Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
Шынында да, май су өткізбейді ғой, майласам майлап алайыншы деген ой келді маған да, Әжібектің үйі — ауыз үй, түп үйден тұратын аласа ғана ескі кірпіш там. Әжібек жалғыз өзі ғана тұрады. Тұрады деген тек аты ғана, әйтпесе Әжібек ауыл үй арасы ағайын-туғандарын аралап, әркімдікіне бір қонып жүреді. Соңғы кезде көбіне Ырысбектің үйінен шықпайтын. Шешесі өлген екі жылдан бері үйдің күйі мүлде кетіп-ақ қалған. Көктем, күз төбесінен су өтіп, іші үнемі сыз тартып, көгерген иіс тұсынан өткен адамның жүрегін айнытады. Алайда Әжібек мұның бәрін уақытша дейді. Әке-шешесінен қалған азын-аулақ дүние-мүліктерін анда-санда далаға шығарып қағып-сілкіп, онан соң қайтадан буып-түйіп қояды. Балаларды ұйымдастырып үй ішін сыпыртып, жинастырып, қыс кезінде күніне бір уақыт от жағады. Өзі: «Әлі он сегізге толып, үйленетін кезімде бәрі керек болады ғой»,-дейді. Дәл қашан және кімге үйленетінін әзірге өзі де білмейді. Осы күні бұрынғыдай: «Зибашқа үйленем»,- дегенін қойған. «Жас қыздардың біреуі ер жетер оған дейін»,- дейді.
Қазір үйінің мұржасынан будақтап түтін шығып жатыр.
− Үйде Қайрат пен Бәтен бар, деді.
Біз кіргенде, көгерген иіс пен түтін сасыған үйдің ішінде Қайрат пен Бәтен қарамай толы үлкен шелекті орталарына қойып, шарықтарын шылқытып майлап отыр екен. Кішкене қазанда сақылдап бірдеңе қайнап жатыр, оның да тәтті бір иісі білінеді, кәдімгі жас сорпаның иісі.
− Маладестер! Енді сендердің шарықтарыңнан су өтіп көрсін! — деп мақтап қойды Әжібек.- Кәне, Қанат, сен де майлап ал шарығыңды.
Әлгі екеуінің қатарына отыра қап мен де шарығымды майлауға кірістім. Ал Әжібек болса қолына кәкпір алып, қазандағы қайнап жатқан жұдырықтай кесек етті шығарып пышақпен шетінен кесіп жеп көрді де, қайта салды. Біз үшеуміз шарықтарымызды қоя сала, сілекейлеріміз шұбырып оның аузына қарай қалған екенбіз.
− Әлі піспепті,- деді аузындағысын малжаңдай тұрып. Онан соң біздің телміре қалғанымызды ұнатпай:
− Әй, көксоққандар, болыңдар енді,- деді әмірлі үнмен: — Бүгінше мына ет әбден піссін. Өзі кәрі малдың еті ме, немене, әлі тастай қатты. Ал сендер шарықтарыңды майлап алыңдар да, қайқайыңдар үйлеріңе. Ертең сендерге бір-бір жапырақ алып қоям. Үйлерің бар, аш емессіңдер ғой, ауыз тисеңдер де жетер.
Біз шарықтарымызды шылқыта майлап үйден шықтық. Ә деп табалдырықтан аттағаннан бастап-ақ үшеуміздің бірінен-бірі күлкілі аюдың табанындай іздеріміз ақ қардың бетінде аймандай боп баттиып-баттиып қалды. Біраз жүріп барып қайырылып қарағанбыз, іздеріміз тура бір қора қой шұбырып өткендей қап-қара ала боп жосыла түсіпті. Қалай болар екен деп шарықтарымызбен еріген қарды оңды-солды ойқастай кешіп көргенбіз, майдың аты май ғой, шіркін, бұрын шарығымыздың ұлтарма тігістеріне жабыса кететін жентек қар енді тіпті жұғысар емес.
− Қазір мына шарығымызбен су кешсек те өте қоймас.
− Кешіп көрер ме еді өзі?!
− Қай жерде су бар?
Ары-бері омбы қарды ойқастай кешіп іздестіріп көріп едік, бірақ қыстың күні су қайдан табылсын, шұңқырлар мен арықтар тегіс қалың қар астында қатып жатыр. Өстіп мәз боп келе жатқанымызда, тас қойма жақтан торы жорғамен құйғытып шыға келген Байдалы шал біздің ізімізді кесіп өте бере, кілт атының басын тартып қайырыла бұрылды, ақ қарға түскен ізімізге, онан біздің шарықтарымызға қарады да:
− Әй, иттің күшіктері, мына қара майды қайдан алдыңдар? Кәне, жандарыңның барында айтыңдар?! — деп, ақыра қамшы сілтеп, торы жорғамен үшеумізді де тапап өте жаздап төніп келгенде, есіміз шыққан біз зәре-құтымыз ұшып, бір-бірімізге тығыла ұйлығып тұрып қалыппыз.
− Қайдан алдыңдар деймін?!
Дойыр қамшы үшеумізді қоса-қабаттап бір осып өткен. Үшеуміз де шар-шар ете қалдық.
− Қайдан алдыңдар?
Дойыр қамшы басымызға қайырыла төнген.
− Әжібе-е-ек…- деді бақыра жылаған Бәтен.
− Ә, шақша бас ит!..