Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− Жақсы,- дедім мен пальтоның жағасына тұмсығымды тыға түсіп міңгірлеп. Егер апам: қанша «бесің», қанша «төртің», қанша «үшің» бар деп, қазбалап сұрай бастаса, әрине, таяқ жейтінім анық. Өйткені бұл тоқсанда «үштерім» көп еді. Сондықтан мұнан әрі сұрамаса екен деп қылпылдап Жаным шығып отыр. Апам қазбалаған жоқ.
− Оқуыңды жақсы оқысаңшы, балам,- деді де қойды. Онан соң белін тас қып орап, қырманға кетуге жинала бастады. Әжеме: — Мына Нұрсұлудың үйіне бағанағы астықтан бірер шелек кіргізіп беріңіз. Балалары ашығып қалмасын,- деді.
Сөйтіп, апам түс ауа қырманға кеткен, ертеңіне таңертең күн шықпай жатып есігіміздің алдына аттандап Көлбай керең жетті:
− Ойбай!.. Ойбай!.. Айрылдым Бағиладан! Айрылдым!.. Ойбай!..
Біз төсегімізден ұшып-ұшып тұрдық. Үйге апыр-топыр ауылдың қатын-қалаш, кемпір-шалдары толды да кетті.
Кейіннен Көлбай кереңнің үлкендерге апамның өлімі туралы айтқан әңгімесін әлденеше рет естідім: түн жарымында қырманға тұтқиылдан салт аттысы бар, арбалысы бар бір топ адам cay ете қалады. Ес жиғызбастан Көлбай кереңді бір-екеуі кеп бас салады. Апам оқтаулы мылтықты ала сап кезене бергенше, біреуі оны сойылмен ұрып жығады. Көлбай кереңнің аузына шүберек тығып, қол-аяғын артына қайырып байлап тастайды. Өздері арбаларына сықап астық тиеп, аттарына теңгеріп тайып тұрады. Көлбай керең таң атқанша байлаулы күйінен тырп ете алмай жатады. Тек ертеңгісін қырманға бірінші барған Байдалы шал босатады. Менің апам со түндегі сойыл тигенде қызылға етпеттей құлаған жерінде жатыр екен. Барып қозғап көрсе әлдеқашан жан тәсілім етіпті, сойыл қате тиіп қарақұсын айырып жіберген екен.
ЕКІНШІ БӨЛІМ. ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ
Әкеден де, шешеден де айырылған жетімдік тақсіретінің аяздай қарығанынан ба, сол жылғы қыс айрықша қатал, қытымыр болып еді. Есіме алсам, жон арқам күні бүгінге дейін сырқырайды.
Қар қалың жауды, кейбір жатаған үйлерді төбесімен бірдей ғып басып тастады. Есік алдындағы қар күресіндері кішігірім ақ таулар боп жоталанып, күннен-күнге биіктей түседі. Ырысбек болса енді бізді жазалаудың тағы бір жолын тапты. Бірдеңеден жазып кінәлі боп қалсақ, яки айтқан тілін алмасақ, сирағымыздан ұстап тік көтеріп алады да, сол күресін қарға басымызды төмен қаратып шанша салады. Мойны-қойнымыз қарға толып, тұншыға, қашан өзі суырып алғанша, аяғымыз көкке қарап тыпырлап тұрғанымыз. Бұл жазаны балалардың бәрінен де көп тартқан мен болдым.
Ырысбек аяқ асты Нәзира әпкеме үсті-үстіне хат жазатынды шығарды. Және ол хаттарын басқа біреуден емес, ылғи менен беретін. Мұнан өткен қорлық болсын ба?! Мен, әрине, әуелгі кездері оның бұл басынғанына намыстанып, хаттарын тасуға көнбей қиқарланып баққам, екі-үш күн қатарынан Ырысбектің қолына түскен жерде күресін қарға төбемнен шаншылып тыпырлап тұрып жаза тарттым, тіпті тұншығып өліп кете жаздаған кездерім де болды. Ақыры ол дегеніне көндірді. Көнбей қайда барам, мені қарға тірідей көміп өлтіріп тастаса, бүкіл ауылда Ырысбектің қолынан ара түсіп құтқарып алар бір адам жоқ. Колхоз бастық Нұғыман болса аурулы, төсектен тұрмайды, Көлбай керең сонау күздегі оқиғадан кейін Ырысбек десе жанынан безеді, бас көтерер жалғыз Байдалы шал еді, ол да Ырысбекпен бірге қалаға бір жолы барып келгеннен кейін, «пәледен бес шақырым аулақ» жүретін болды. Екеуі екі ат-шанамен колхоздың астығын сатуға кеткен, төрт күннен кейін қайтып оралды. Ауылға кіре бере Байдалы шал шанасынан қарғып түсіп, Ырысбекті бишіктің астына алды-ау дейсің. Сыбап боқтап жүр.