Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ондай қызықты көруге біз қарсы болушы ма ек, қайта жанып түстік. Сырттан ашық терезеден бастарымызды қылтыңдатып көзге түсіп қалғаннан гөрі, ауыз үйге кіріп, ішкі үйдің есігінің саңылау-тесіктерінен сығалауды жөн көрдік. Әжібек бастап, аяғымызды ұшынан басып тас қараңғы ауыз үйге кірдік. Ішкі есіктің саңылаулары шынында да аңғал-саңғал екен, іштегінің бәрі көрініп, естіліп тұр. Саңылауларға кеп, жабыса-жабыса қалдық.
− Ұршы мені, Ырысбек, ұршы,- деді Дүрия жалбарына сөйлеп.
− Сені ұрғанша мен жынданып кетейін де, сәулем…
− Құдай-ау, сенің алдыңдағы кінәмді қайтсем жуып-шаям!? Сен мені пышақсыз кескілеп тұрсың ғой, Ырысбек-ау, ең болмаса шапалаққа бір тартшы, көңілім көншісін… табаныңды сүйейінші…
Дүрия оның аяғын құшақтап отыра кеткен, бірақ Ырысбек оны дереу көтеріп алды.
− Асылшы мойныма! — деді.
Онан соң Дүрияның аяғын жерге тигізбей тік көтерген күйде бетіне бетін тақап шаншыла қарады.
− Жаным-ау, жараң ауырады ғой. Қойшы, қайтесің мені көтеріп. Мен бұрынғыдай емес, зілдеймін.
− Сағындым сені…
Біздің қасымызда тұрған Әжібек ыза боп кетті.
− Ой, мынаның өзін жігіт пе десем, қатынжанды бірдеңе ғой, бұзауша жаланып,- деді күйіп-пісіп.- Мұндай қатынды әкесіне көрістіру керек қой. Әттең!..
Дүрия көрпе-жастықтарды жинап, төрдің алдына төсек салды да, үрлеп шамды сөндірді. Біз өзіміз күткендей қызық ештеңенің болмағанына әжептәуір көңілсізденіп қалдық.
− «Сәгіндім сені» дейді ғой, өй жалақ неме! Бұзау!..- деді Әжібек сақаулана мазақтап.
Біз енді кеткелі тұрғанда тыстан тасыр-тұсыр басып біреу кіріп келді де, қараңғыда сипаланып барып ішкі есікті іздей бастады. Қабырғаға жабыса қалдық та, кейін түкпір бұрышқа қарай жылыстадық.
− Көлбай керең! — деді Әжібек қуана сабырлап.- Құдай берді, қызық енді басталады, хе-хе,- деп, алақанын шыдамсыздана ысқылап күліп қойды.
Көлбай есікті тапты да жұлқып серпіп шалқасынан ашып тастады. Іштен сіріңке шағылған, көзді ашып жұмғандай қас қағым сәттің ішінде: тарқатылған шашы иығына төгіліп, үрейлене төсектен басын көтерген Дүрияны, сіріңке шағып, орнынан тұра берген іш киімшең Ырысбекті, сапысын жарқ еткізіп екеуіне қарай дүлей боп ұмтылған Көлбай кереңді көріп үлгірдік. Дүрия шыңғырып жіберді. Сіріңке өшті де, үйдің іші тастай қараңғыланып, апыр-топыр айқас боп кетті. Көлбай керең Ырысбекке сапысын салды ма, жоқ па, кім білсін, біз Әжібектен өзгелеріміздің үрейлеріміз ұшып, қалтырап кеттік. Еркектердің ышқына ыңқылдағандары, тарс-тұрс дыбыстар ғана естіледі. Қараңғыда бірін-бірі шақ-шұқ соғып жүргені анық. Бір сәт ауыз үйдің біз тұрған бұрышына қарай лақтырылған бір нәрсе сарт етіп, аяғымыздың астына кеп түсті. Әжібек лып дегізіп көтеріп алған. Көлбай кереңнің сапысы екен. Енді біреуін біреуі былшылдатып соққан жұдырықтың дыбысы шықты. Бет-ауызға ұрып жатыр.
− Ы-ы…- деп ыңырсыды біреуі.
− Жүріңдер, құрысын кетейік,- деді Әжібек.- Пәлесінен аулақ!
Күткеніміз де осы бұйрық еді, зытып далаға шықтық. Әжібек Көлбай кереңнің сапысын қойнына тығып ала кетті.
− Е, бәсе, еркек деген осындай болмаушы ма еді! Тек қараңғыда төбелестерін көре алмадық, әттең. Қай жеңгені біздікі. Солай емес пе! Таңертең белгілі болады ғой, әлі. Айтам ғой, Көлбай керең бәле!..
Таң құлан иектеніп, төңірек бозамық тарта бастапты. Әр үйдің қорасынан баж-баж етіп әтештер шақырып жатыр. Былайырақ ұзаған соң Әжібек қойнындағы сапыны шығарып, көше шетіндегі қалың шептің ұшар бастарын орып-орып түсті де:
− Бұл сапы енді мына Әжікеңдікі болады! — деді насаттана.- Ауыздарыңнан шықпасын!
Аузымыздан шығарып неміз бар, Әжібектен өле алмай жүрміз бе.
Сөйтіп үйді-үйімізге тарадық.