Knigionline.co » Казахские книги » Дикое яблоко / Жабайы алма

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Дикое яблоко / Жабайы алма» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.

Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Күзгі аспан реңсіз, буалдыр түтін басқандай мұнартады да тұрады. Таңертеңгі дала сызды, салқын, жақ жүніңді үрпитіп, өне бойыңды тітірентіп жібереді. Тек сәске кезінде ғана құрысың жазылып жылынасың. Дәл желкеңе шығып алған күннің көзі арқаңды шым-шымдап қыздырып, пысынатып, терлете бастайды. Төңірек тегіс шаңғытып кетеді. Құлағында тек сыр-сыр еткен шалғы мен орақтың сыбыстары. Көз алдыңда тек әбден қурап, сыңғырлаған мысық мұрт егін, уыстай қармағаныңда сабақтары зыңылдайтын сияқты. Абайлап ормасаң масақтары саудырап сағағынан сынып түсіп жатады. Ештеңеге алаңдауға да, іркілуге де болмайды. Неше күннен бері егіннің сабағы сойғылап күптей болған алақаның тұз уыстағандай тызылдайды, басың айналып, көзің бұлдырайды, бірақ бәрібір сонда да ора беруің керек. Әйтпесе күндік нормаңды орындай алмай қаласың.

Өзегің талып тезірек түс болуын тілейсің. Түскі тамақты ішіп, ес жиып, аз да болса дамылдағың келеді. Шалғы шауып жүрген Ырысбек жаққа әлсін-әлсін қарағыштап соның бір ауыз сөзін зарыға күтеміз. Түс болғанда ол сағатын қолына алып, ылғи:

− Демалыс! — деп айқай салады бәрімізге. Сол кезде қолдарымыздағы шалғы-орақтарымызды жеткен жерлерімізде тастай-тастай береміз.

Шалғышылар мен орақшы балалар екіден-үштен бірігіп, шөпті қалыңдап жауып, бір-бір күрке жасап алғанбыз. Соңымызға кеп дамылдаймыз. Біз Нәзира әпкем екеуміз бір күркедеміз, бізден әрі Көлбай керең мен Дүрия, онан әрі Эмма мен Гүлсара, басқа бес әйел мен Әжібек бастаған балалардың бір-біріне иін тірестіріле жасалған күркелері, ең шетте Ырысбек пен Зибаштың күркесі.

Ырысбек күркесіне жете бере домбырасын қолға алады. Осы күні өзі бұрынғыдай мұңаю, күңірену дегеннің бәрін қойған. Көбіне «Краковякты», немесе сол сияқты басқа да көңілді ән-күйлерді ойнайды. Домбыраны шанағынан тық-тық-тық… дегізіп шертіп қойып отырып:

Тира-ри-ра ри-ра-ра,

Три-ра-ра-ра ра-ра-ра…

Русский, немец и поляк

Танцевали краковяк.

Триля-ли-ли ля-ля-ля

Трайля-ли-ля ли-ля-ля… –

деп сампылдап әндетіп жөнеледі. Шөп күркелеріміз шошаң-шошаң етіп билеп тұрғандай боп көрінеді. Күй ырғағына еріксіз елігіп, тапыр-тұпыр билегің кеп кетеді.

Мұнан кейін Ырысбек Зибашқа арнаған әндерін айта бастайды.

Зибаш-ай,

Қасыңның қара қиғашы-ай,

Құрбыңды, қалқам, сыйлашы-ай…

Күрке-күркемізде отырып мәз боп күлеміз, шаршағанымызды ұмытқандай сейіліп қаламыз.

− Жынды ғой… нағыз жындының өзі…- деп Нәзира әпкем басын шайқап күле береді.

Көп күттірмей ауыл жақтан ырғатылған өгіз арбамен түскі тамағымыз — сүт қатқан (кейде ішінде еті де болады) кеспе көже келе жатады.

Түскі тамақты ішіп, аз-кем тыныстап алғаннан кейін жұмысқа қайта кірісеміз. Тағы да мұнартқан аспан. «Жжу-жжу»… еткен шалғының, орақтың сыбыстары, сыңғырлаған мысық мұрт астық, бір орыннан жылжымай мөлиіп тұрып алған күннің көзі, тызылдаған алақан… көз алдың бұлдырап, басың айналады… Күн батпай, кеш түспей зарықтырады-ау, тағы да. Әбден сілеміз құрып, титықтап кеп, күркемізге жете бере құлаймыз. Ымырт кезінде тағы да сүт қатқан кеспе көжені алып өгіз арба жетеді…

Апам келіп, орылған жерді саржамен өлшеп, кім нормасын қанша орындағанын айтады. Сонсоң өзі қонаға Нәзира әпкем екеуміздің қасымызда қалады. Түн салқын. Киімшең күйімізде қисая кетіп, үйден әкелген ескі көрпе мен ішік-тондарға оранып, төңірегімізді шөппен қалыңдап қымтанып аламыз. Қураған шөптің арасында ермені болса көпке дейін пысқырынып-түшкірініп жатып ұйқыға кетеміз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий