Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сәске кезінде балалар көше ортасына тары топтала қалғанбыз. Әжібек келді де түндегі төртеуімізді оңашалап алып шықты.
− Сендер ештеңе естіген жоқсыңдар ма? — деп сұрады.
− Жоқ.
− Не жайында?
− Не боп қалыпты?
− Ойбай, масқара болатын түрі бар. Көлбай керең ұшты-күйлі жоқ.
− Неге?
− Қайда кетіп, қайда жүргенін ешкім білмейді. Бүгін ертемен қырманға астық тастауға шығуы тиіс екен, әлгінде бастық, бригадир, есепші болып барлығы жабылып іздеп еш жерден таба алмады. Үйі кешегі құлыпталған күйінде тұр. Ырысбектен сұрап барған екен, жөнді жауап бермепті. Бектай есепші кішкене қадалыңқырап тұрып алған екен. «Қаныңды ішем, иттің баласы, құры, кәне, көзімнен!» — деп мылтыған ала ұмтылып, қуып шығыпты. Меніңше, со керең сорлыны өлтіріп тастап, жасырып отырған болу керек. Бектай айтады: «Көзі қып-қызыл боп қанталап, тұра ұмтылғанда зәрем ұшып кетті»,- деп. Бобше2 Ырысбектен бәрін күтуге болады. Стансада кездескен соң мен бір-екі күн қасында болып көрдім ғой. Кей-кейдегі істері тіпті қызық. Сау адамның ісі емес. Дұп-дұрыс келе жатып мінезі аяқ асты сайтан сияқты құбылады. Әйтеуір, бір кілтипан бар өзінде. Жүріңдер, барын байқастап көрейік, бәлкім Көлбай кереңнің өлігін байқап қалармыз.
Біз келгенде терезе сол кеше кештегі жақтауымен алулы үңірейген қалпында тұр екен. Іштен домбыра үні естілді. Ашық терезеден көз салғанбыз: түндегі Дүрия салған төрдегі төсек әлі жиналмапты, ЬІрысбек шалбарын, шпорлы етігін киген, іште жейдешең күйінде шалқасынан түсіп, төбеге қарап жатыр, қолында домбырасы, тыңқылдата шертеді. Бізді байқап қап:
− Әй, Әжібек, адъютант, кір бері үйге! — деді.
Әжібек бізге күте тұрыңдар деп ымдады да, ішке кірді.
− Ассалаумалейкүм! — деп сәлем берген.
Ырысбек басын көтеріп алды да оған шытына қарап:
− Ассалаумағалейкүмің не-ей, сенің? Мойныңды бұрап алайын ба, осы?! — деді жекіп.-Бар, ауыз үйге шық та қайта кіріп солдатша сәлемдес!
Әжібек ауыз үйге шығып, одан қайта кірді де есік алдына қалт тұра қап, қолын шекесіне апарып:
− Здробие желаем, жолдас кәмәндір! — деді.
− Міне, енді дұрыс. Вольно! Саған тапсырма бар. Қазір анау ошақ басында жатқан қышқашты ал да, есік алдына от жағып, әбден қып-қызыл болғанынша қыздыр. Қызарған кезде маған кеп айт! Бар, орында бұйрықты!
Әжібек бұрылып кете берген.
− Әй, тоқта! Не деу керек? Қалай шығу керек?
Әжібек қалт тұра қалды да, тағы да қолын шекесіне апарып:
− Құп болады, жолдас кәмәндір! — деді саңқылдап.
− Бар, орында!
Біз Ырысбек пен Әжібектің мына қылықтарына мүлде қайран боп, қызығып тұрмыз. Әжібек болса сыртқа шыға бере кейін қарап, аузын қисаң еткізіп мазақтап тілін шығарды да, біздерге көзін қысып қойды. Онан соң Ырысбектің өзіне тапсырған бұйрықтарын бізге бұйырды: біріміз ошақ басынан қышқашты тауып әкеліп, қалғанымыз отын жинастырып от тұтаттық. «Мұнысы несі?», «Мұны қайтер екен?» — деп аң-таңбыз. Отты біраз өртей жаққаннан кейін қышқаш қызып, бас жағы қызара бастады. Әжібек ішке кіріп Ырысбекке хабарлады. Сәлден кейін гимнастеркасын киіп, белдігін буынып, сарт-сұрт етіп Ырысбек шықты да Әжібекке кілт ұсынып:
− Аш, анау есікті! — деді қораның аузындағы тот басқан үлкен қара құлыпты нұсқап.
Әжібек барып қораның аузын ашты.
− Ішінде Көлбай байлаулы жатыр. Бар да аузына тығындалған шүберекті алып таста! -деді тағы да.
Әжібек тастай қараңғы қораның ішіне кіріп, айтқанын орындап шыққан.
− Өлтір әкеңнің… осыдан мені! Өлтіріп қанымды іш!..- деп тістене ақырған Көлбай кереңнің даусы естілді.