Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Өстіп зар еңіреп жатқанымда орыстың бір қаршадай қызы, дәл осы өзімнің Нәзира қарындасымдай балғын жасы кеп, өлімнен арашалап алып қалды,- деп, домбырасын шетке тастай салды. Онан соң: — Қой, жылап отыратын уақыт па. Жұмысқа аттанайық! — деді көзінің жасын сүртіп.- Көңіл шіркінді еркіне жіберсең езіле береді. Бір ауық өзіңді-өзің тежемесең. Бекем болайық, жеңгелер!
− Рақмет, қайным!
− Бақытты бол!
− Зибаш екеуің қосағыңмен қоса ағарыңдар! — десті әйелдер шын көңілден риза болып.
Әлгіндегі ашулы келістерінен, бұрқ-сарқ еткен сөздерінен із де қалған жоқ еді. Бәрінің де көңілдері елжірей қалған жұмсақ күйде.
− Зибаш, көжеңді әкел! — деседі.
Ортаға келген жарты тегеш кеспе көжені қолдарына тиген шұңғыл ыдысқа құйып, екеу-үшеуден кезектесіп бір қасықпен ішуге кірісті. Ырысбекке үлкен тостақан мен жеке қасық беріп:
− Сен еркексің ғой бізге қарама. Тойып ал! — дейді. Сырттан есік алдынан біреулер тасыр-тұсыр жүгіріп өтті. Сөйткенше болған жоқ, есіктен сұңқиып жынды Бүбітай кіріп келді. Үйдегілерге тегіс бажырайып қарап өтті де:
− Тойлап отырсыңдар, ә,- деді.- Мені ғой тойға шақырмайсыңдар. Ал шақырмасаңдар да мен өзім келдім,- деп босағаға отыра кетті. Үсті-басы жұлым-жұлым, кір-кір еді, өзі жүдеу.
Мен зәрем ұшып апама тығыла түстім.
− Ей, қор болған сорлы-ай!..- деді Нұрсұлу, аяныш білдіріп күрсіне. Үй ішіндегілер көжені сораптатқандарын тоқтатып, тым-тырыс тына қалды.
− Ал әкесеңдерші, қант-кәмпиттеріңнен, шай ішелік,- деді Бүбітай.
Ауыз үйден тықыр естілді де, ақырын ғана есікті ашып Тоштан кірді. Бүбітай: «Ойбай-ай, ойбай-ай!.. Мынау тағы жетті-ау!» — деп зар қағып ыршып, әйелдерді баса-көктеп төрдегі Ырысбектің қасына бір-ақ жетті. Зәресі ұшқан Ырысбек атып қазан жақтағы Зибаштың қасына барды.
− Тәтем маған бой бермей қашып келді,- деді Тоштан кінәлі адамдай өзінің қолында ұшына сым темір байланған кішкентай қамшысы бар.
− Тәтеңді сен өзің қарап жүрсің бе? — деп сұрады Нұрсұлу.
− Иә, өзім қараймын.
− Немене, сонда бір үйде екеуің ғана жатасың ба?
− Иә, екеуміз ғана.
− Әй, мына тамақты маған қойдыңдар ма? — деді Бүбітай Ырысбектен қалған көжеге қарап.
− Иә, саған қойдық. Іш.
Бүбітай ашқарақтанып көжені алды-артына қарамай апыл-ғұпыл іше бастады.
− И-и, сорлы-ай…
− И-и, байқұс-ай, аш екен-ау! — десіп әйелдер егіліп кетті.
− Тоштан, келе ғой, қарағым, көже іш,- деп апам алдымыздағы тостағанға тегеште қалған көжеден толтыра құйды.
Тоштанның да қарны аш екен, көжені қомағайлана ұрттады. Әйелдердің әрқайсысы одан әр нәрсені сұрап жатыр, ол көжені ұрттай отырып жауап қатады.
− Тәтеңмен екеуің жалғыз жатқанда қорықпайсың ба?
− Алғашқыда қорқатынмын, қазір қорықпаймын.
− Әйтеуір айтқаныңды істей ме, тіліңді ала ма?
− Тілімді алмаса мына қамшымен ұрам. Байдалы атам солай үйреткен. Ал оған да көнбесе онда, міне, бізім бар, мұны да со Байдалы атам жасап берген, осыны сұғып алам.
− Өзіңді ұрып тастамай ма?
− Жоқ. Бізден қорқады.
− Ал жатқанда қалай жатасыңдар.
− Жатарда мен тәтемнің қолын артына қайырып байлап қоям.
− Неге?
− Әйтпесе, түнде тұрып мені тұншықтырады. Қолының жібі шешіліп кетіп екі рет тұншықтырды да.
Көжені ішіп болған соң Бүбітай жан-жағына түкірініп, күбір-күбір сөйледі де, ешкімге қарамастан, жолында отырғандарды баса-жанша сыртқа беттеді.
Тоштан да тұрып соңынан ерді. Есіктен шығып бара жатып менің апама:
− Апа, мен күніне бір уақыт барып қырманда жұмыс істесем бола ма? — деді жалынышты үнмен,- Әйтпесе, қыс түсіп келе жатыр, тәтем екеуміз аштан өліп қаламыз ғой.