұрылуды үйрену. Онан кейін секіру, жарысу ойындары…
Сөйтіп, біз ойламаған жерден әскер боп шыға келдік те, әскердің ойындарына кірістік. Обалы не керек, Ырысбек түсін суытып, қатал сөйлегенімен, ойындарды тәптіштеп түсіндіріп, жанын сала үйретті. Өзіміз де оның айтқандарын бар ынтамызбен қызыға орындаймыз.
− Раз, два!., раз, два!..- деп шпорлы етігімен жерді дүк-дүк еткізіп адымдаған кезде біз де жалаң аяқтарымызды былпың топыраққа тып-тып еткіземіз. «Шіркін-ай, Ырысбектікіндей қалың ұлтан етігіміз, шпорымыз болса!» — деп қоямыз.
Онан соң оңға бұрылу, солға бұрылуды үйрендік. Ең соңында ЬІрысбек сағатын қолына ұстап, өзі қадағалап санап тұрып қашықтыққа жүгіртті, биіктіктен секіртті. Әйтеуір кешке дейін қасымыздан екі елі ұзамай ойына келгендерін істетті. Кешкісін әбден сілеміз қатып, аяғымызды тең баса алмай шатқаяқтап үйге қайттық.
Ертеңіне сабақтан тарасымен, үйден апыл-ғұпыл тамақтанып, тағы жиналдық. Ырысбек кешегісіндей тағы да мылтығын асынып шықты да, тағы да әскери ойынымызды бастадық. Әжібектің де білмейтіні жоқ, Ырысбектің айтпағын емеурінінен қағып алады.
− Құп болады, жолдас Басқолбасшы! — деп қояды, сарт етіп.
Бұл күні ойнап жатқанымызда қасымызға салт атпен колхоз бастығы Нұғыман келген. Ол сырттай қарап біраз тұрды-тұрды да одан соң Ырысбекке таяп кеп, бәсең үнмен бірдеңе деді.
− Кедергі жасамаңыз! — деді Ырысбек дүңк етіп. Нұғыман тағы да бірдеңе-бірдеңе деген.
− Мен өзім білем не істейтінімді, аулақ жүріңіз! — деді Ырысбек тағы да қатты сөйлеп.
Бұл жолы Нұғыман даусын көтеріңкірей сөйледі. Біз оның «соғыс», «колхоз», «аудан» деген жекелеген сөздерін ғана естідік. Ырысбектің жүзі күп-күрең боп түтігіп, көзі алақ-жұлақ ете қалды.
− Кет, кәне, өлмей тұрғаныңда!- деді ақырып.- Мен қанымды төгіп келдім! Мына сендер үшін төктім! Сендер үшін кеудемді жау оғына төсеп, өкпемді оққа тескіздім!..- деп көкірегін соғып-соғып қалды. Біздің зәреміз ұшып кетті. Иығындағы мылтығын жұлып ап, Нұғыманды табанда атып тастайтындай боп көрінді.
Нұғыман атының басын бұрды да қырманға қарай жүріп кетті. Ырысбек болса оның соңынан көпке дейін айбат шегіп, ашуын баса алмай селкілдеп тұрып алды.
− Соғысқа көмек дейді ғой, мен көмек етпегендей. Саған қарағанда көмекті мен көрсеттім, қанымды төгіп… Ауданмен қорқытады ғой мені, ауданнан асып облысқа бар, таярым жоқ сөзімнен. Ешкіміңнен қорықпаймын. Өзім қаным қарайып келген адаммын, шетіңнен жайратайын!..