Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Амандық боп, мына астықты жинап алған соң анау кебе лақтың бірін сойып, әйелдерге кішкентай бір той-томалақ жасап беру керек енді,- дейді.
− Онда мен анау сары ешкінің лағын ептеп, жемдей берейін,- дейді әжем.
− Түу, өсти қалатындарыңыз-ай, осы сіздерде ғана бала бардай. Бір күн, жарым күн барып қолқабыс еткенде тұрған не бар екен, соған бола той-томалақ деп дабырайтатын түк те жоқ,- дейді Нәзира әпкем.
− Халқымыздың дәстүрі, ырым ғой,- дейді апам.
− Баланың жұмыс істегені де ырым бопты. Онан да бұлардың бәрін желкелеп отырып жұмысқа салу керек. Әйтпесе анау Ырысбек деген мен Әжібекке ілесіп істемейтіндері жоқ. Мына біздің ұл Зибаш пен Ырысбектің арасына хат тасушы болған көрінеді.
− Жә, не боса соны сөйлемеші әрі,- деді апам жақтырмай.
− Рас айтам. Маған сенбесеңіз оятып ап, өзінен сұраңыз.
Нәзира әпкемнің мына сөзі мені төбемнен ұрғандай қылды.
Теріс қарап жатқан күйде тынысым тарылып, жерге кірердей қысылдым. Бет-жүзім дуылдап кетті. Нәзира әпкеме ыза боп жатырмын: «Тоқтар екеуінің кездескендерін талай жасырып едім… Бәлем, тұра тұр»,- деймін іштей кіжініп.
Апам мені оятқан жоқ.
− Бар, сапылдамай, мына әжеңе бидай түйіп беріп кет, көжеге салатын,- деді, Нәзира әпкеме.
Мұнан әрі Нәзира әпкем ауыз үйге шығып, гүрсілдетіп кеп түйе бастады.
Әжем мен апам екеуі шаруа жайын сөз етіп кетті. Дәйім бәрін білгісі кеп отыратын әжем астықтың түсімін сұрайды, апам орташа дейді, бірақ соның өзін төкпей-шашпай жинап алса мемлекетке тапсыруға да, тұқым құйып алуға да жетер еді, дейді.
− Еңбекке ештеңе бермейсіңдер ме?
− Білмеймін. Әй, қиын… қиын…- дейді апам күрсініп.- Мынау ойдағы колхоздардың биыл астықтары күйіп кетіпті, олардың тауқыметі де бізге түсе ме деп ойлаймын. Бүгін бастықты ауданға шақыртып кеткен, сірә сол жайында болар.
− Е, жаратқан алла, пейіліңді тарылтпа…- деп әжем ауыр күрсінеді.- Мәшинемен орып жатырсыңдар ма?
− Иә, мына жазықтағы астықты лобогрейкамен орып жатырмыз. Бірақ өндірімсіз, екі айналып тоқтап қалады, сына береді… Оны дұрыстап жөндейтін ұста да жоқ.
− Әлгі неміс бала бар емес пе?
− О, байқұс, жайын салып мықшыңдап-ақ жатады, бірақ бала емес пе… қазір жөндегені қазір бұзылып қалады.
− Әттегене-ай, ә, темірді пісіре алмайды-ау, ә… Қайран Ақаттай ұста қайда дейсің?! Ой, қу соғыс-ай!.. Ал жат енді, шаршап келдің ғой. Таңертең ерте тұрасыңдар.
− Жоқ, жатпаймыз. Қазір қырманға қайта кетеміз. Станцияға алты өгіз арбамен астық жөнелтуіміз керек. Соның екеуіне айдап баратын адам іздеймін. Әлгінде Қанаттың бүгін қырманға барып, жұмыс істегенін естіп, бетінен бір иіскеп кетейінші деп келіп ем үйге.
− Нәзира да қайта кете ме қырманға?
− Иә. Со жөнелтілетін алты арбаға астық тиеседі қазір барып. Қырманның басында ұйықтай салады ғой… Қой, тұрайын енді. Суық түсейін дегендікі ме, түнге қарай белім сырқырайтын боп жүр. Менің әлгі бел орағышым қайда екен? Төсектің ірге жағында сияқты еді ғой… Иә, сол ғой, бері тастаңыз… Әй, Нәзира, түйіп болдың ба?
− Болдым.
− Жүр онда. Екі арбамен кімдерді жіберсем екен деп, басым қатулы. Жұрттың бәрі жұмыста, ешқайсысын айыруға болмайды… Тіпті білмеймін…
− Бір арбаны мен айдайын,- деді Нәзира әпкем.
− Саған бір арбаны айдатуды өзім де біліп тұрмын-ау, бірақ станцияға барған соң қаптарды көтеріп апарып қойманың терезесінен құю керек, оған сенің шамаң келе ме?
− Осы апам қызық. Мені әлі қолынан түк келмейтін бала көресіз-ау, деймін. Бір қап түгілі екі қапты екі қолтығыма қысып көтерем.
− Өй, алаңғасар! — деді апам оның сөзіне ыза болып.- Екі қапты көтерем дейді ғой. Саған бір қапты көтерудің өзі ауыр. Шамаңнан тыс тыраштанба деп қанша айтамын осы.