Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Екі-үш ауызын қайталағаннан кейін, қалтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Біз оның жылап жатқанын енді байқадық.
− Әжібек-ай, баурым-ай, өмірің тек қуанышпен өтсін,- деді даусы жарықшақтана дірілдеп.- Әлгі жеңгеңді, Дүрияны шақырып келші. Мені жаны ауырып, күйзеліп жатыр деші…
Әжібек қасына мені ертіп алды да, екеуміз, әне-міне, дегенше ауылдың шетіндегі төбеге -қырманға жарыса жүгіріп жеттік те, Дүрияны ертіп кейін қайттық. Ырысбек әлі со зарлы әуенді айтып күңіреніп жатыр екен, Дүрияны көре сала, домбырасын тастай сап ұшып тұрды. Әйелін кешегі күні емес, дәл бүгін көргендей ұмтылып кеп құшақтай алды да, еңкейіп оның көкірегіне бетін басып тұрып алды. Бізге ол балаша солқылдап жылап тұрған сияқты боп көрінді. Үй ортасындағы бұл тұрыстарынан қысылғандай болған Дүрия күйеуінің құшағын босатпақ боп көрген: «Отыршы, Ырысбек, қойшы, бұл тұрысымыз ұят қой!» — дей берген, бірақ Ырысбек айырылмады, жібермеді.
Әжібек, кетейік дегендей ым қақты, бұрылып көшеге шықтық. Әжібек тағы да Ырысбекті «Жалақ, бұзау» деп даттайтын шығар, мазақтайтын шығар деп ойлағамыз, жоқ, ол ештеңе деген жоқ. Мырс етіп күлді де басын шайқады, онан соң қолын күнге көлегейлеп аспанға қарады. Шаңқай түс. Қарнымыздың ашқанын енді сездік. Үйде жаңа астықтың ұнынан пісірілген нан бар, табадан бойы жып-жылы тұрған шығар. Нанды сөз етуіміз-ақ мұң екен, жаңа піскен нанның иісі танауымызды жарып, бұрқырап қоя берді. Бүкіл ауылда жаңа піскен нанның пісі аңқып тұр.
Ырысбек бір жетідей тырп етіп үйінен шыққан жоқ. Қашан барсаң жинаусыз төсектің үстінде шалқасынан түсіп домбырасын тыңқылдатады да жатады. Бұ дүниеде не боп жатыр, не тіршілік бар, оның бірде-бірімен ісі жоқ. Бір ауық күңірене әндетіп өзімен-өзі жылап алады. Кейде ол үйін төңіректей ойнап жүрген біздерді ішке шақырып ап, жағалай отырғызады да, өзі бәрімізге мүсіркей, аяй қарап: «О, көзімнің нұрлары»,- деп елжірейді. Үні соншалық жұмсақ, жанары мейірімді, асты-үстіңе түсіп, еркелетіп, дәл бір туған ағаңдай көрінеді. Әрқайсымызды басымыздан сипап: «Көкесінен айнымаған, күнім!» — деп қояды. Мұндайда біздер тамағымызға бірдеңе кептеліп тұрып қалғандай жұтына береміз, жапалақтай бастаған көзімізді жасырамыз. Өстіп бәрімізді жылы сөздерімен бір-бір айналып-толғанып болғаннан кейін әңгіме бастайды: соғыстағы бастан кешкендерін, көрген-білгендерін, қырғын өлім жайлы, ұрыс даласында қалып азап шеккен жаралылар жайлы егіле отырып айтады. Біздің қиналған түрлерімізді көрген сайын неше түрлі аянышты, үрейлі оқиғаларды бірінен-бірін асырып бастырмалата түседі. Ақыры әңгімесінің бір тұстарында өз айтқандарына өзі шыдай алмай булығып жылап жібереді де, қол орамалын алып қалш-қалш етіп бетін басқан күйде: «Енді кетіңдер, шығыңдар үйден!» — дегендей қолын сілтеп, жастыққа қисаяды.
Біз үрпиісіп сыртқа кетеміз. Тағы да домбыраның шерлі күмбірі, өкінішке толы азалы шертпелер, күңіренген зарлы әуен.
Әскер боп тудым,
Белімді-ай, будым.
Қайтейін, сұм фашиске
Қарсы-ай тудым-ай…
Оның бұл әуені бізге де қатты әсер ететін боп алды. Естіген кезімізде төбе құйқамыз шымырлап, дірілдеп кетеміз. Көзіміз боталап бір-бірімізден теріс айналамыз.
Күнде түс кезінде Дүрия тамаққа қайтады, сондағы Ырысбектің қуанғанын керу тіпті керемет. Домбырасын тастай сала ұшып тұрып әйелін құшақтай алады да, оның көкірегіне, мойнына, қалың бұрымды шашына бетін басып қашан мауқы басылғанша тұрып алады. Дүрия оны арқасынан қағып, шашынан сипап, мейірлене иіскеп баласынша еркелетеді, сөйтіп тұрып тезірек құшағынан босанғысы келеді, бірақ Ырысбек айырылмайды, жібермейді. Мұндай сәтте біз де тым-тырыс қана бұрылып ап, жөн-жөнімізге кетеміз.