Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков
-
Название:Дикое яблоко / Жабайы алма
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:210
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Саин Муратбеков пришел в казахскую литературу в 60-х годах XX века. Его творчество показывает триединство человека, общества и знания. «Золотое яблоко» описывает послевоенную жизнь Казахстана, произведение рассчитано на широкий круг читателей.
Дикое яблоко / Жабайы алма - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги
− А, ну, шаңдатпаңдар!.- деді ақырып. Көзін алақ-жұлақ еткізіп алартып-алартып қойды, иығына асынған мылтығын жөндеді, қынай буынған әдемі жалпақ белдігін дұрыстап, жейдесінің етегін кейін қарай ысырып сәнденді де, онан соң жолдың тақ-тақтау жиегімен әскери тәртіпте екі қолын сермеп тастап, сарт-сұрт адымдап жүріп кетті. Етігінің табаны дүк-дүк еткен сайын өкшесіне байлап алған әдемі жылтыр темір де сәнімен шылдыр-шылдыр етеді.
− Ол шпор! — деді Әжібек біздерге түсіндіріп,- Ырысекем атты әскерде болыпты, соның белгісі.
Біз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Мұндай сәнді киімді де, мұндай сәнді жүрісті де, шпорды да тумысымызда бірінші көруіміз еді. Бәрінен де иығындағы мылтығын айтсаңшы! Ырысбектің алды-артына шығып, әр затына қызыға қарап, шұбап келеміз. Үлкендерге де таяу қалғанбыз, шыдамсыз бір-екі кемпір құшақтарын жайып ұмтылыса берді.
− О, айналайын, сені де көретін күн бар екен-ау!..
− Асылдан қалған тұяғым-ай, ата-бабаңның аруағы жебеп, аман-сау оралдың ба!..
Екі кемпір қабаттаса кеп, құшақтап сүймек еді, бірақ Ырысбек оларды қолымен сәл кейін ысырып, өзін құшақтатпады да, сүйгізбеді де:
− Есенсіңдер ме, аналар! — деді даусы гүр етіп.- Есенсіңдер ме, туған жер, ел-жұртым! -деді онан соң өзін қарсы алып тұрған көпшілікке даусы саңқылдап.
Даусы мұндай зор, ашық болар ма, әр сөзі балғамен соққандай естіледі. Екі кемпірден кейін қалай амандасарларын білмей жұрт аңтарылып қалған. Ырысбек сол шақ-шұқ етіп адымдаған күйінде олардың қақ ортасынан жарып өтіп, тура өз үйіне тартты. Ешкімге бұрылып қараған жоқ, ешкіммен сөйлескен жоқ. Енді бүкіл жұрт соңынан ілесті. Дәл есігінің алдына барғанда өкшесін сарт еткізіп тоқтады да:
− Әжібек! — деді.
Әжібек жүгіріп барып оның қарсы алдына қалшиып тұра қалды да, қолын шекесіне апарып нағыз әскерше честь берді.
− Бар, Дүрияны шақырып кел, мына үйдің есігін ашсын! — деді Ырысбек әр сөзін шегелеп бұйыра сөйлеп.- Шаңырақтың иесі өлген жоқ, аман-есен келіп тұр де. От жағып, түтін шығарсын!
Бағанадан Ырысбектің қылығына түсіне алмай дел-сал боп тұрған жұрт бір ауыздан күрсініп, көздеріне жас алды. Ырысбектің мына сөздері бәрінің де ет жүрегін езіп жіберген тәрізді.
− Алда, сорлы-ай, енді қайтсін!..
− О, опасыз дүние десеңші.
− Шіркін-ай, осы азаматты күтпеген қатынды айтсаңшы!..- деп кемпірлер мен әйелдер тағы да күңкіл-күбір сөзге көшті. Ырысбек болса ештеңені естімегендей бір қолын мықынына салып, шіреніп тұр. Аспанға қарайды, қайта бастаған күнге қарайды, онан тауға қарайды, шоқыларды санағандай қадала түседі.
− Туған жер, жеттім топырағыңа, енді өлсем де арманым жоқ,- деді тебірене сөйлеп, көзі жасаурағандай болды. Кемпірлер: «айналайын-ай!..» — десіп мұрындарын мырс-мырс тартып жылап жіберді.
Әжібек те жеткен Дүрияны ертіп. Дүрия анадай жерден тартыншақтап, екі көзі жасқа толып боталап, кілтті Әжібекке ұстата берген.
− Дүрия-ай, өзің кеп ашшы есікті! — деді Ырысбек тағы да даусын көтере саңқылдай сөйлеп.- Сүйіп алған жарым едің ғой. Неке бұзып ажырасқан жоқ едік. Өзіңнің от жаққан жерің еді, тағы да кеп өзің жақшы отты!
− Жөн-ау! Жөн-ау, Ырысбекжанның сөзі!…
Дүрия жасқана басып жақын келді де Ырысбектің алдына жеткенде еңіреп жылап, оның аяғын құшақтай құлады. Көз жасы ЬІрысбектің шаң-шаң етігін айғыздап жіберген. Ырысбек әуелде екі иығы селк-селк етіп, бет-аузы тыржиып күліп тұрғандай боп көрінген, енді бір сәтте тарам-тарам жас оның көзінен де сорғалады.
Екеуі осы бір күйде тұрды да қойды: Дүрия оның аяғын құшақтап бас көтерместен көл-көсір боп еңірейді, Ырысбек болса екі иығы селк-селк етіп, аяғынан байлаулы адамдай тапжылмайды, не еңкейіп илікпейді. Әлден уақытта кемпірлер барып, Дүрияны қолтықтап тұрғызып алды.
− Есік аш, қарағым,- деді.